Жүрек аурулары жас талғамайды

cf526284cf89794a8fb5db6525dff969 L Медицина

Соңғы кездері жүрек-қан тамырлары дертіне шалдығушылар саны күрт артқан. Бұл жөнінде адам жанының арашасы болған дәрігерлер аурудың алдын алу қажеттігін айтып, қанша дабыл қаққанымен, бүгінгі жағдай мәз емес. Жалпы, қазір оның асқынуына не себеп? Ағзадағы сыңары жоқ жалғыз жүректі қалай сақтаймыз? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздедік.

cf526284cf89794a8fb5db6525dff969_L

Салғырттық сан соқтырады

Күнделікті күйбең тіршілікте адамдардың емдеу мекемелерінде тексеріліп, өз денсаулығына аса мән бермейтіні рас. Қарбаласта үнемі терең ойда жүріп, күйзеліске душар болады. Ашушаңдыққа бой алдырып, уақытылы тынығу мен дұрыс тамақтану да қалыс қалады. Ақхалаттылардың айтуынша, мұндай жағдай жүрек-қан тамырлары ауруларына душар етеді.

– Бұрын ата-бабаларымыз шұбат пен қымыз ішіп, үнемі қозғалыста жүрді. Ал, қазір құнарлы тамақтан гөрі сапасыз  ас өнімдеріне бет алдық. Шөлімізді табиғи емес, газдалған, энергетикалық сусын мен какао, кофеге қандырамыз. Оңай, әрі тез дайындалатын фаст-фудты тұтынамыз. Сондай-ақ, дене қозғалысы азайып, қимылсыз қызмет атқару әдетке айналды. Тізе берсек мұндай себептер көп. Алайда, қарапайым өмір салтын жиі бұзғандықтан  жүрек ауруларының көбейіп тұрғаны шындық, – дейді облыстық «жедел жәрдем» стансасы кардиологиялық №1 бригадасының дәрігері Лаура Жанысбаева.

Бұрын жүрек-қан тамырлары ауруларына егде жастағылар шалдығатын. Ал, қазір аталған дерт жас талғамайтын жағдайға жетті.

«Биылдың өзінде 25-30 жас аралығындағы миокард инфарктісіне шалдыққан екі жігітке медициналық көмек көрсеттік. Оның бірі «жедел жәрдем» қызметіне ауру белгілері байқалған сәтте емес, төрт-бес сағат өткізіп хабарласты. Қоңырау түскен соң жедел жетіп, тексерген кезде инфаркт диагнозы қойылды. Ауруханаға жатып, қажетті емін толық алып шыққан науқас қазір дәрігердің бақылауында», – деді Лаура Қырықбайқызы.

Қауіпті дерттен қорғаныңыз!

Мамандардың сөзінше, инфаркт – бұл жүректегі қан тамырларының бітелеуі. Егер майда тамырлар бітелсе, оны амбулаторлы жағдайда емдеуге болады. Ал, ең қауіптісі – ірі тамырдың тұтас бітелуі. Бұған қырықтан асқан ер адамдар көбірек шалдығады. Әсіресе, вахталық әдіспен қызмет ететіндер дертке душар болуда. Әйелдер арасында ауру түрі қимыл-қозғалыссыз қызмет жасайтындар мен тұрмыс жағдайы нашарларда кездесуде. Ең өкініштісі, балаларда туабітті жағдайлар бар.

«Инфарктіге әкелетін бірден-бір жайт – қан қысымы мен қант диабеті, ишемиялық жүрек ауруларының асқынуы. Бұл бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналды. Оның алдын алу үшін қан құрамындағы холестериннің артпауын қадағалау қажет. Бұл ретте майлы тамақтардан бас тартып, шылым шекпей, спирттік ішімдіктерден арылу маңызды. Барынша күйзеліске жол бермеу қажет. Миокард инфарктісінен қайтыс болғандардың көрсеткіші биыл бүгінге дейін 5,14 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың осы мерзімінде 6,24 пайыз болды. Инфарктінің алдын алып, асқынуына жол бермеудің ең басты жолы – коронарографиялық тексерістен өту. Тамыр бітелген жағдайда қажетті ем мен отаны дер кезінде жасаған жөн», – дейді облыстың штаттан тыс кардиологы Жанар Оралбекова.

Кардиологтың бұл пікірін облыстық «жедел жәрдем» стансасының бас дәрігері Гүлнәфис Таңбаева да қуаттайды. Оның айтуынша, жүрек-қан тамырлары аурулары еліміздегі өлім-жітімнің басты себепкері екені рас. «Аталған дерттің асқыну көрсеткіштеріне «жедел жәрдем» қызметіне түскен қоңыраулар саны дәлел. Өткен жылы жалпы тіркелген қоңыраулардың 204-і миокард инфарктісіне байланысты болды. Ал, биыл сегіз айда мұндай 143 қоңырау қабылданды.

«Былтырғы 204 жағдайдың 34-іне жедел жіті короналдық синдром, 22-сіне тромболитикалық препарат қойылды.  Биыл 143 жағдайдың 46-сы тромболитикалық терапия жасауды қажет етіп, ауруханаға жедел жеткізілді. Облыста жүрек-қан тамырлары ауруының асқынғаны соншалық, бір күнде қабылданған 537 шақыртудың 57-сі – қан тамырлары ауруларына қатысты шағым. Соның ішінде қан қысымының көтерілуіне байланысты 51 шағым түссе, қалғаны инфаркт, ми қан айналымы, жүректің ишемиялық ауруларына байланыстырылды. Бұлар ауруханаға жедел жеткізілді. «Жедел жәрдемге» кеш хабарласқанның салдарынан инфарктен өткен жылы – екі, биыл бір адам қайтыс болды», – дейді Гүлнәфис Таңбаева.

Осылайша, адам өліміне себепші болатын жайттың бірі – медицина мамандарына уақытылы қаралмай, ауруды асқындыру. Осының салдарынан науқастың ағзасы ешбір дәріні қабылдамай, дәрігер де науқастың өмірін сақтап қала алмай жатады. Енді аурудың алдын алу үшін қайтпек керек?

Сіз не дейсіз?

Күлшара ЖҰМАҒАЛИЕВА, Атырау қалалық №5 емхананың директоры:

Денсаулық – басты байлық

– Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жылына кем дегенде бір рет дәрігерлік тексерістен өтуі маңызды. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген медициналық көмек шеңберінде тексеруден тегін өтуге болады. Мәселен, флюорография, қан және несеп талдауларын, қандағы холестерин мен қант мөлшерін, көз іші қысымын тексерту қажет. Нәтижесінде қандай да бір ақау табылып жатса, жоғарыда аталғанындай тегін ем-дом қабылдауға болады. Себебі, бірқатар созылмалы сырқаттар аталған пакет шеңберінде тегін емделеді.

Тобықтай түйін:

Қайғылы жағдайларға душар ететін дерттердің «үздік» бестігіне еніп үлгерген бұл ауруға бейжай қарауға болмайды. Егде жастағылар өз алдына, жастар да, жүкті әйелдер де бұған баса маңыз бергені абзал. Ендеше, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздесек игі.

Алтыншаш Құрмашева

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз