Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путиннің бірлескен мәлімдемесі (+ ФОТО)

39fd8fd1e9f4db758747dbf7e01cf978 Жаңалықтар

Atr.kz/4 сәуір, 2019 жыл.  Қазақстан Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев Ресей еліне сапары аясында көрші мемлекет басшысы Владимир Путинмен бірлескен мәлімдеме жасады. «Ақорда» сайты бірлескен мәлімдеме мәтінін жариялады.

Ашық, достық және сындарлы жағдайда өткен келіссөздер барысында қос мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынастардың негізгі мәселелерін, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ өзара мүддені көздейтін өңірлік және халықаралық өзекті проблемаларды мұқият талқылады.

2

Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясының Президенті екі елдің саяси, сауда-экономикалық, қорғаныс және әскери-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастықтың орнықты оң қарқынына көңілдері толатынын атап өтіп, 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартта, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияда және 2013 жылғы 11қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық шартында негізі қаланған қағидаттар мен міндеттемелерге деген адалдықтарын растай отырып, мынаны мәлімдейді:

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өзара сенім, стратегиялық серіктестік және жан-жақты ынтымақтастық негізінде тең құқылы және егемен мемлекеттер ретінде одақтастық қатынастарды және интеграциялық өзара ықпалдастықты дамыта отырып, бұл ретте мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті өзара құрметтеу, тең құқылық және ішкі істерге араласпау, күш немесе күш қаупін қолданбау, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, шекараның мызғымастығы, дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, халықаралық міндеттемелерді адал орындау, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау қағидаттарын басшылыққа алады.

2ec295d91ed79c48515f26bc841ed36a

Қазақстан-Ресей қатынастары елдеріміз халықтарының тарихи және рухани терең байланыстарына негізделген. Бұлар екі мемлекеттің ұлттық мүдделеріне сай келеді, олардың азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру, тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму, инновациялық технологияларды кеңінен енгізу базасындағы ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту, еңбек ресурстарын ұтымды пайдалану, адам әлеуетін мейлінше толық ашу міндеттерін шешуге септігін тигізеді. Бұл Қазақстан мен Ресейге жаһандану жағдайында өз ұстанымдарын барынша күшейтуге, Еуразия кеңістігінде және бүкіл әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттер басшылары екі ел арасындағы қарым-қатынастардың серпінді дамуы үшін мазмұнды және ашық саяси диалогтың маңыздылығын мойындай отырып, жоғары, биік және басқа да деңгейлердегі сенімге негізделген және сындарлы байланыстарды одан әрі кеңейтуді қарастырады.

4a602d20575e5bd837e9e7e26fb97c70

Президенттер екі елдің өңіраралық және трансшекаралық ынтымақтастығының әлеуетін бағалай отырып, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымдары мен Ресей Федерациясының субъектілері арасындағы көпқырлы экономикалық және гуманитарлық қатынастарды кеңейтуді, мүдделі шаруашылық жүргізуші субъектілердің тікелей байланыстарын дамыту мен нығайту үшін қажетті жағдайлар жасауды жақтады.

Мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі жыл сайынғы форумдар және олардың екі ел іскер топтарымен кездесулері екіжақты өзара ықпалдастықты жандандырудың пәрменді тетігі ретінде танылды. Кезекті XVI форумды 2019 жылдың соңында өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Биліктің заң шығарушы және атқарушы органдары арасындағы жүйенің тұрақты іскерлік байланыстары Қазақстан-Ресей өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізеді.

Тараптар «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының аясындағы, соның ішінде «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін салудың бірлескен жобасын іске асыру үшін ынтымақтастықты жалғастырады.

Тараптар ЕАЭО әлеуетін тиімді пайдалануға қол жеткізуге ұмтылысты сипаттайтын ынтымақтастықтың қарыштап дамуын атап өтті, сондай-ақ 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізгі ережелері мен қағидаттарын іске асырудың маңыздылығын растайды.

Елдеріміз, оқыту және ғылыми-техникалық бағдарламалары мен бірлескен жобаларды қоса алғанда, білім беру және ғылыми ұйымдар арасындағы тікелей байланыстарды дамыту ісін ынталандыруға, ғылыми мен педагог кадрлар даярлау саласына қолайлы жағдайлар жасауға, оқытушылар мен студенттер алмасуды қарқынды түрде арттыруға ниетті.

Әрбір тарап өз аумағында тұратын екінші тараптың халықтарының этникалық, тілдік, мәдени және діни ерекшеліктерін сақтау және дамыту үшін тығыз ынтымақтастықты нығайту, тараптардың заңнамасына сәйкес олардың өкілдерінің қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау ниеттерін мақұлдады.

Қазақстан мен Ресей тараптардың бірі мүше болып табылатын халықаралық ұйымдарға және режімдерге қатысуына немесе қосылуына қолдау көрсете отырып, бейбітшілікті, халықаралық тұрақтылық пен өңірлік қауіпсіздікті нығайту ісінде ықпалдасады, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да ұйымдар мен институттар алаңдарында үйлесімді жұмыс атқарады.

Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің терроризм мен экстремизмге, діни төзбеушіліктің, ксенофобияның, ұлтшылдықтың және неонацизмнің зорлық көріністеріне, трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа, қару-жарақ, есірткі және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, сондай-ақ басқа да жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес мәселелеріндегі ұстанымдары ортақ.

57e4f476045d95a810d1182e0180dad5

Қазақстан мен Ресей біздің одақтастық қатынастарымыздың, ең маңызды негізі болып табылатын ортақ тарихымызды, ең алдымен, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалау, қайта жазу және «қаралау» әрекеттерін құптамайды.

Саяси бағытта президенттер «Астана процесі» аясында халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары сөзсіз сақталуы үшін Сирия қақтығысын бейбіт реттеу жөніндегі күш-жігерлерді жұмылдыруға шешім қабылдады.

Тараптар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы желісі бойынша ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дағдарыс жағдайларына мән берудің пәрменді жүйесін құруға бағытталған бірлескен шаралар қабылдайды.

Қазақстан мен Ресей президенттері екі мемлекет арасындағы одақтастық және стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету, олардың тұрақты дамуы мен халықаралық аренадағы беделін арттыруға қолдау көрсету мақсатымен қол жеткізген уағдаластықтарды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету ниетін растайды.

Мемлекеттер басшылары жемісті келіссөздер мен сапар барысында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дәстүрлі достық, тең құқылы қатынастардың, сондай-ақ екі ел халықтарының арасындағы бауырластық және тату көршілік байланыстардың қарыштап дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

Мәскеу, 2019 жылғы 3 сәуір.

9731985 1
25378857ea61318a274e0f2661581ee2
74984596d27e36eb61abaf61b83cf2a1
ae636486a1bc735e40e2a2b42d73ed74
def3f497b7768d9b3eca6e707f4179cd
cc8441a0d498ee8fe6a18ee696fafb00
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз