Сурет әлеміндегі Абай мұрасы

whatsapp image 2021 10 06 at 18.28.29 Мәдениет

Атырау қаласында  облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен республикалық суретшілер симпозиумы өтуде. Танымал қылқалам шеберлері – Айнабек Оспанов, Жанұзақ Мүсәпір, Сейсенхан Маханбетов және Динара Нүгер аталған шараның мақсатын баспасөз мәслихаты барысында таныстырды.

-Бұл республикалық шараға 20 өнер өкілі қатысады. Олар өз туындыларында ақын шығармаларына кеңінен тоқталып, сол арқылы қазақ халқының тұтас болмысы мен салт-дәстүрін кесіндеме өнері арқылы халыққа жеткізетін болады. Мұндағы мақсат – Ұлы ақынның шығармашылығын кенеп бетінде жаңаша іске асыру, қара сөздерінің мәнін түрлі-түсті бояулар арқылы насихаттау, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айнабек Оспанов.

Мәртебелі мейманның бірі – Сейсенхан Махамбетовтың айтуынша, симпозиум суретшілердің тәжірибе алмасуына, осынау өнердің келешегіне, жас қылқалам шеберлерінің шыңдалуына үлкен ықпал етеді.

-Өнер – халық тарихының шежіресі. Сөз, бейнелеу өнері адам өмірінің сан ғасырлық тарихынан көп нәрсе көрсетіп, алуан түрлі сыр шертеді.Біздің қазақ суретшілері жоғары деңгейге өсіп, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа келбетін қалыптастырады, – деген суретші-кескіндемеші Жанұзақ Мүсәпір Абай шығармаларын бейнелеу өнері арқылы өскелең ұрпаққа аманат етіп жеткізу әр суретшінің азаматтық борышы екенін тілге тиек етті.

Ал, өнертанушы, халықаралық форумдардың кураторы Динара Нүгер тақырыпқа Ділдә мен Әйгерімнің өмірін суреттегенін айтады. Суретші өзінің туындысында шығарманың тіршілік болмысын түйсіне отырып, лирикалық сезім мен ұлттық менталитет, ондағы философиялық ұғымды таныту мәселесін мақсат еткен.

Атырау қаласында  облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы республикалық шараның Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқанын еске салды. Симпозиум 8 қазанға дейін жалғасады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз