Баннер 9 мая от газеты Атырау

Тіліміз қойыртпаққа айналып барады

i pappt Қоғам

«Слм», «Калайсн?», «Жаксн ба?», «нестеватсн?», «Келятрм», «жазватрм». Желідегілердің жағдай сұрасқан хаттары. «Раха» деп алғыс айтатындарын қайтерсің…  Иә, бұл біздің бас ауыртар басты проблемамыз. Сөйлей де, жаза да білмейтін ұрпақ өсіп келеді бүгінде. Бұл-бұл солардың тілі.

Бұрын «н» мен «ң»-ды айыра алмайтын жастардың өсіп келе жатқанын айтып жүр едік. Енді қазақ боламыз деп жүргенде түсініксіз сөздер кіріп жатқан секілді. Олай дейтініміз, дауысты әріптерді жазбай, дауыссыздардан сөз құрап, бір-бірімен тілдесетін ел ертеңі өсіп келеді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. …Біздің заманымыз – жазу заманы, жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман»  депті. Бір ғасыр бұрын жазылып, өз дәуірінің «сыздауығын» сылып айтса да, бұл «қорқыныш» бүгін де маңызын жоймай, алдымыздан көлденең шыға келді.

–  Бұл сауатсыздықтан гөрі, салғырттыққа келетін секілді. Содан кейін жастарда еріншектік басым. Сөзді әріптерімен түгендеп жазуға жалқаулықтары жар бермейді. Кейінгі кезде байқап жүрмін, мұғалімдер де ватсапп чаттарында  «жеп» жазуға әуес. Мүмкін, уақыттары тығыз шығар. Десек те, «балық басынан шіриді», әліппені үйрететін ұстаздарымыз әріптерден «үнемдемесе» екен.

Қазіргі жастарға бір-бірін түсінсе болды, емледегі қатеге бас ауыртпайды. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен»  жүрсе жетеді. Мұндай қылық бізге жат. Өз ана тіліңді олай қорлауға әсте болмайды. Бұл «өкінішті» деп сөйлейтін жағдай емес, бұл қорқынышты. Бұлай жазу бара-бара етімізге сіңіп кетпесе игі. Әлеуметтік желілерде қазақша қате жазылған сөз жіберілмейтін болса… Сондай функция ойлап табу керек те, Цукербергке ұсыныс беру керек болар… Мұның жолын басқалай қалай кесуге болады? – дейді бізбен ойымен бөліскен қоғам белсендісі, ақын Ақан Серік.

Ал, Индер ауданы Қалам Есқалиев атындағы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Жалмұқашеваның пікірінше, қазіргі қазақ жастарының тілі кірме сөздерді, көбіне көп орыс тілінен енген жаргон сөздерді ауызекі тілде көп қолданудың нәтижесінде шұбарланып кетті. 

– Оның бірден бірі дәлелі ретінде ватсап желісінде жиі қолданылатын «нестватсың?», «инет» (ғаламтор), сущняк (сусын), прв ( привет) деген сияқты көптеген жаргон сөздерді айтуға болады. Менің ойымша, бұл сөздер тілдің шұбарлануы ғана емес, болашақ жастардың тіл байлығының да жұтаңдануынан хабардар етеді деп есептеймін. Тіл ғылымында бейәдеби сөздерге жататын осындай паразит сөздер мен қалыпты сөзден ауытқыған мұндай сленгтерді жиі қолдануға өз басым қарсымын. Мұндай сөздер жастар арасында 50 пайыздық көрсеткіштен жоғары қолдану белең алып, бірте-бірте әдеби сөздерімізді қолданыстан шығару қаупі бар деп білемін, – деді ол.

Ұлттық құндылығымыздың қасаңданып бара жатқаны жанға батады. «Отырққо», «баратырқ», «келатырқ», «цүнікті», «керекпес», «қаншау». Құрғыр құлақ осындай сөздерді де естіді. Тіліміз кәдімгідей дімкәс халге жеткендей, мұның алдын алмаса өзегінен бастап құрт жеп, тамырын да түгей салатын түрі бар. Мұндай сөзбұзушылықтар өріп бара жатқанына көз жұма қарасақ, кеселдің кесірі көп.

Тілдік ортаның қалыптасуына, әсіресе, теледидардағы кейбір бағдарламалар мен ғаламтордағы сауатсыз подкасттардың әсері болуы бек мүмкін. «Бетті бастым, қатты састым. Тұра қаштым жалма-жан» деп хакім Абай осыны айтқан-ау. Тілдің шұбарланғаны – ұлтқа төнген қауіп. Соңғы кездері қазақ тілінің тазалығын сақтау, сөздің қадірін  түсіну дегенді назардан тыс қалдырып жүрген жоқпыз ба? «Ауруын жасырған өледі» емес пе, жасырып қайтеміз, мемлекеттік тілді оқытуда бірізділік жоқ. Бұл пікірге тіл жанашыры Мәншүк Хұсынова да қосылады.

– Қазір әркім өз бетімен, өз білгенімен жазатын болып алған. Атағы дардай ақпарат агенттіктері бар, белді орталық органдардың ресми ақпараттарының қазақ тіліндегі   аңдатпа, баспасөз хабарламаларында да қателіктер кетіп жатады. Соған қарағанда қоғамда тотальды сауатсыздық белең алған секілді. Мұның себебін тілдегі бірізділіктің жоғымен байланыстырамын. Әркім  өз «ережесіне» сүйеніп,  қалағанын жазған соң құлдырамай қайтеміз? Оқушыларға обал, қыркүйекті – қыргүйек, көкөністі – көгөніс деп жазып жүр. Мектеп оқулығынан бала солай оқып шығып жатса, олардан сауаттылықты қалай талап етеміз? – дейді ол.

Рас, төл сөздік қорымыз қойыртпаққа айналды. Ұлтты сақтайтын құралдың бірі – тіл. Ал, мына шатпақ жалғаса берер болса, тіл бұзылады, оның бір ұшы ұлттық санаға тіреледі, ал ұлттық сана бүлінсе, мемлекеттің тұтастығына қауіп төнетіні сөзсіз. Түптеп келгенде, әр адам әр әріптің артында ұлт тағдыры тұрғанын түсінсе екен.

Арзан әзіл, бейәдеп күлкіні қуып, тілімізді шұбарландыру да белең алып барады. Орыс тілі мен қазақ тілін араластырып сөйлеп, мода қуғандарға жақ аша алмай отырмыз. Идеологияның нақ өзі танылатын отандық киноларымыздың өзінде тіл тазалығы сақталмайды. Дені шет тілін қосып, қойыртпақ жасауға әуес. Қазақстанда түсірілген, әртістері де қазақ, отандық фильмдердің тілі ала-құла. Көше сөздері жиі байқалады. Одан соң күлдіремін деп күйдіреді, сүйсіндіремін деп сүріндіреді, білдіремін деп бүлдіреді. Емле ережелеріне шімірікпестен, сингармонизм заңы, қосымша, көптік жалғаулары дегенге бас қатырмайды. Бұл туралы «Абай ТВ» арасының бас редакторы Гүлнәр Салықбай былай деп жазады:

«Қажет», «тиіс», «керек» деген модальдық сөздердің ішінде тек «тиіс» сөзі ғана жіктеледі. Мысалы, «баруға тиіспін, баруға тиіссің, баруға тиіс». Ал «қажет», «керек» жіктелмейді. Қазір екінің бірі «бару керекпін», «баруыңыз керексіздер», т.б. деп сөйлейді. Бұл – қате.

«-Ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе» сұрау есімдіктері жалғанғанда оның алдындағы етістік аяқталмай, көсемшенің «-а, -е, -й» жұрнағымен бітуге тиіс. Мысалы, «бола ма, келе ме, қарай ма», т.б. Ал, біздің журналистер «болады ма?» дегенді сәнге айналдырып алған. Бұл – сауатсыздық.

Қазақ тілінде үш шақ бар екенін бәріміз де мектепте оқыдық. Осы шақ, өткен шақ, келер шақ. Осы шақ: оқып жатырмыз. Өткен шақ: оқыдық немесе оқығанбыз. Келер шақ: оқимыз. Біз «оқитын боламыз» деп жүрміз. Бұл орыстың «будем читать» дегенінің тікелей аудармасы.

«Баруда, келуде». Қазақ тілінде «жатыр, отыр, тұр» деген сияқты көмекші етістіктер бар. Біз қазір сөзді азайтқымыз келе ме, «-уда», «-уденің» көмегімен жаппай осы етістіктерге «байкот» жарияладық. «Мен мақала жазып жатырмын» дегеннің орнына «Мен мақала жазудамын» дейміз. Осы «аурудан» құтылуымыз керек.

Көптік жалғау орынсыз қолданылып жүр. Мысалы «шаш, су, ұн» деген сияқты сөздер көптелмейді. Сонымен қатар, жанды, жансыз заттың мөлшері, көлемі көрсетілсе, көптік жалғау жалғанбайды. Мысалы, біз «бір топ адамдар» дейміз. Адамның көп екені «бір топ» деген тіркестен-ақ белгілі болып тұр ғой.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, әңгімеміздің әлқиссасына оралар болсақ,  біз қазір «жастар ғой, әлеуметтік желіде ғана жазады» деген желеумен жылы жаба салармыз. Десек те, бұл тығырыққа тіреп тынатын тіл шұбарлығы біз үшін қалыпты құбылысқа айналды. Екі сөздің бірін орысша шатып, одан қалса жартысын жұтып түсінісіп жүрген осы күнгі тіліміз шұбар ала жыландай және мұндайды есіте-есіте етіміз де өліп қалғандай. Бұл – шындық.

Әдебиет алыбы Мұхтар Әуезовше айтар болсақ, «Сын – шын болсын, шын – сын болсын». Қазақ тілінің там-тұм несібесін талан-тараждан қорғаудың төте жолы осы ғана – айту, түсіндіру және жазу. Оқуынан озып, жазуынан жаңылмаған қазақтың ұрпағының көсегесі көгерсін дейік.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз