“Коронавирус көп нәрсені өзгертті” дейді атыраулық дәрігер Нұрбақыт Көпжанов (+ ВИДЕО)

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар Медицина

Аtr.kz/16 мамыр, 2020 жыл. Атыраулық дәрігер Нұрбақыт Көпжанов коронавирус тараған кезеңдегі өмірі туралы айтып берді.

Дәрігердің сұхбаты Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан видео роликте жарияланған.


“Күні бүгінге дейін емханаға тіркелген азаматтар арасынан коронавирус инфекциясының үш жағдайы тіркелді. Індет анықталған бойда ол үйлерді оқшаулауға және дәрігерлік бақылауға алдық.

Карантин жағдайында жатқандарды күніне үш сағат сайын термометриядан өткізіп отырамыз. Телефон, видеобайланыс арқылы жағдайын біліп, шағымдарын сұрап, бақылауда ұстаймыз. Инфекция белгілері бар науқастарды қабылдау үшін емханамыздың ғимаратында провизорлық бөлімше ұйымдастырылды. Күдікті деген науқастарды аталмыш бөлімшеде қабылдап, мұрнынан сынама аламыз.


Қорытынды шыққанша науқас дәрігердің бақылауында болады. Нәтиже расталған жағдайда науқасты инфекциялық ауруханаға жөнелтеміз” дейді Атырау қалалық №5 емханасының Жанұя денсаулығы орталығының меңгерушісі Нұрбақыт Көпжанов.
Әлемді жайлаған қауіпті індетпен тікелей күресіп жүрген дәрігер Нұрбақыт Көпжанов бүгінгінің батырларының бірі.
“Қиын жағдайда халықпен бірге болып, көмек көрсете алып жатқанымыз – біз үшін үлкен абырой” дейді ол.


Дәрігер Нұрбақыт Көпжанов коронавирус инфекциясы басталғалы бері емхана жұмысына көптеген өзгерістер енгенін айтады.
“Айталық, науқастарды қабылдау емханамызда онлайн режимге көшті. Дәрігерлер қазіргі таңда онлайн түрде кеңестер беріп жатыр. Әсіресе, жүкті әйелдер, жаңа туған сәбилер ерекше бақылауда.
Пандемия басталғалы бері емханамызда бірде бір дәрігер жұмыстан босатылған жоқ. Барлық медицина қызметкерлері коронавирус індетінің жайылып кетпеуі үшін тер төгіп жүр.


Емхана қызметкерлерінен де коронавирустық инфекцияға сынама алынып жатыр. Қазіргі таңда емхана мамандарының арасынан коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы анықталған жоқ” дейді ол.


Ерекше айта кетерлігі, пандемиямен күреске Атырауда 650 медицина маманы жұмылдырылды. Бүгінгінің батырлары күні-түні халықтың саулығы үшін өз өмірін қатерге тігіп, күресіп жатыр…
Біз біргеміз!


Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған