Жаңа оқу жылының жаңалығы неде?

жана оку жылынын Жаңалықтар

Жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық мектептер бұрынғыдай академиялық сағаттарға емес, оқушының алған білімін күнделікті тәжірибеде іске асыруына назар аударатын болады. Бұл туралы Үкіметте баспасөз-конференциясын өткізген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты.

жана оку жылынын

Сонымен, жаңа оқу жылы қандай жаңалықтармен толығады?Біріншіден, балаларды ағылшын тілінде оқыту тәжірибесі енгізіледі. Жаңа бағдарламаға сәйкес, оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеру деңгейі де бағаланатын болады. Министрліктің «Назарбаев зияткерлік мектебі» автономды білім беру ұйымымен бірлескен жаңа жобасына сәйкес, сабақ процесінде бейнематериалдар, слайдтық таныстырылымдар қолданылады. Сәйкесінше, оқушылар түрлі оқыту, тестілеу бағдарламалары жүргізілетін компьютерді тиісті деңгейде меңгеруі тиіс.  Яғни, жаңа жүйе мектеп оқушыларына компьютердің «құлағында ойнауды» міндеттеп отыр.

Екіншіден, министр Ерлан Сағадиев хабарлағандай, мектептерде «Көркем еңбек» сабағы енгізіледі. Жаңа пән «Бейнелеу өнері» мен «Еңбекке баулу» сабақтарын біріктірген. 3-4 сынып оқушылары үшін «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» деп аталатын жаңа пән енгізіледі. Сонымен бірге, ағылшын тілін үйрену үшін бір сағат қосылады.

Үшіншіден, бекітілген кестеге сәйкес, жаңартылған бағдарламаға біртіндеп көшу жалғасады. Министрдің хабарлауынша, 2017 жылдың 1 қыркүйегінен 2, 5, 7 сыныптарды, 2018 жылдан – 3, 6, 8, 10 сыныптарды, 2019 жылдан 4, 9, 11 сыныптарды жаңартылған мазмұнға көшіру жоспарланған.

Сонымен қатар, 10-11 сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға ауысатын төрт пән анықталды. Яғни, ендігі кезекте жоғары сынып шәкірттері «Физика», «Химия», «Биология», «Информатика» пәндерін  ағылшын тілінде оқитын болады. Қазіргі таңда жаратылыстану ғылымы бағытындағы пәндер бойынша ағылшын тілінде оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдар әзірленіп жатыр.

Сіз не дейсіз?

Роза ҚАБДОЛОВА,

облыстық білім беру басқармасы жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы:

– Жаңартылған бағдарлама бойынша биыл 2 сыныптың дәптерлерін аламыз. Сондай-ақ, 5, 7 сыныптардың дәптерлері жаңа оқу жылында толықтай алынады. Жаңа бағдарламаға сәйкес, 2, 5, 7 сыныптарға да оқулықтар алынады. Оның барлығы балаларға тегін беріледі. Ал, оқулықтарды бөлу, тарату мәселесі 15 тамызда басталады. Облыс бойынша қазір 192 мектеп бар.  Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр.

Бағалаудың озық жүйесі

Форматты бағалау жүйесі  оқытушының оқушымен арада кері байланыс орнатуына және оқу процесін реттеуге мүмкіндік береді. Мұндай бағалау түрі үшін мұғалім арнайы тапсырмалар жасақтайды. Немесе ұсынылған тапсырмалар жинағын пайдаланады. Министр Ерлан Сағадиев бағалаудың мұндай форматын енгізу білім беру жүйесіндегі қиындықтарды, яғни, баланың жаңа тақырыптарды меңгеру деңгейін және ондағы қиындықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретініне сенімді. Форматты бағалаудың нәтижелерімен ата-аналар таныстырылып отырады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз