«Қазақстан, мен сенің ұрпағыңмын!»

 Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай С.Қазыбаев атындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Сүлейман Фоминнің «Қазақстан, мен сенің ұрпағыңмын!» атты жеке шығармашылық кеші өтті.

 – Ол балалар үйіне 2004 жылы қабылданған болатын. Алты жасынан бастап ән айтады. Алғашқы әні Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні еді. Көбіне қазақша әндерді жақсы орындайды. Қоғамдық шаралардың белсенді қатысушысы, – дейді балалар үйінің директоры Сәния Төлегенқызы. Сүлейман бүгінде республикалық, халықаралық ән байқауларының лауреаты атанып үлгерді. Алғаш 2013 жылы Қостанай қаласында өткен «Таңшолпан» фестивалінде мюзикл жанрындағы музыкалық қойылыммен жүлделі II орынды жеңіп алды. Осыдан он екі жыл бұрын Алматы қаласында ашылған «Таңсәрі» мюзик-шоу театрының бөлімшесі өткен жылдың соңында Атырауда да жұмысын жалғастырған еді. Оған балалар үйінен төрт өнерпаз қабылданды. Олар – Сүлейман Фомин, Ақбота Маратқызы, Аружан Қабдірахимқызы, Виктор Гетц. Сүлейман театрда актерлік өнерді де үйренуде. Ән айтып қана қоймай, би, спорт үйірмелеріне қатысады. Өткен жылы Ресейдің Астрахан қаласында балалар үйі тәрбиеленушілері арасында өткен халықаралық «Балаларға күлкі сыйла» фестивалінде вокал номинациясы бойынша «Қазақ жастары» әнімен бірінші орынды жеңіп алды. «ВАLA TURKVIZYON – 2015» халықаралық балалар ән байқауында, ағымдағы жылы өткен «Менің Қазақстаным» фестивалінде Алғыс хатпен марапатталды. Жас әншінің орындауында «Мама», «Капитан», «Бала кезім», «Столица Астана» әндерін тамсанбай тыңдау мүмкін емес. Кеште «Барыс» жасөспірімдер клубының директоры Рашид Мусин, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы Кенжебек Рахымғалиұлы, кәсіпкерлер Айшат Аманғалиева мен Айнұр Әлімбетова сыйлықтарын табыстады. Шәкіртінің бойындағы талантты ашуға себепші болған жетекшісі, саз өнерінің маманы Алмагүл Мұхамбетжанованың, би жетекшісі Бибігүл Тілеубекованың еңбегі зор.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз