БИБІГҮЛ ЖЕТКЕН БИІКТЕР

Жиырма жылға жуық уақыттан бері көңілі қалаған кәсіпке әбден жетік болып, ұңғыл-шұңғылына дейін меңгерген жылы өңді, ақсары қыз алдындағы компьютерлерге қадала қарап, жүріп жатқан жұмыс процесін бір мезгілде бақылап отыр. Диспетчерлік жұмыс аса тиянақтылық пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осындай қырларымен көзге түсіп, өз мамандығының білгірі екенін көрсете білген «Қазтрансойл» АҚ Батыс филиалы Атырау мұнай құбыры басқармасы өндірістік-диспетчерлік қызметінің диспетчері Бибігүл Баямированың еңбегі еленіп те жүр. 2007 жылы ол «Магистральды құбыр көлігінің құрметті қызметкері» атағына ие болды.

 Мұнайлы өңірде туып-өскен қыз жалпы қара алтын өндірісінен хабардар еді. Жақындарынан ағасы Мергенғали Баямиров – осы саланың ғалымы, Атырау өңіріне танымал азамат. Сөйтіп, қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы №11 орта мектептен кейін Қазақ химия-технологиялық институтын «отын және күкірттегі материалдарының химиялық технологиясы» мамандығы бойынша бітіріп шыққан жас маман 1993 жылы «Қазтрансойл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының мұнай айдау стансасына тауарлық оператор болып қабылданды. 2001 жылы өндірістік диспетчерлік қызметіне ауыстырылды.

Жыл санап қарыштап дамыған биік технология қай мамандық иесінің де өзін-өзі ұдайы жетілдіріліп, алғашқы қатардан көрінуін қажет етеді. Қазіргі еңбек процесі бұдан жиырма жыл бұрынғыдан әлдеқайда бөлек. Бүгінде магистральды құбыр желілері ортақ автоматтандырылған технологиялық процесс ретінде жүріп, SCADA диспетчерлік бақылау және басқару жүйесі енгізілген.

Осы орайда, мақтаулы мұнай мекемесінің қызметкерлерінің біліктіліктерін көтеру мақсатында тұрақты түрде оқу курстарына жіберіп отыратын жақсы үрдісі барын айта кеткеніміз жөн. Бибігүл де басқа әріптестері сияқты, Уфадағы мұнай-газ институтында кәсіби біліктілігін арттырып келді.

Әрине, біздің кейіпкеріміз дайын диспетчер маман күйінде келе қалған жоқ, небір сындардан өтті, сабақ алды. Сөз ретінде ол жұмыста қолдау білдіріп, ақылшысына айналған, сенім артқан мұнай айдау стансасының инженері Кеңес Қосжанов, оператор В.Н.Безруков, диспетчер пунктіне ауысқанда қызметтің қыр-сырына үйреткен Атырау мұнай айдау стансасының бастығы С.Снхчян, тікелей бастығы Н.Р.Мишуковскаялардың есімін жылылықпен атайды.

– Бізде шәкірт тәрбиелеу жүйесі жақсы жолға қойылған. Шебер кейінгілерге білгенін үйретіп қана қоймайды, оның бойында жұмысқа деген ынта-құлшыныс пен қызығушылықтың туындауына себепкер болады,-дейді Б.Баямирова.

«Қазтрансойл» АҚ Батыс филиалы Атырау мұнай құбыры басқармасында қызметкерлерге әлеуметтік жеңілдіктер көрсету мәселесі оң шешімін тапқан. Бибігүлдің айтуынша, компанияның өз мамандарының және олардың отбасы мүшелерінің жыл сайын ерікті медициналық қамсыздандыру шығынын мойнына алуы – кез келген шаңыраққа кәдімгідей көмек. Бұл –  кәсіпорынның еңбек етіп жатқан жандардың денсаулығы мен әлеуметтік ахуалына бейжай қарамайтынының айқын нышаны. Сондай-ақ, қызметкерлерінің некеге тұру, сәбилі болу жағдайларында да жәрдемақы төлеу қарастырылған. Бибігүл жұмыс орнынан берілетін жолдаманың арқасында ұлы Мараттың бірнеше рет жазғы каникулын демалыс лагерьлерінде өткізгенін сүйсіне әңгімелейді. Мұндай қамқорлық – жемісті жұмысқа ынталандырып, жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз.

Ұлттық мұнай тасымалдаушы «Қазтрансойл» компаниясының «Халықтық ІРО» бағдарламасының акционері ретінде көрінгені белгілі. Ол арқылы жеке қаражатыңды құнды қағазға салып, пайда көріп қана қоймай, мұра ретінде қалдыруға да болады. Компания болашағына күдіксіз қарап, өз қаражатын сеніп тапсырған Бибігүл Омарқызы бағдарламаға қатысушылардың бастапқы легінен көрінді.

– Мен «ҚазТрансойл» акциясын ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырамын, – дейді ол. – Акцияның бағасы өсуде, алдағы уақытта көтерілетіні айтылуда. Келешекте де акцияларға инвестиция салу жоспарымда бар. Акциялармен жұмыс істеуді қолдағы бар қаражатты көбейтуге арналған қосымша қаржы құралы деп түсінемін. Құйған ақшамызға қазірдің өзінде өнім алудамыз.

Маңызды мұнай өнеркәсібіндегі күрделі жұмыс, бір қарағанда, жаратылысы нәзік әйел затына қол еместей көрінеді. Құбыр бойындағы барлық технологиялық процесті қалт жібермей бақылап отырған диспетчердің де мойнына артылар жүк аз емес. Дегенмен, қызметін жетік білетін адам қашан да өзіне сенімді.

Әрі қарай Бибігүл Баямирова жұмысының жай-жапсары мен диспетчерлік міндетін түсіндіре бастайды:

– Мұнайды тұрба бойымен ондаған, жүздеген шақырымдарға айдау үшін насостар үлкен қысымға ие болады. Көлемді резервуарлық парктің болуы резервуарды пайдалануда техникалық, әсіресе өрт қауіпсіздігі ережелерінің мүлтіксіз сақталуын талап етеді. Өнімді жылыту үшін өнімділігі жоғары пеш пайдаланылады.

Қарап отырсақ, кісі өмірінің елеулі бір бөлігі қызмет орнында өтеді екен. Ендеше, ұнатқан, «өмірімнің мәні мен маңызын құрайтын бір бөлшегі» деп қарастырған кәсіптің тізгінін ұстау да – бір бақыт емес пе?! Бибігүлдің де бұл жағынан жолы болған осы жандардың қатарынан табыларына күмән келтірмейміз.

Көктем шуағын ала жеткен әйелдер мерекесі қарсаңында Бибігүлдің қандай сый күтіп отырғанын сұрай кеттік. «Ең бастысы, елімізде тыныштық болсын! Бейбіт өмірге жететін ештеңе жоқ» деді ол. Әйтсе де, Бибігүлдің көңілін ерекше толқытып, жылы әсерге бөлеген бір сыйлық бар еді. Ол – баласы Мараттың балабақшада жүріп анасына жасаған ең алғашқы сыйлығы. Өз қолымен салған суреті. Сәби жүректен шыққан қызылды-жасылды сол бір «туынды» мамасы үшін қай кезде ыстық!

Сөз соңында Бибігүл Баямирова барша аналарды, аруларды 8 наурыз мерекесімен құттықтап, жүрекжарды тілектерін арнады.

Құралай Қуатова,

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз