Атырауда жыршы-термешілер байқауы өтті

ee Мәдениет

Елінің тәуелсіздігін аңсап, бодандыққа қарсы жыр-толғауларымен «зар заман ақыны» атанған Мұрат Мөңкеұлының туғанына 180 жыл толуына арналған аймақтық жыршы-термешілер байқауы жыраулардың тағы бір шоғырын паш етті.

Айтпай кетуге болмас, өнеге мен өсиетке толы термелерді тұшына тыңдап, жыр жампоздарының өнеріне сүйсіне қол соққан көрермендер қатарының бұл күні аз болғанына көңіл түсті. Дабыра әуен мен ессіз музыкасы елірткен концертте ине шаншар жер болмайтын залда көркем сөзден маржан тігіп, жүйрік ойдан жыр тоқитын өнерпаздардың кешіне келгендердің санын жаңылмай санап алуға болатындай.

Ақынның шығармашылығын жаңғыртып, дарынды жастардың орындаушылық шеберліктерін шыңдап, көпшілікке танылуына жан-жақты мүмкіндік жасауды мақсат еткен байқауға Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан 16-45 жас аралығындағы кәсіби орындаушылар мен әуесқой өнерпаздар қатысты. Байқаудың бір ерекшелігі – республикалық мемлекеттік атағы бар өнерпаздардың қатыса алмайтындығы шарт болды. Қазылар алқасы үміткердің орындаушылық қарым-қабілетіне қарай шығарманы толықтай тыңдауға немесе тоқтатуға және орындалып жатқан шығарманың кез-келген тұсынан айтуды сұрауға құқылы.

pp

Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушы жыраудың «Қарасай-Қази», «Шәлгез», «Қазтуған» жырларының бірін қалауы бойынша жырлап, өз өңірінің жырауларының шығармасын орындауға міндеттелді. Ал, екінші кезеңде «Үш қиян», «Сарыарқа», «Әттең, бір қапы дүние-ай», «Топқа түскендегі толғауы», «Жалғаншы пәни жалғанда» толғауларының бірін таңдап орындауға, сосын өз өңірінің терме, толғау, нақыл сөз шығармаларын нақышына келтіріп орындау жүктелді.

Әуелі облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Жәнібек Аманиязов жыр додасына қатысушыларға сәттілік тілеп, оларға қолдау білдіруге шақырды.

– Байқау атадан балаға мирас болған саф алтындай төл өнерімізді жас толқынның құлағына сіңіріп, терме өнеріне жаңа бір серпін беру үшін өткізіліп отыр. Қазылар алқасындағы жыр мен терменің жілігін шаққан білікті мамандар өздерінің әділ бағасын беріп, ең үздікті анықтайды, – деді Жәнібек Қайратұлы.

Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен байқауға сүлейлер салған сара жолды жалғап, жыр алауын желбіретіп, мақам сазын мөлдіретіп, елдің батыс аймағынан жиналған Дильназ Қуаныш, Жанерке Құттығай, Дария Жұмағұлова (Ақтөбе облысы), Бердібай Тойғулиев (Маңғыстау облысы), Аружан Ерімова, Құралай Құдиярова, Дүйсенбай Сағынов, Нұржан Сағынаев (Атырау облысы) секілді жыршы-термешілер өнер көрсетті.

Көмейінен жыр төгілген өнерпаздардың өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші-термеші,  қазылар алқасының төрағасы Манарбек Дәулетов, М.Мөңкеұлы атындағы сыйлықтың иегері, жыршы Тұрлан Бисенбаев, «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің дәстүрлі ән мамандығының ұстазы Жұлдыз Сүндетқалиева, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті музыка кафедрасының меңгерушісі, жыршы-термеші Ақкенже Шаужанова, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының бөлім меңгерушісі Дидар Арыстанғалиева болды.

Қос кезең бойынша төл өнерді төрге оздырған қатысушылардың өнерін бағалау қазылар алқасына да оңайға соқпағаны анық. Өнер жарысының қорытындысында маңғыстаулық Бердібай Тойғулиев бас жүлдеге ие болса (600 мың теңге), атыраулық Аружан Ерімова бірінші орынға (500 мың теңге), ақтөбелік Дильназ Қуаныш (400 мың теңге) пен Жанерке Құттығай (300 мың теңге) жүлделі екінші-үшінші орындарға қол жеткізді.

Отты жыр мен термелерді жанына жақын тұтқан өзге де қатысушылар дипломант атанып, 200 мың теңгелік қаржылай сыйақы табысталды.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Суреттерді түсірген

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз