ӘУЛЕТТІҢ ӘЖЕСІ

«Біз – ерте есейген буынның өкіліміз. Бұғанамыз қатпай жатып, еңбекке араластық. Балалығымыздың небір қызықты кезеңін сұм соғыстың ауыр күндеріне айырбастадық...» Артта қалған сонау күндерін еске алған әжейдің жанары жасаурап сала берді. Сол бір сұрықсыз, беймаза шақты көз алдына келтіргендей, енді басталған әңгімеміз кілт үзіліп, тыныштық орнады. Сәлден соң, «шүкірінен таймаған халықпыз ғой. Қазір ол заман келмеске кетті. Өмір өз арнасымен ағады. Мен бақыттымын» деді ол күлімсіреп...

 Құшағы қазақтың даласындай кең, жүзінен мейірім төгілген әжелерді көрсем, марқұм өз әжем көзіме елестейді. Ол айтқан әңгімелерді ертегі тыңдағандай, тізесіне жата қап, тыңдай беретінбіз. Сол сағыныштан туған сезім бе қайдам, әйтеуір кейіпкерімізбен әңгімеміз демде басталып-ақ кетті.

Қарапайым ұста Оразымбет әке мен Ұмсындық ананың отбасында дүниеге келген Қания әжей бұл күнде 85 жастан асып барады. Қазақтың «әлі тың екен» деген теңеуі осындай жандарға айтылса керек, әжей көнеден келе жатқан күйсандықтай сайрап тұр. Өткен-кеткенді саралап, сыр шертеді. Қимылы да ширақ. Қазақы салт пен ата дәстүрді ардақ тұтқан осынау ұлағатты жанның отбасында болған аз ғана уақытта «қайран біздің аналарымыз-ай» деп тамсанып қайттық.

Алдындағы қос бірдей ағасы ел шетіне жау тиген сәтте-ақ алғашқылардың бірі болып, майданға аттанғанда, бала Қания мектепте оқып жүргеніне қарамастан, кіші ағасының орнына «облсовезге» қызметке алынды. Сабақтағы алғырлығы мен жазу-сызуға жүрдектігі септесіп, жетінші сынып бітірген жасөскін екендігіне қарамастан, ел қатарлы абыройлы қызмет атқарды. Осылайша, жылдар жылжып өте берді. Тағдырдың жазуымен қарапайым коммунист Құрал Қабдешев есімді жас жігітпен көңіл жарастырып, отбасын құрды. «49-дың 31 желтоқсанында өз ұямнан ұшып, елуінші жылдың алғашқы күнінде жаңа өмірге қадам жасап, атамыздың қарындасы Қалжан анамыз бен Ислам жездеміздің үйіне келін болып түстім» деген Қания әжей қазақылық ибалығынан таймай, босаға аттаған шағынан бастап үйіндегі қайын сіңлісі мен қайын інісіне еркелете ат қойыпты. Сол үрдіс әлі жалғасып келе жатқанын көріп тәнті болдық. Аты аталған жандар бұл күнде бақилық болғанына қарамастан, әке-шешеден ерте көз жазған Жарас қайын інісін «Шырақ», қайын сіңлісі Раушанды «Еркежан» деп, бұрымынан сипап, бауырына басты.

Ері Құрал Қабдешев еңбек жолын Қазақ ССР дайындау министрлігінің Гурьев қаласындағы өкілі болудан бастаған. Алматы, Мәскеуден арнайы курстан өтіп, Гурьев облысының Шевченко, Жылыой, Қызылқоға аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізат сапасы жөніндегі аға инспекторы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары, қаржы бөлімінің инспекторы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы лауазымдарында абыроймен еңбек еткен. 1956-58 жылдары Ембі аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1958 жылдан партия шақыртуымен «Правда» колхозының басқарма төрағасы болып сайланды. 1960-62 жылдары Шымкент қаласында облысаралық совет партия мектебінде оқып, туған өлкеге оралған соң да өз саласы бойынша сан түрлі жауапты, басшылық лауазымдардың тізгінін ұстады. Елі үшін еткен еңбегі ескеріліп, бірнеше медаль-ордендердің иегері атанды. 1978 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық мемлекеттік сақтандыру бөлімінің бастығы болып еңбек етті. Қашан да басшылық қызметте жүріп, үй тірлігінен гөрі ел мүддесі үшін төккен терін жоғары бағалаған сол заманның талабына сай озық маман саналған осынау азаматтың көңілі жайлы, отбасы берекелі болуы от басы, ошақ қасындағы отанасына байланысты емес пе. Төрінен қонағы, дастарханынан дәмі үзілмеген өнегелі отбасы үбірлі-шүбірлі болып, ұрпақ сүйді. Төрт ұл, үш қызының алдын үйлендіріп, ата-әже атанғандары да күні кеше секілді еді. Амал нешік, пешенеге жазылған бұйырмыстан кім жалтарған? 56 жасқа қараған шағында ері Құрал бақилық болды. «Отағасының жұмыс бабымен бірнеше қалаларға қоныс аударып, аудан-ауылдарда тұрдық. Шырақ пен Еркежанды қолымызға алып, оларды да үйлендіріп-ұзатып, бөлек шаңырақ еткен де менің азаматым еді. Отағасының жасына жеткенде Шырақ та бақилық болды. Ол үйдегі келінім Жасбуын да өмірден өтті. Еш қызық көрместен кеткендері жаныма қатты батады» деп көзіне жас алған Қания әжейдің кейінгілерге үлгі боларлық тағы бір тұсы – отағасының есімін еш атамауы.

Қашан да барша ағайынның басын қосып, татулық пен бірлікті ту қылған  Құрал Қабдешұлының бастауымен бұл шаңырақта қалыптасқан тағы бір бұлжымас қағидат – Қания әжей – барлығының анасы. Екі шаңырақтан тараған барша үрім-бұтаққа ортақ «ақ мама» атанған, әулеттің әжесі. Ортаншы ұлы Смағұл – қазір әке шаңырағын ұстаушы. «Әдетте кіші ұлды қолында қалдырып, өзгелерге енші бермейтін бе еді?» десек, «Іштен шыққан баланы бөлмес болар. Десек те, отағасының өзі Смағұлжан деп ерекше көретін. Бақилық болар сәтінде де ұлына өз шаңырағын табыстап кеткен-ді» дейді әжей. Тұтастай әулеттің жақсы атағын асырып, ағайынмен жарасымдылығын арттыру есті келіннің ісі емес пе, мұндай бақыт осы отбасын да айналып кетпеді. Смағұл Құралұлының таңдаған өмірлік жары Гүлжаһан да – тәрбиелі отбасының өнегелі қызы. Бұл күнде анасының алдынан қия кесіп өтпей, ақ батасын алып отырған жайы бар. Осынау жасқа жетсе де кербез кейпі мен келісті келбеттің сақталуында бір сыр бар шығар деген оймен сауал тастасақ, «барлығы осы балаларымның арқасы. Бар жағдайымды жасап, бәйек болатын қолымдағы келінімді қызыма балаймын. Осы уақытқа дейін тәубе делік, бұл әулеттен ұзатылған қыздың барлығын өзім барып, ұясына қондырып жүрмін. Тек соңғы уақытта ғана жолымды Гүлжаһаныма бердім» дейді. Расында да, ағалы-інілі Құрал мен Жарастан өрбіген ұрпақ бұл күнде үлкен әулетке айналып отыр. Құрал Қабдешұлы мен Қания Оразымбетқызынан өрген ұлдары Ержан зейнет жасында, Роза есімді жарымен Атырау қаласында тұрады, немере сүйген бақытты ата-ана. Қара шаңыраққа иелік етіп отырған Смағұлы – жеке кәсіпкер. Бауыржан ұлы да келіні Гүлжанмен облыс орталығында. Нұржамал, Гүлнар, Зиға есімді қыздары да өз алдына шаңырақ болған, бір әулеттің келісті келіндері, ұлағатты ана. Орнында бар оңалар деген, осыдан төрт жыл бұрын өмірден өткен Нұрлан есімді баласының шаңырағында Әділжан атты ұлы Сәния анасын ардақтап отыр.

Жарас Қабдешұлынан өрбіген ұл-қыздары да осы үйдің бел баласындай, мейрам, атаулы күндер сайын үлкен үйде бас қосып мәре-сәре болып жатқаны. Ол шаңырақтың үлкені Серік Маңғыстауда жол қатынастары бөлімінің басшысы, Ақыл есімді жарымен бақытты ғұмыр кешсе, Аманқос ұлы – ардақты апалары «Қалжан» атындағы жеке қожалықты дөңгеленткен кәсіпкер, қара шаңырақтың иесі. Әлібегі Құлсарыда, мекеме басшысы, Света есімді қыздары мұғалімдікті меңгерген, Индерде. Бұл отбасының да Болат есімді ұлы өмірден өткен. Манарбек ұлы Айнаш анасын аялауда. 

«Отағасының ұлтжандылығы мен қазақы тәрбиеге зор мән бергенінің көрінісі тұңғыш немересі Сәлімжан өмірге келгенде оның аты-жөнін дұрыстап жазамын деп біраз шапты. Ақыры, қазақша Сәлімжан Құралов деп жазғызып, бір марқайып келгені де көз алдымда» дейді әжей. Ата дәстүрінің абыройын арттырып, қылау түсірместен, берік ұстанған Қания әжейдің сегіз келіні бар. Бүгінгі жастарға сабақ болсын деген мақсатпен отбасы берекесі туралы бірауыз айтыңызшы деп өтіндік. «Босаға аттаған келін – бір-бір үйдің қызы. Өз ошағында көрген жылулығын жаңа аттаған шаңырағынан да көруге талпынатыны сөзсіз. Сондықтан, қашан да ене жол бастаушы, нұсқаушы болуы керек. Отағасы көп тыңдап, аз сөйлейтін адам болды. Сол кісінің қатаң тәртібімен тәрбиеленгендіктен болар, мен де турашылмын. Алайда, келіндеріме еш қарсы келіп көрген емеспін. Өз кезегінде олар да алдымнан қия кеспей, «мамалап» тұрады, тіпті бір-бірінен жасырып, бар жақсысын маған тосады» дейді күліп. 

Сөз соңында арманы жайлы сұрадық. «Тәуба, Алла бергенінен жазбасын, 25 немере, 21 шөберем бар. Алайда, адамда арман таусылған ба? Смағұлымнан туған, Досымжан мен Марал есімді немерелерімді өз бауырыма салып едім, Жаратқан жар болып солардың үйлену-ұзатылу қуаныштарын көрсем деймін» деді.

Расында, арды ойлаған, отбасы берекесін сақтаған асыл аналарымыз шаңырақтың алтын діңгегі, берекесінің бастауы емес пе? Біз де ардақты ана, асыл әженің батасын алып, бір марқайып қалдық. Алла тек аналардың ізгі армандарын жүзеге асырсын!..  

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз