Баннер 9 мая от газеты Атырау

1 доллардан – екі есе пайда

tptppr Экономика

Мұнайдан бөлінетін ілеспе газдан түрлі өнім шығарылады. Айталық, күнделікті тұрмыста қолданып жүрген пластик ыдыстар мен қаламсаптың, үстіміздегі көйлек-көншіктің құрамында полиэтилен мен полипропилен бар. Демек, ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған қазыналы өңірде полиэтилен өндіретін зауыт салудың маңызы зор.

Стратегиялық маңызды өндіріс

Иә, бұрын көп айтылғанымен, жүзеге аса қоймаған жобаға бүгінде жан бітті. Жақында елордада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев «СИБУР» ЖШҚ басқарма төрағасы, бас директоры Михаил Карисаловпен және China Petrochemical Corporation (Sinopec) президенті Джао Донгпен кездесіп, мұнайлы өңірде салынатын зауыттың жобасын талқылады. Жаңа өндіріс орны Қарабатандағы арнайы экономикалық аймақтың аумағында, Теңіз кен орнына жақын жерден бой көтермек.

Жобалық қуаты жылына 1,25 млн. тонна полиэтилен өндіруге жететін алып зауыт стратегиялық маңызға ие. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қазақстанда ең ауқымды газ-химия жобасын табысты іске асыратынымызға сенімдіміз. Бұл жобаның ел экономикасы үшін орны ерекше болмақ,-деді М.Мырзағалиев.

Былтыр Бейжің қаласында мемлекет басшысының қатысуымен «ҚазМұнайГаз», «СИБУР» және Sinopec компаниялары полиэтилен өндіру жобасына қатысу үлесін сатып алу-сату шарттарына қол қойған еді. Міне, сол уақыттан бері бірнеше кәсіпорынмен ынтымақтастық байланыс орнатылды. Олардың қатарында мұнай-газ химиясы саласында тәжірибесі мол Tecnimont компаниясы да бар.

Полимерге сұраныс артып келеді

Мамандардың айтуынша, әлем «жасыл экономиканы» қолдағанымен, полиэтиленге сұраныс жыл сайын артып келеді. Мәселен, ішкі нарыққа жыл сайын 240 мың тонна полимер қажет. Оның 67 мың тоннасы – полипропиленге, 173 мың тоннасы – полиэтиленге тиесілі. 2030 жылға қарай полиэтилен мен полипропиленге сұраныс екі есе өсіп, жылына 400 мың тоннаны құрамақ.

Полиэтилен бірқатар тұрмыстық, өнеркәсіптік өнім мен тауар өндірісінде қолданылады. Айталық, күнделікті тұрмыста қолданып жүрген заттардың көбі осы полимерлерден жасалады. Азық-түлік қаптамаларын айтпағанның өзінде, коррозияға тез ұшырайтын шойын құбырларды полиэтиленнен жасалатын құбырларға ауыстырғанымызға да біраз болды. Медицина саласына қажетті шприцтар мен пробиркалар, протез бөлшектері, ұшақтардың ішкі қаптамалары, тіпті брондалған кеудешені қазір сол полиэтиленнен жасайды. 

Полиэтилен – газ құрамындағы этаннан өндіріледі. Ал, Теңіз, Қашаған кен орындарындағы газдың құрамы «этан, пропан, бутан» сынды құнды фракцияларға бай. Мысалы, Теңіз кенішіндегі ілеспе газ құрамындағы этанның салмақ үлесі 14 пайызды құрайды. Шет мемлекеттерде егер газ құрамындағы этанның үлес салмағы 5 пайыздан асса, оны мұнай-газ химиясы өндірісі үшін пайдаланады. Бір сөзбен айтқанда, сүттің қаймағын айырып алғандай, газ құрамындағы құнды фракцияны айырады. Қазақстан көмірсутегі шикізатының қорына бай болса да, сол көмірсутекті терең өңдеу арқылы алынатын полимер өнімдерін сырттан импорттап келген еді.

Елімізде газ арзан

Ал, Shell болжамы бойынша сұйытылған мұнай газына әлемдік сұраныс 2040 жылға қарай 50 пайыздан асады. Егер Қазақстан ТМД-ға бағаны одан әрі жасанды түрде тежеуді жалғастыра берсе, оның ішкі нарықтағы тапшылығы жыл соңына қарай 20-25 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғаюы мүмкін.

 Energy Analytics телеграм-каналының мәліметінше, газ тұтыну көлемі жылдан жылға өсуде. Мамандар мұның себебін елімізде автогазбен жүретін көліктер санының өсуімен байланыстырады. Мәселен, 2021 жылы олардың саны 313 мың болса, былтыр 582 мыңнан бір-ақ шыққан. Оның үстіне, бүгінде үйлердің бәрі көгілдір отынмен жылытылады. Ал, қазақстандық газ арзанға бағаланады. Айталық, ең бай газ қоры бар Ресейде оның бір литрінің құны – 165 теңге, Әзербайжанда – 171 теңге, Тәжікстанда – 273 теңге тұрады екен.

Сол себепті, сұйытылған газды қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімдерін өндіру үшін шикізат ретінде пайдалану тиімдірек. Әлемдік тәжірибеге сүйсенсек, мұнай-газ химиясына салынған 1 АҚШ доллары экономикада 2-3 есе өсім береді. Сондай-ақ, әрбір кәсіпорында 7 жаңа жұмыс орнын құруға оң сепігін тигізеді. Әрбір қайта бөлу кезінде мұнай-газ химиясы үлкен мультипликативті әсер береді. 5-ші қайта бөлуден кейін (газ → этан → этилен → полиэтилен → полиэтилен өнімдері) өнімнің құны шамамен 20 есе өседі.

Р.S: Еліміздің ішкі нарығында сұйытылған газ өндірілетін бағасынан төмен құнға сатылып отыр. Әрине, оның екінші жағы да бар. Өйткені, бұл жерде халықтың әлеуметтік ахуалын да ескеру керек. Қайткен күнде де ел қазынасына еселеп пайда әкелетін полимерлер өндірісін дамыту өмірдің қажеттілігіне айналды.

Айбөпе САБЫРОВА

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз