СӘЛЕДЕН ҚАЛҒАН СЫР

Зерделеп қарасақ, Жарсуат топырағында дүниеге келіп, бүгінгі ұрпақ үлгі алар, халықтың есінде мәңгі сақталған  дара тұлғалар баршылық. Солардың бірі – 1910 жылы Гурьев уезі, Есбол ауданы, Жарсуат ауылдық кеңесі, «Өтеген төбе» қыстауында дүниеге келген Сәле Байғожаұлы еді.

 

Бұғанасы қатпастан еңбекке ерте араласып, Сәле анасымен бірге бауырлары Сейфолла мен Мәсиха, Сәбила, Сағираның азамат болуына қамқорлық жасады. Сөйтіп, 1926-1929 жылдары өзінің жеке қожалығындағы малды бақты. 1929-1934 жылдары Жарсуат ауылдық аумағындағы Жарсуат серіктестігінде бақташы болды. Ауыл кедейлері өздерінің жекеменшік шаруашылықтарын біріктіріп, ұжымдық шаруашылық – колхозға айналды. Сәле ағамыз 1936-1938 жылдары аталған колхоздарда төраға, 1938-1939 жылдары төрағаның орынбасары болып қызмет етті. 1939 жылы 16  қыркүйек күні ауылдық Кеңес территориясындағы шағын колхоздар ұжымдық шаруашылыққа біріккен ауқымды жиналыс өтеді. Іріленген колхоз алғаш рет жаңадан ұйымдасып жатқандықтан «Жаңа құрылыс» аталып, төрағалығына сауаты бар, сол кезде біраз тәжірибе жинақтап, ысылған Сәле Байғожаұлы бірауыздан сайланды.

Сәле 1942 жылы өзі сұранып майданға кеткенге дейін колхозды  басқарды. «Ол білімді, мәдениетті, жаны жайсаң азамат болды. Өмірде адамға дауыс көтеруді білмейтін, мінезі жайма-шуақ «сегіз қырлы, бір сырлы» жан болды. Аздап сәнқой, сал-серілігі бар, өте әдемі жігіт еді. Ол таңертең ерте тұрып үйлерді аралап, соғыс кезіндегі ауыл адамдарының қуаныш-қайғысына ортақтасып, көңіл рухын көтеріп, әр шаңырақтың жағдайын мұқият зерттеп білуші еді. Біз оның өнегелі тәрбиесі мен іскерлігінен үлгі алып, сондай болуға ұмтылған ұрпақ едік. Әттең, өкініштісі сол, мұндай аяулы ағалар біздің маңдайымызға сыймай кетті. Құдайдың мұнысына да шүкір, ағамыздан жалғыз тұяқ – Қадір ініміз қалды ғой. Отанды жаудан қорғауда ерлік көрсетіп, Сәле ағамыз майданда қаза тапты. Сондай колхоздың негізін қалаған азаматқа Жарсуат ауылында бір көшенің де аты бұйырмағанына әлі күнге дейін өкінемін», – деп терең күрсінді майдангер Сапар Жетпісқалиев. Әрине, Сапар ағаның өтінішіне біз де қосыламыз. Болашақта Жарсуат ауылдық округінің әкімшілігі де бұл ұсынысты қолдайды деп сенеміз.

Ал, Сәле ағамыз төраға болып, негізін қалаған «Жаңа құрылыс» колхозы 1951 жылдың қаңтар айына дейін солай аталып, кейін Махамбет атындағы колхоз, облысқа белгілі Жамбыл атындағы кеңшар, қазір нарықтық қатынасқа байланысты оның сабақтас мұрагері ретінде «Жарсуат» өндірістік кооперативі деп аталады.

Аяулы ағаның өмір дерегін зерттеу мақсатында шаң басқан облыстық мұрағаттан өз қолымен жазылған өмірбаян мен мінездеме таптық, суретке түсіріп, ол туралы білетін адамдардың естеліктерін жинадық. Мына бір құжат өте қызықты,  назар аударуға тұрарлық.

Мұнда Қазақстан К(б)П Есбол аудандық комитетінің (Индер ауданының бұрынғы атауы) 1940 жылғы 19  тамызда өткен №13-46 санды бюро мәжілісі туралы айтылған. Күн тәртібінде «Жарсуат ауылының азаматы Сәле Байғожаұлын «Жаңа құрылыс»  колхозының басқарма төрағалығына  бекіту туралы мәселе қаралыпты. Онда былай делінген:  «Оның өмірбаяндық дерегі туралы айта келе, колхоздың мемлекеттік жоспарды орындаудағы жұмысына талдау жасалған. Колхозда ірі қара саны – 154, жылқы өсіру – 86, түйе – 14 басқа жеткен. 1940 жылы колхоздағы егіс шығымдылығы жақсарды, әр гектардан 4,12 ц. бидай, 7,5 ц. арпа, 4,7 ц. тары, картоптан 8 ц. өнім жинады. Колхозда ет пен май және жүн дайындау жоспарлары  мерзімінен бұрын 100%-ға  орындалғаны айтылған.

Сәле Байғожаұлы 1940 жылы желтоқсан айының 7-ші жұлдызынан бастап, «Жаңа құрылыс» колхозының басқарма төрағасы болып жұмыс істейді. Жұмыстан алған ескертулері жоқ, сондықтан бұл лауазымға бекітуді ұсынамыз. Қазақстан К(б)П Есбол аудандық комитетінің кадр жөніндегі хатшысы: Қанатов», – делінген.

Майдангер Сәле Мандаш анамызбен 1938 жылы жанұя құрып, 1939 жылы өмірге Қадір атты ұлы келді. Колхоздың әртүрлі шаруашылық жұмыстарында қызмет еткен Мандаш анамыз шаңырағының отын сөндірмей, телміре ұзақ жолға қарап, жастық шақты сүйген жарын мәңгі сағынумен өткізіп, 1958 жылы өмірден озды. Майдангер Сәленің ұрпағы Қадір 1958 жылы Елтай ауылындағы М.Сиранов атындағы орта мектепті бітірді. Кейін екі  жыл ауылда әртүрлі жұмыстар істеп, 1961 жылы колхоздың жолдамасымен Алматы қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтқа (қазіргі Қазақтың  аграрлық  университеті) оқуға қабылданып, оны 1965 жылы ойдағыдай бітірді.  Ол жүрек қалауымен 1965 жылы мамырда Қазақтың қыздар педагогикалық институтының түлегі алматылық Әскенмен жанұя құрып, елге оралды.

Қадір мамандығына сәйкес ұзақ жылдар бойы бұрынғы Жамбыл атындағы кеңшарда мал дәрігері, кеңшар басшысының орынбасары, ферма басқарушысы міндеттерін абыроймен атқарды. 70 жасқа қараған шағында өмірден өткен Қадір елдің ауыл шаруашылығын дамытуға өзіндік қолтаңбасын қалдырды.  Әскен жеңгеміз Жарсуат, Тайсойған, Құрылыс ауылдарындағы кітапханада, 1987-1991 жылдары «Жауқазын» балалар бақшасының меңгерушісі болып, құрметті еңбек демалысына шықты. Қадір ағамыздың жанұясында бес ұл мен қыз өмірге келіп, білім алып, өз теңін тапты. Майдангер әулетінің  абыройын асқақтатып, дәстүрін жалғастырып отыр.

Бисен  АТАЛЫҚ, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Махамбет сыйлығының иегері,   Индер ауданының Құрметті азаматы, Индер ауданы, Жарсуат ауылы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз