АР АЛДЫНДА АДАЛ БОЛ!

Сәрсенбі күні өткен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысындағы Тәртіптік кеңес отырысының күн тәртібінде  қаралған бес мәселенің үшеуі  Құрманғазы ауданының жергілікті атқарушы органдары қызметкерлеріне қатысты болды.

 

Алдымен аудан әкімі А.Барақатов ауданда өткен жыл мен биылғы бес айда сыбайлас жем-қорлықпен күрес бағытында атқарылған шаралардан есеп берді. Ол Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабының талаптарын сақтамағаны үшін – екі округ әкіміне және екі округтің маманына қатысты тәртіптік жаза қолданылғандығын, ал, биылғы бірінші тоқсанында бір тұлғаға «лауазымынан төмендету» түріндегі тәртіптік жаза алынғандығын мәлім етті. 

Тәртіптік кеңес Құрманғазы ауданының әкіміне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын жүзеге асыруды күшейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді.

Кеңес отырысында құрманғазылық бір топ мал дәрігерінен түскен арыз қаралды. Онда «Құрманғазы аудандық ветеринария стансасы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны мамандары аудандық ветеринария бөлімі басшысының    олардың ар-намысына тиетін сөздер айтып, балағаттайтыны, өзін дөрекі ұстайтындығы, соған орай  оған шара қолдануды сұраған. Осы мәселені арнайы тексерген құзырлы орган өкілі  бөлім басшысы тарапынанмемлекеттік қызметшіге жат мінез көрсету,Ар-намыс Кодексінің бұзылуы бойынша фактілердің орын алғандығын   дәлелдемелерімен жеткізді.

Тексеру нәтижесі бойынша, Тәртіптік кеңес мүшелері ветеринария бөлімінің басшысына тиісті тәртіптік жаза қолдану туралы Құрманғазы ауданының әкіміне ұсыныс берді.

 Құрманғазы ауданының Ш.Уәлиханов, Ғ.Әліпов, Панфилов, Ы.Алтынсарин, Абай, Гоголь, Ә.Сәрсенбаев атындағы, Шортанбай орта мектептері директорлары мен Крупская атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына  жеке немесе заңды тұлғаларға олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда көрiнеу кедергi жасағандары үшін тәртіптік істері қаралды. Кеңес отырысында  аудандық білім бөліміне мектеп директорларын қызметінен төмендету түріндегі тәртіптік жазаға тарту туралы ұсыныс енгізілді.

Тәртіптік кеңес отырысында Исатай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Е.Дүйсеновке қатысты тәртіптік іс қаралды. Прокурорлық тексеру нәтижесінде анықталғанындай, аталған бөлімде азаматтардың тұрғын үйлерін жекешелендіру жөніндегі арыздары заңға сәйкес бір ай ішінде емес, бір жарым-екі айдай уақытқа созылады. Ал, бөлім басшысы мен бас маманның қызметін қоса атқарып жүрген Е.Дүйсенов өз әрекетін «Селоішілік күрделі жөндеу жұмыстары мен қысқы дайындық мәселелері бойынша жылдық қаржыны игеремін деп жүріп, арыз қарауды мерзімінен кешіктіріп алдым» – деп түсіндіріп, алдағы уақытта орын алған кемшіліктерге жол бермейтініне сендірді.

Исатай ауданының әкіміне Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының талаптарын бұзғаны үшін бөлім басшысының міндетін атқарушысына тиісті тәртіптік жаза қолданып, кемші-ліктерді алдағы уақытта болдырмау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізу және оны қатаң бақылауға алу ұсынылды.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз