Судьяға талап қатая түсті

Биылғы қазан айында еліміздің судьяларының VІІ съезі өтеді. Оған облыстан сегіз делегат қатысады. Төрт жыл сайын өтетін судьялар съезі биыл кезектен тыс ұйымдастырылуда.

Сот жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіру мақсатын көздейтін съезд барысында Ұлт жоспарындағы міндеттер сараланады. Судьялардың жаңа этикалық кодексінің жобасы қабылданады деп күтілуде. Бүгінде кодекс жобасы дайын. Мұнда әрбір судьяның мінез-құлқы мен қағидалары айқындалған.

Елбасы Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезіндегі сөзінде: «ХХI ғасырдағы ұлттың дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігінің жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес» деген болатын. Бұл судьялардың халыққа адал қызмет етіп, Конституция мен заңдарды мүлтіксіз орындауды, әділдікті, қызметте және тұрмыста адамгершілік пен мораль нормаларын, әдеп қағидаларын қатаң сақтауды көздейді.

Кодекстің жобасын әзірлеуде еліміздің заңнамалары, халықаралық пактілер мен декларациялар басшылыққа алынған. Соның ішінде, судьялар мінез-құлқын қалыптастыру Бангалор қағидаттарына негізделеді.

Кодекс жобасы бес тараудан және 33 баптан тұрады. Судьяның кәсіби қызметтегі әкімшілік өкілеттіктерді жүзеге асыруы және қызметтік міндеттен тыс кезіндегі мінез-құлқына қойылатын талаптар, судьялардың жауапкершілігі арқылы ықпал ету шаралары жазылған. Тағы бір ерекшелігі, қағидаттар мен қағидалар атқарып отырған лауазымына қарамастан, барлық судьялар үшін де міндетті.

Аталған кодекстің жобасы қабылданса, елімізде сот төрелігін жүзеге асыруда жаңа серпін болатыны сөзсіз.

 

Бағылан ІДІРІСОВ,

Атырау облысының кәмелетке

толмағандардың істері жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық

сотының судьясы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз