БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

«Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінде қала әкімі Серік Айдарбеков тұрғындарды қабылдады. Қабылдауға келген әр тұрғынның әртүрлі мәселесі болды, қала басшысына өз мұңдарын айтып, барынша көмектесуді сұрады. Әдеттегідей, кезекті қоғамдық қабылдауда тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың басым бөлігі - жер, пәтер мәселелері. 

Қабылдауға алғаш болып кірген қарт әжейдің баласы Орынбасар Аманжолов 2005 жылы жер телімі кезегіне тіркелген. «1960 жылы тұрғызылған ескі үйдің аядай бөлмелерінде 6 жан өмір сүріп отырмыз. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін ұлым Орынбасар 2005 жылы кезекке тіркелген, десек те, әлі күтумен келеміз. Жер берілсе, үй тұрғызып алар едік», – дейді ол. Қала әкімі Хабаровская көшесі 7 үйдің тұрғынының тілегін тыңдай отырып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлу уақытша тоқтап тұрғанын айтты.
– Бүгінде алдыңғы жылдары жер теліміне ие болған жандар әлі де инфрақұрылымсыз жүр. Алдымен, газ, су, жарық жүргізілген жерлердің мәселелері шешіледі, содан кейін ғана жер телімін бөлуді жалғастырамыз. Бұл жөнінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жылды қорытындылаған есебінде де айтып өткен болатын. Бүгінде, 2003-2006 жылдары жер телімін бөлуге түскен өтініштерді қараудамыз. Инфрақұрылым тартылған соң жер телімін бөлуді бастаймыз, – деген Серік Кенғанұлы кезегінің жақындағанын айтып, қуантты.
Келесі болып пәтер мәселесін алға тартқан Гурьевская көшесі 4-8 мекен-жай тұрғыны Вячеслав Юдин үйлерінің ескіріп, тозығы жеткенін айтады. Оның айтуынша, немересі Алексей Юдин 2000 жылы тұрғын үйге мұқтаж әлеуметтік жағынан қорғалатын осал топтарына жататын тізімге тіркелген. Бала кезінен ІІ топ мүгедегі. «Өздеріңіз де құлағдарсыздар, облыста баспана мәселесі оң жолға қойылған. Құрылыс та қарқынды жүруде. Жыл аяғына дейін үйлердің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Кезегіңіз де жақындапты, кезек саныңыз – 84. Биыл болмағанмен, келер жылы қоныс тойын тойлауыңыз да ғажап емес. Сондықтан, көбі кетіп, азы қалды», – деген шаһар басшысы пәтер тек заң аясында, кезекпен берілетінін айтып, түсіндірді.
Жамал Туғанбекова – СМП-163, 26-11 үй тұрғыны. Жары қақырап, төбесі төмен түскен тұрғынжайды паналаған ана шиеттей 4 баласы үшін алаңдайды. «Жаңбырлы күндері бір бұрышты қалқан қыламыз, әр жерден аққан су себебінен балаларымның оқу құралдары, кітап-дәптерлері ылғалданып қалады. Төбе опырылып түсе ме деген қорқыныштан түнімен кірпік те ілмейміз. Еден де жоқ, шіріп, төмен түскен. Оны жөндеу мүмкін емес. Осының кесірінен қызым да аурулы. Дәрігерлердің мұндай мекенде тұруға болмайтынын ескерткен анықтамасы да бар», – деген ол жолдасы екеуінің де жұмыссыз екенін жеткізіп, көмек сұрады. Мәселені зер сала тыңдаған Серік Айдарбеков Жамалдың да, жолдасының да жұмысқа орналасуына ықпал ететінін жеткізіп, жауапты бөлім өкіліне екі апта уақыт ішінде бұл мәселенің шешімін табуды тапсырды. Ал, жақын арада комиссия жіберіп, пәтерінің жай-күйімен танысатынын жеткізді.
Серік Кенғанұлының айтуынша, бүгінде қала бойынша, апатты жағдайдағы 39 көп қабатты тұрғын үй, 17 жатақхана тіркелген.
Тұрғындардың уәждерін тыңдаған қала әкімі өзге де баспана сұрай келгендердің біріне реті келсе жуық арада шешілетінін жеткізсе, кейбіреуіне өтініштердің комиссияда қайта қаралуын күтуге тура келетінін жеткізді. Қазір облыста тұрғын үй көп салынуда, сондықтан қала басшысы баспана мәселесінің оң жолға қойылатынын айтты.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз