БАҚ ЖӘНЕ ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК

Жуырда «Шаңырақ – 2008» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру жолында БАҚ-тың рөлі» деген тақырыпта облыстық семинар болды. Семинар жұмысына үкіметтік емес ұйым басшылары, облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

 

Семинарда сөз алған Атырау облысы әкімі аппаратының бас инспекторы Зәмзәгүл Жалмурзина мен Атырау облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сәнжан Кенжебаев гендерлік теңдік мәселесінің облыстық мерзімдік басылым беттерінде барынша мол жазылып, телеарнада шынайы көрсетіліп жүргенін баса әңгімеледі. Сонымен бірге, осы тақырып төңірегінде қалам тербеп жүрген журналистер үшін осындай бірнеше семинар өткенін айтты. Десек те, сөйлеушілер әлі де болса гендерлік теңдікті ширата жаза беру керектігін, соның ішінде әйелдер басқарып отырған ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер жұмысын барынша дұрыс көрсетуді, әйелдердің көшбасшылық қызметін көпшілікке үлгі етуді, жалпы қоғам назарын қызметте, отбасында, түрлі ортада гендерлік саясатты оңды жүргізуге аударуды ұсынды.

Ал, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Жаннат Асабаева өз сөзінде «гендерлік теңдік мәселесі балабақша мен орта мектептер қабырғасынан бастау алуы керек», деді. Сондай-ақ, ол өзі қызмет істейтін жоғары оқу орнындағыдай кафедра өзге де оқу орындарында болуы тиіс деген ойын айтты. «Егер біз зер сала қарасақ, – деді Жаннат Уахитқызы, – газет-журналдарда да, телехабарларда да ерлер туралы материалдар көп. Мұны мектеп оқулықтарынан да көруге болады: қыз балалар мен ер балалар суреттері тең беріле ме, жоқ па? Сараптама жүргізіп қарасақ, әлемдегі 193 елдің 12-сінің Президенті әйел екен. Норвегияда Парламент депутатының 44 пайызы, Швецияда 20 министрдің 12-сі – әйел. Сондықтан, біз «ондай болмақ қайда?!» деп кері тартпайық. Керісінше, 2016 жылға дейін басшы әйелдер орнын 30 пайызға жеткізуге тырысайық» – деді ол.

Шара соңында журналистер – Гүлжан Елешева, Динара Қанбетова және басқалары сөз алып, осындай семинар ұйымдастырған «Шаңырақ– 2008» қоғамдық бірлестігі төрайымы Жанар Ильясоваға көптен-көп алғыс айтты.

Лиза СЕЙТІМОВА.   

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз