ЕЛ ҚУАНҒАН ЕРЕК КҮН

Астанаға бұл жолғы сапардың жөні бөлек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің Президенті лауазымына ресми түрде кірісуіне арналған ұлықтау салтанатына қатысатын делегацияның құрамына енгеніме шексіз қуаныштымын hәм бақыттымын! Бұл шаттық сезімі арайлы Астанаға жетіп, Елорданың саумал ауасымен кеуде кере дем алғанда одан әрмен шарықтады. Өйткені, бұл күн – халықтың таңдауы заң жүзінде өз күшіне енген күн. Бұл – Қазақстан үшін тарихи маңызы бар айтулы оқиға.

Тәуелсіздік сарайында Елбасын тағатсыздана күткен біздің санамызда Нұрсұлтан Әбішұлының еліміз егемендігін алған 24 жылдың бедеріндегі ерен еңбегі айрықша жаңғырды. Иә, 1991 жылдың 10 желтоқсанында Алматыдағы Республика сарайында Президент алғаш рет ант берген еді. Ол кез Кеңестер Одағы ыдырап, тәуелсіздік алған кезіміз. Сонымен бірге болашаққа бастар жол оңай болмаған сындарлы шақ болатын. Содан бергі кезеңде Ұлт Көшбасшысының халқымен бірге небір асуларды бағындырып, елді әлемге танытқан еңбегінің жемісі біздің көз алдымызда өтті.

Батыстың тілін таптыңыз,

Шығыстың тілін таптыңыз.

Тәуелсіз Қазақстанның Шырағын жарық жақтыңыз, – деп ақын Аманжол Әлтай жырдан шашу шашқанындай, Ел мен Елбасы бүгінде шын мәнінде бір-бірінен ажырамас егіз ұғымға айналды. Нұрсұлтан Назарбаев халқының қамын ойлаған тау тұлға болып, алты алаштың айбынын асқақтатумен келеді. Тіпті, басқасын айтпағанда, осы әсем Астананың өзі адам сенбес ғажайып қой. Сәулетіне күллі жаhан сүйсінген мұндай шаhар тек бізде ғана бар. Қысқа мерзімде жаңа астана салып, оны әлемге айшықтата таныту – ердің ерінің ғана қолынан келер іс. «Өзіңіз салған Астана, Жайқалып өскен жас қала. Тамсанып әлем қарайтын, Байсалды Орда – бас қала» (Аманжол Әлтай) дегеніміз, міне, осы!

Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау салтанаты Елордамыз – Астанада осымен төртінші рет өтіп отыр. Бұл жолы да Нұрсұлтан Назарбаевтың мотоциклшілер эксортынан тұратын кортежі бас қаланың әсем ғимараттары жайнап тұрған үлкен көшелермен өтті. Бұл аспанмен таласқан айшықты сәулет туындыларының әрқайсысында Елбасының өзіндік қолтаңбасы бар. Өйткені, олардың салынуын өзі тікелей назарында ұстап келеді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дүние жүзіндегі беделі артып, қоғамда тұрақтылық пен бірлік нығайып, экономикада даму қарқыны үдей түсті. Байыптап қарасаңыз, осының бәріне көшбасшы болу теңдессіз күш-жігер мен кемел кемеңгерлікті қажет ететіні сөзсіз. Ұдайы осы биік деңгейден табылып, халқына қызмет етудің шынайы үлгісін танытып келе жатқан Елбасына сүйсінерің кәміл. Осындай біртуар дарабоз тұлға үшін тұла бойымызды мақтаныш сезімі кернеп, Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына келіп кірген Нұрсұлтан Назарбаевты орнымыздан тік тұрып, ду қол шапалақтап қарсы алдық. Ұшқан құстың қанаты талар ұлан-байтақ қазақ даласының төрт бұрышынан түгел жиналған зал толы жұрттың қошеметінде шек жоқ…

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясына оң қолын қойып, салтанатты жағдайда ант берді. Елін сүйген, елі сүйген Елбасының жүрекжарды сөзін естігенде толқыған сезім, тебіреністі көңіл-күй жан-жүрегімізді кернеп тұрды.

– Ел Конституциясына сәйкес жаңа ғана  мен өзімнің халқыма ант бердім. Ондағы сөзді мен бүгін алғаш рет ең ізгі де, жарқын мереке – Халық бірлігі күні қарсаңында айттым. Болып өткен Президенттік сайлау біздің қоғам бірлігінің күшін нақты айғақтап берді. Мен біздің барша халқымызға ризамын, -деді Президент.

Айтса айтқандай-ақ,бұл жолғы сайлау – ел бірлігінің, белсенділігінің шынайы көрінісі. Біздің мұнайлы Атырау аймағының өзінен Нұрсұлтан Назарбаев барлық  қатысқан сайлаушылар дауысының 98,22 пайызын жинады!

– Сөз жоқ, бұл Нұрсұлтан Әбішұлына деген елдің ыстық ықыласы, шексіз сенімі ғой. Ол – өзі де сол құрметке лайық ерен тұлға. Қазақ елін талай-талай өткелдерден нағыз ерлерше алып өткен Елбасына деген халық қошеметі ерекше. Өз басым осымен Президентті ұлықтау салтанатына екінші мәрте қатысып тұрмын. 2011  жылы да осындай ел тарихындағы маңызды оқиғаның тікелей куәсі болу бақытына ие болғанымды мақтан етемін. Қашан да өзін істің адамы ретінде танытып келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы бүгін де ант қабылдағаннан кейін мемлекетіміздің алдында тұрған бес ауқымды міндеттің қалай орындалатындығын талдап түсіндіріп берді. «Біз ұрпаққа көркейген елді, нығайған бірлікті, мызғымас тұрақтылық пен еселенген байлықты мирас етеміз, дамудың даңғылына тың қарқынмен аяқ басамыз. Бес халықтық реформаны табысты жүзеге асырып, болашағы біртұтас елге айналамыз» деген Елбасының нық сенімі бізді де қанаттандырып, бойымызға тың күш-жігер құйғандай болып тұрмыз, – деп Атырау облыстық мәслихатының аппарат басшысы Тамара Аман-Турлина өзінің  көңіл толқынысын ағынан жарыла ақтарып салды. 

– Мен Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау штабының мүшесі болдым. Биылғы сайлау халқымыздың рухани өмірін байыта түскен ерекше оқиға болғанына айқын көзім жетті. Елбасымыз бүкіл халқымыздың арман-тілегін «Мәңгілік Ел» идеясына сыйғызуының өзі неге тұрады десеңізші! – деп тебіренді жанымызда тұрған «Медикер» емдеу орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Айбек Ғабдуллин.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент сайлауында үлкен жеңіске жетуінің басты сыры берген антының беріктігінде дер едім. Айтқан сөзін әрқашан ісімен дәлелдеп келе жатқаны Елбасының ел сүйсінген қасиеті екеніне көзіміз әлдеқашан жеткен. Бүгінгі ұлықтау рәсімінде де ел алдында тұрған келелі міндеттерді саралап, іскерлігін тағы да бір танытты. Халқы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген осындай Көшбасшымыз барын мақтан етеміз, – деп толғанды Атырау қалалық мәслихатының аппарат жетекшісі Қанат Нұрмұқанов.

Мұндай толғанысқа толы лебіздерді ұлықтау салтанатына Атыраудан барған делегация өкілдерінің қай-қайсысынан да естідік. Әсіресе, Атырау облысының Құрметті азаматтары Әнес Бисенов, Мұрат Өтешов, шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелімхан Зубариев, «Видергебурт» неміс этномәдени орталығының төрағасы Александр Думлер, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев, Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры Нұрлы Әйтиева, белгілі кәсіпкер Әлия Бекқожиева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, ардагер-ұстаз Қадим Оңғарсынов өзара пікірлескенде көңіл түкпіріндегі тебіреністерін риясыз білдіріп жатты.

– Президентті ұлықтау рәсімі әрбір қазақстандықтың бойында үлкен мақтаныш сезімін тудырды деп білемін. Соның ішінде бұған жастар зор ықыласпен қарағаны айқын аңғарылды. Өз басым сайлауға жас буын өкілдерінің осыншалық көп қатысқанын бұрын-соңды байқамаппын. Тағы бір ерекшелеп айтарым – елімізде орта және шағын бизнестің өркен жаюына деген керемет қамқорлық жасалып отырғандығы. Бұл, сөз жоқ, әркімнің бойында елдің болашағына деген жауапкершілік сезімін оятып, патриотизмнің терең қалыптасуына әсер етері де сөзсіз, – деп жақын досым, белгілі кәсіпкер Әділ Жұбанов та көкейдегі көрікті ойымен бөлісті. «Мына сапарыңның шынымен де жөні бөлек, Исатай. Елбасын ұлықтау рәсімін көзбен көріп, куә болу – екінің біріне бұйырмайтын бақыт» деп отбасымызбен өте жақын араласатын Қазақтың Ильясы– Атырау облысының Құрметті азаматы, композитор, жазушы Илья Жақановта Астанаға телефон шалды. – Мен денсаулығыма байланысты бара алмай жатырмын…»

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің:

– Дана халқымыз «Ынтымақты елде – бақ тұрар» деп тегін айтпаған. Қазақстанның басты жетістігіне айналған қоғамдық келісім елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық hәм қоғамдық-саяси дамуының кепілі, әрі негізі болып қала бермек, – деген сөзінде де ерекше зор мән-мағына жатыр…

Осылайша, өркениет әлемінің өркенді келешегіне өрісті қадам басқан Қазақ елінің өз Көшбасшысын ұлықтауға арналған салтанатынан алған әсеріміз айрықша тағылымды болды. Әңгімемізді Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы салтанатты жиындағы өз сөзімен түйіндегенді жөн көрдім:

«Бүгін Қазақстан тарихының жаңа беті ашылды. Біз дамудың тың қарқынына аяқ басамыз. «Бес халықтық реформаны» табысты жүзеге асырып, болашағы біртұтас елге айналамыз. ХXI ғасыр – бірлік пен достықтың қуатымен озатын ғасыр. Біз бейбітшілік пен келісімге, татулық пен тұрақтылыққа тәу етіп, тәубе дейміз. Осы құндылықтарымыздың қадіріне жету арқылы Мәңгілік Ел боламыз. Сол жолда талмай еңбек етейік, қадірлі халқым!» Міне, осыдан артық мұрат, осыдан артық ұлағат бар ма білген адамға! Ендеше, Елбасымызбен бірге болашаққа батыл қадам басамыз. Оның үстіне «Асу бермес асқар жоқ» деп баршамызды Нұрсұлтан Әбішұлының өзі жарқын жеңістерге құлшындырып отыр. Еліміздің жұлдызы жоғары, жолы нұрлы болғай!

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз