Қоғамдық әжетханалар сенімгерлік басқаруға беріледі

img 20220714 wa0059 Экономика


Атырау қаласындағы қоғамдық әжетханалардың барлығы сенімгерлік басқаруға беріледі.

Қазір бұл мақсатта өңірде ашық электронды конкурс жүріп жатыр. Бұл туралы қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров мәлім етті, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.

Шаhар аумағында 8 қоғамдық әжетхана бар. Олар Авангард ықшам ауданы, Жеңіс саябағы, Ж.Молдағалиев, Әйтеке би көшелері және Д.Нұрпейісова атындағы мәдениет үйі мен Исатай-Махамбет алаңында орналасқан. Бүгінде сегіз нысанның біреуі ғана сенімгерлік басқаруға берілген. Қалған жетеуі осы айдың соңында конкурс аяқтала салысымен жеке кәсіпкерлерге өтеді.

– Соңғы кезде тұрғындар тарапынан шағым көп. Олар түнгі уақытта әжетханалардың жұмыс істемейтініне наразылық тудырады. Алайда, нысан түнгі уақытта ашық тұрса, оның ішін қирату, суын ашып кету мәселелері туындайды. Сол себепті белгілі бір режим болу қажет. Қазір нысан таңғы 07:00 ден түнгі 01:00 ге дейін жұмыс істейді, деді Т.Әубәкіров.

Айта кетейік, сенімгерлікке өткен нысандарды жеке кәсіпкерлер сатып алып, өз атағына аудара алмайды. Бизнес иелеріне берілген әжетханалар алдағы уақытта да қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бақылауында болады. Жеке кәсіпкерлер бөлім бекіткен кесте мен арнайы келісімге сай қызмет атқарады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз