АРТЫНА ӨНЕГЕЛІ ІЗ ҚАЛДЫРҒАН

Жақында облыстық мемлекеттік мұрағат қорына Алматы қаласының тұрғыны Серік Мұхамбетұлының атынан үш қорапқа толы «сәлемдеме» келді. Ол әкесі Есенов Мұхамбет Айтуұлының екінші дүниежүзілік соғыста және бейбіт жылдарда елі, қоғамы үшін сіңірген сан алуан қызметіне қатысты 500-ге жуық құжатын жіберіпті. Оның ішінде Одақ, республика, Гурьев (Атырау) облысында жауапты қызметтерде болған жылдарында түрлі алқалы жиналыстарда жасаған баяндамалары, құттықтаулары, Атырау, Маңғыстау аймағында мұнай өндірісін дамыту жолындағы жаңашыл ойлары мен ұсыныс, пікірлері, естеліктері, түрлі басылымдарға шыққан мақалалары, наградалары мен марапаттарының көшірмелері бар. Осы құжаттардың негізінде мұрағат қорынан Мұхамбет Есеновтың жеке тектік қоры ашылды.

Мұхамбет Айтуұлы кім болған? Ол нендей ісімен артына із қалдырды? Бұл азаматты аға ұрпақ пен орта буын өкілдері білгенімен бүгінгі жастар біле бермеуі мүмкін.

Мұхамбет Айтуұлы 1909 жылы Гурьев облысы Мақат ауданындағы Доссор поселкесінде дүниеге келген. Қарапайым жұмысшының баласы, тоғыз жасынан ауыр еңбектің, қиын тұрмыстың тауқыметін бастан кешеді. Доссор кәсіпшілігінде жұмысшының көмекшісінен бастаған Мұхамбеттің үлкен өмір белесіне көтерілуіне алғаш жол ашқан сол кездердегі мұнай өндірісі басқармасының жетекшісі, белгілі жазушы, дипломат Сабыр Шәріпов болған.

Жасөспірім Мұхамбеттің зеректігін, талаптылығын байқаған көреген басшы фабрика-зауыт оқу (ФЗУ) мектебіне түсіріп, тәмамдаған соң Орынбор қаласындағы жұмысшылар факультетіне (рабфак) оқуға жолдама береді. Соңғы оқу орнын бітіргенде Сабыр Шәріпов өзі басқарған Темір мұнай кәсіпшілігіне (Ақтөбе облысы) қызметке шақырылып, кәсіби тәжірибе алуына, мамандығын ұштауына ықпал етеді.

Еңбекке ерте араласып, өндірісте біраз ысылып, тәжірибе жинақтаған Мұхамбет Мәскеу мұнай институтына түскен кезден бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.

1937 жылы жоғары курста оқып жүрген комсомол белсендісі, жас коммунист Мұхамбет Есеновке ерекше сенім артып, Одақтың Ауыр өнеркәсіп министрлігіне жауапты қызметке шақырылады.

1941 жылы фашистік Германия елімізге тұтқиылдан шабуыл жасап, екінші дүниежүзілік соғыс басталған күннен бастап Мұхамбет Айтуұлы Отанын жаудан қорғау үшін өз еркімен майданға аттанады. Жау шабуылынан астананы қорғау үшін Мәскеу түбіндегі қанды ұрысқа қатысады. 1942 жылы наурыз айында полк артеллерия командирі шенінде Батыс майданында соғысады. Содан 1943 жылдың соңғы айларына дейін талай қанды шайқасты басынан өткізеді. Ұрыста жауынгерлерді жігерлендіріп, рухтандырып,  ерлікке бастайды.

Жаудың беті қайтып, кеңес армиясы басым күш алған шақта КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті 1943 жылы желтоқсанның 29-да әдейі қаулы қабылдап, қираған ауыр өнеркәсіп орындарын қалпына келтіру және одан әрі дамыту жұмысына білікті мамандарды майданнан кері шақырады. Солардың ішінде Мұнай өнеркәсібі халық комиссариатының өтініші бойынша Мұхамбет Айтуұлы да Мәскеуге оралады. 1944-1947 жылдар аралығында КСРО Мұнай өнеркәсіп министрлігінде аға инженер, бөлім меңгерушісі, басшы кадрлар басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарады. Одақта отырып, Қазақстаннан қол үзбей, мұнай өндірісінің дамуына қол ұшын береді, жоғары білімді қазақтың жас мамандарын даярлауға ықпал етеді. Осы кезеңде Қазақстанда американдық жоба бойынша елімізде алғаш рет Гурьев қаласында салына бастаған мұнай айыру зауытының құрылысын қадағалап, қарқынын тездетуге ұйытқы болады.

Бұдан әрі ол 1952-1962 жылдарда Орталық аппаратта Қазақ кәсіподақ кеңесінің отын өнеркәсібі басқармасы бастығы болып, жұмыс істейді. Оның ұйымдастырушылық қарым-қабілеті, іскерлігі әсіресе мұнай мен газға геологиялық барлау жұмыстарының кең өріс алған, Маңғыстаудың, Еділ мен Жайық қос өзен аралығындағы және Орал тауларының оңтүстік етегіндегі қара алтынды кен орындарын ашып, игерген жылдары барынша жарқырай көрінеді. Ол Қазақстан компартиясы орталық комитетінде ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақ халық шаруашылығы кеңесінің жылу өнеркәсібі басқармасының бастығы, Қазақ кәсіподақтар ұйымының хатшысы жолдарынан өтеді.

Мұхамбет Айтуұлы өз қолымен жазған өмірбаянында «Өмірімнің ең мағыналы, мәнді шағы жемісті еңбек еткен 1960-1970 жылдар» деп жазыпты. Бұл Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезеңі еді. Ол екі өңірде болған кездерінде мұнай өнеркәсібінің әлемдік тәжірибесін зерттеп, теориялық білімін бұрынғыдан да жетілдіре түседі.

Әсіресе, ол облыстың бірінші басшысы болған кезеңде өзінің туған жері – Атырау аймағының экономикасы мен әлеуметтік дамуы жолында айтарлықтай еңбек сіңіреді. Өңірде мұнай-газ өндірісі қарқын алса, балық өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салалары ерекше дамыды. Қала, аудандарда тұрғын үйлер мен мәдениет ошақтары, оқу орындарының ғимараттары көптеп бой көтерді. Облыс басшысының ұйымдастырушылық қабілетіне сүйене отырып, облыстық партия, кеңес, комсомол және кәсіподақ ұйымдары барлық еңбекшілерді, қолдағы бар мүмкіндіктерді, сырттан келген, келетін көмектерді ұлы іске жұмылдыра білді. Осылайша, Мұхамбет Айтуұлы Есенов 1964 жылдан 1970 жылы құрметті демалысқа шыққанға дейін облысқа басшылық жасады. Абзал аға кезінде КСРО және Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланған. Оған «Атырау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Отан алдындағы сіңірген зор еңбегі үшін Ленин, екі Еңбек Қызыл Ту,«Қызыл Жұлдыз», Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен наградталған.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Айтуұлы 1992 жылдың 3 қазанында сексен үш жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ол туралы естелік бүгінгі жастарға, өсіп-өркендеп отырған қоғамға көбірек қажет. Өйткені «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, асыл азаматтың жүріп өткен өмір жолы, ел қамын жеген мақсат-мұраты мен тындырған игі істері әр қазақтың баласы ғибрат аларлықтай үлгі-өнеге болмақ. Сондықтан, оқушы, студенттер, аспиранттар, тарих сүйер қауым үшін, яғни, ғылыми жұмыстармен айналысамын деушілерге мұрағат қорында өнегелі артына із қалдырған атыраулық абзал азамат Есенов Мұхамбет Айтуұлының құнды құжаттарының барын айтқымыз келеді.

Анаргүл ЗИНУЛЛИНА,

Атырау облысының мемлекеттік мұрағат қорының мұрағатшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз