«ЕРІКТЕН» басталған ЖОЛ

izobrazhenie 2022 04 01 033642 "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Атырау облысы баспасөзінің қарашаңырағы – «Аtyraý» газетінің тұңғыш нөмірі бұдан дәл 99 жыл бұрын, яғни 1923 жылдың 1 сәуірі күні «Ерік» деген атаумен жарық көрген еді. Яғни, байырғы басылым ғасырлық белесіне қадам басты деген сөз.

Қазақстанның батыс өлкесінде алғашқы ұлттық басылымның бірі ретінде бұқараның көзін ашып, көкірегіне сәуле түсіруге жұмыстанған «Ерік» алғашқы нөмірінен-ақ қалың бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған еркін мінбер бола білді. Мұны біз «Жұмысшыларға не істеу керек?», «Еңбек етсең, емерсің», «Жарлының бұрынғы көрген күні», «Волисполкомдарды жаңарту керек» деген тақырыптармен жарияланған мақалалардың мазмұнынан да айқын байқаймыз.

«Қазаққа ғылым керек, өнер керек. Сол екеуінің анасы – мектеп керек! Мектеп керек!» деп жазды газеттің тұңғыш редакторы Төлепкерей Өтеулиев «Еріктің» алғашқы нөміріндегі бас мақаласында.

Газет – қашан да өз дəуірінің үні. Кеңес үкіметі кезінде газеттің атауы əлденеше рет өзгерді. 1924 жылы «Жұмыскер тілі», 1932 жылы «Жем жұмысшылары», «Ленин жолы», 1933 жылы қыркүйекте «Социалды құрылысқа», сол жылдың қарашасында «Социалды құрылыс», 1938 жылдан «Социалистік құрылыс», ал, 1963 жылдың мамырынан 1990 жылдың тамызына дейін «Коммунистік еңбек» атауымен жарық көрді.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы «Социалистік құрылыс» Жеңісті жақындатудағы атыраулықтардың тылдағы ерен еңбегін, жанкешті тірлігі мен майдандағы жауынгерлердің қаһармандығы мен ерлігін тұрақты жариялап тұрды. Сұрапыл жылдарда газет қызметкерлері Ақантай Сарқұлов, Ғайса Ізтілеуов, Сабыр Батырбаев, Сибат Ғабдуллин, Мұқан Қанатов, басқа да газет қызметкерлері қаламдарын қаруға алмастырып, майданға аттанды. Сол абзал ағаларымыз қанды қырғыннан оралмады.

Сонау соғыс жылдарының өзінде аптасына бес рет шығып, халық арасында «листовка» түрінде таратылған газетте рухы биік мақалалар көптеп жарияланды. Мəселен, «Стахановшы сауыншылар», «Дайындық озаттары», «40 тонна мұнай – менің мақтанышым» атты жедел хабарлардың өзінен мұны айқын аңғаруға болады.

 Тарихы бай, өткен жолы өнегеден тұратын халықтық басылымға өз заманында Əбу Сəрсенбаев, Асқар Тоқмағамбетов, Сəбит Мұқанов, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нəжімеденов, Берқайыр Аманшин мақалаөлеңдері мен əңгімелерін жолдап тұрған. Редакцияның журналистік ұстаханасынан Тауман Амандосов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Берік Қорқытов, Марат Ысқақов, Нуриден Муфтахов сынды қазақтың белгілі ақын-жазушылары, публицистері түлеп ұшты.

Осы жылдар ішінде газеттің бас редакторы қызметін атқарған Сейітмұхамед Мəмбетов, Серікқали Жақыпов, Ғат ау Махамбетов, Шияп Қожахметов, Сағат Төлебаев, Хабир Нұрмұхамедов, Боранбай Омаров, Абдолла Құрманаев, Мəди Байтұрсынов, Сүлеймен Сауырғалиев, Түсіп Бисекенов, Құмар Кенжеғалиев, Теңдік Жауыров есімдерін құрметпен атап, рухтарына тағзым етеміз.

Ғасырлық белес ішінде редакцияда талай майталман қаламгерлердің үлкен толқыны шыңдалып шыққаны да – біз үшін айрықша мақтаныш. Осы үрдіс алға қарай да жалғасын табарына, «Atyraý» газетінің ақпарат айдынында ақ желкенін асқақтата керетініне əркез бек сенімдіміз.

Ысқақ ЕГЕМБЕРДИЕВ,

«Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің бас директоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз