ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН БАҚЫТЫН…

Ауданға танымал құрылысшы Өтежан Дайынов 1952 жылы Байда селолық кеңесінде, малшы отбасында туған. Ол 1970 жылы Ломоносов атындағы орта мектепті тәмамдаған. Мектеп қабырғасынан арман пырағына мініп, сол жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына құрылыс инженері факультетіне оқуға түсіпті.

 

Құрылыс саласындағы қырық жылға созылған қызметін 1975 жылы Гурьев қаласындағы «Қаззапсельпроект» құрылыс-жобалау институтында инженер жобалаушы болып бастайды. Мұндай мамандар ауылға да керек болғандықтан, сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Темірташев жас жігітті ауданға алдырады. Бойында жастық жігері жалын атқан Өтежанның сенімін ақтайтынын тәжірибелі басшы бірден байқаса керек, шалғайда орналасқан асылтұқымды еділбай қойын өсіретін Балқұдық кеңшарына аға прораб етіп тағайындайды. Ол аға сенімін адал еңбегімен ақтады.

Өтежан Дайынұлына 1986-1988 жылдары «Құрманғазы ауданының таңдаулы құрылыс инженері» аталынымы берілсе, 1989 жылдан 1991 жылдар аралығында халық депутаттары Азғыр селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. Ұжымшар-кеңшарлар тараған 1995 жылдан 2000 жылдар аралығында «Атырау жолдары» акционерлік қоғамының қосалқы шаруашылығын басқарды. 2001 жылдан күні бүгінге дейін жеке кәсіпкер, ІІ дәрежелі құрылыс лицензияты. Ауданның жалпы білім беру, мәдени-көпшілік, денсаулық сақтау ғимараттарын жөндеу жұмыстарымен айналысады. 2007 жылдың қорытындысымен Құрманғазы ауданының үздік кәсіпкері атанса, 2014 жылы мал шаруашылығы саласындағы жетістіктері үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облыстық филиалы, Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілері одағының Алғыс хаттарымен марапатталды. Биылғы жылы Атырау облыстық мәслихатының Алғыс хатын, Құрманғазы ауданының Құрмет грамотасын иеленгені де төккен тер мен тынымсыз еңбектің нәтижесі.

Зайыбы Гүлбарша Ерғалиева – ауыл шаруашылығының маманы, Алматы зоотехникалық-мәлдәрі-герлік институтының түлегі. Еңбекке араласқаннан бастап малдәрігерлік зертхана қызметін басқарды. Зейнетке шыққанға дейін аудан көлемінде мал басын аман сақтауға өз үлесін қосты.

– 1978 жылы жұбайым Гүлбарша Ерғалиевамен Балқұдық кеңшарында шаңырақ көтердім. Сол арадан бастап отбасылық өміріміз жалғасты. Екі ұл, бір қыз тәрбиеледік,-дейді ол ағынан жарылып.

Тұңғыштары Ризабек 1981 жылы өмірге келді. Ол ішкі істер министрлігінің Ақтөбедегі колледжін, Қостанайдағы институтын бітіріп, Алматыдағы академиясын аяқтап, Атырау қалалық ішкі істер бөлімінде, аудан орталығында 7 жылдай еңбек етті. Кейін кәсіпкерлікті таңдап, соған ауысты. Оралдың Батыс Қазақстан техникалық институтынан құрылысшы мамандығын алды. Бүгінде осы саланың білікті маманы. Отбасылы, жұбайы Әсима да жоғары білімді, екеуі қазір төрт қыз өсіруде. Екінші ұлдары Алтынбек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің заң факультетін кеден ісі мамандығы бойынша оқып бітірген. Оқу орнын аяқтағаннан кейін кәсіпкерлікке бет бұрды. Кейіннен ол да Батыс Қазақстан облысы университетінің құрылысқа қатысты факультетін тәмамдап, бүгінде мамандығы бойынша қызметте. Келіндері Самал Мырзағалиева да – жоғары білімді экономист, қазір жеке кәсіпкерлікте. Атырау қаласында тұрады. Күйеу балалары Ренат – инженер, мамандығы бойынша жұмыста. Қыздары Албина заңгер. Олардан екі жиендері бар.

Ганюшкинде салынған 650 орындық «Шаңырақ» атты тойханалары бар, үлкен келіндері сонда еңбек етеді. Былтыр жаңа жыл қарсаңында ашылған кең сарайдай ғимаратта ауылдастарының сұранысын қанағаттандырып, қызметі халық көңілінен шығуда. 30-дан аса адамдарды жұмыспен қамтыды.

-1995 жылдан бастап осыған қосымша мал шаруашылығымен де айналысып отырмын. Азғыр өңірінде 2012-2013 жылдары мүйізді ірі қара малын көбейту бағытындағы жұмыстарымызды жақсарту үшін «Сыбаға» бағдарламасымен несиеге 150 бас сатып алдық. Бұрын Балқұдық кеңшарына қараған Қоянды өңірінде де осындай жұмыстар жасаудамыз. Мұның бергі жағында 2014 жылдан бастап еділбай қойының асылтұқымды қошқарын алып, селекциялық жұмыстарды бастадық. Мыңның үстіндегі еділбай тұқымды қойды асылдандырмақпыз. Қиындық та жоқ емес, екі араның шалғайлығына биыл қуаңшылық қосылды. Жерасты сулары да тартылып, деңгейі төмендеуде. Осының бәрі ауыл шаруашылығына үлкен қиындықтар әкелуде. Әрине, мал тұқымын асылдандыруға бет бұрғаннан кейін Үкімет тарапынан да көмектер бар. Алға қарай бұл жұмыстарды дамытуға ниеттіміз. Мал бордақылау орнын ашсам деген ойым бар, – дейді кәсіпкер Өтежан Дайынов.

Әрине, қоғам болған соң түрлі жетіспейтін жағдайлар кездесетіні анық. Сондай кездерде күні түсіп алдына келгендерден жомарт жанды кәсіпкер сырт айналған емес. Аудан, ауылдық округ көлемінде өтетін түрлі мерекелік шараларға, қайырымдылық акцияларына да атсалысады. Мүгедектер мен зейнеткерлерге де қол ұшын береді, республикалық, облыстық, аудандық басылымдарға жаздырады. Міне, Дайыновтар отбасының бүгінгі тұрмысы осындай.

Қанат Ғұмаров,

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз