Маңдай термен тапқанды бір сәтте жоғалту оңай емес

vvvvvvv Қоғам

Кешегі онлай форматта өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Атырау облысы қатысушыларының құрамында мен де болдым.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде еліміздегі биылғы су тасқыны жайына тоқталып, зардап шеккендер үшін мемлекет шығынды түгел өтейтінін атап өтті.

–Апат орын алған өңірлердегі зардап шеккендерді қолдау үшін, тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі. Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық – сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды, – деді Қ.Тоқаев.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті де Жайық өзенінің су тасқынынан қорғау жұмыстарына толық қатысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау өңірлік филиалы құрамы да осындай жұмыстарға белсене қатысқанын атап өту керек. Бұл жайында Президент: «Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды», – деді.

Ассамблеяның ғылыми сараптамалық тобы құрамында университет ғалымдары да бар. Осы орайда қоғамда ғылыми қауымдастықтың маңызы зор екенін тағы да атап өткім келеді. Оны су тасқыны кезіндегі облыстық штабқа жұмыс жасаған ғылыми жұмысшы топтың, ғалымдардың жұмысынан да көруге болады. Алдағы уақытта да еліміздің тұрақты дамуына, стратегиялық міндеттерінің орындалуына бағытталған жұмыстар жалғаса береді.

Кешегі алқалы басқосуда көтерілген мәселелер және Мемлекет басшысының қойған міндеті елдің бірлігі мен ынтымағын сақтай отырып, бұл қиындықтардан да шығатынымызға толық сенім қалыптастырады.

Саламат ИДРИСОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз