Жайық жағасындағы жас талдар қашан қалың орманға айналады?

ZHayyi Жаңалықтар

Әйтсе де, осы маңды тамаша табиғатымен демалыс орнына айналдыру кенже қалып отыр. Индербордан шығысқа қарай қалың тоғай бар. Иесіз емес. Ауданға құрметті қонақтар келгенде, түрлі шаралар ұйымдастырылғанда қақпасы ашылып, киіз үйлер тігіледі. Басқа уақытта жабық тұрады. Егер жаз бойы қонақ қарсы алатындай жағдай туғызылса, жергілікті тұрғындар да, осындағы шетелдік меймандар да ағылары сөзсіз. Азды-көпті табыс та түсер еді. Әттең, оралымды істі ұйымдастыру жағы ақсап тұр.

Жайық

«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша әр жылы облыста біраз жас еңбек етеді. Олардың жалақысы да өсіп келеді. Әйтсе де, солардың жұмысының дені осындағы қураған ағаштарды жинаумен шектелетін секілді. Жас көшеттерді отырғызу, оларды күту тәрізді орман шаруашылығының қыр-сырын үйрену керек емес пе? Рас, бүгінгі студенттер келешекте бағбандықты таңдай да қоймас. Бірақ, табиғатқа деген сүйіспеншілік қазірден бастап бойында ояна берсе, түбі тәуір істерге бастама болады. Ал, эколог мамандығын таңдаған жастар үшін мұндай шара – толымды тәжірибе жинау жолы.

Жалпы, мамандардың айтуынша, қураған ағашты уақытында кесіп тастамаса, оның бойындағы зиянкестер жанындағы теректерге тарайды екен. Әр ағашқа белгі соғылады. Бұл оларды заңсыз кесуден сақтайды. Кейін солардың кейбірі бүршік жарып, қайтадан өсіп кететін көрінеді. Тек осы маңдағы ауылдардың малы жасыл жапыраққа үйір. Сиырлар табынымен келіп жайылғанда талай талды таптап кетеді. Иелеріне қанша ескертсе де оң нәтиже бермеді. Енді орманды қоршау шарасы ғана қалды. Олардың қақпалары жабық тұратыны да сондықтан.

Бүгінде мұнда Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан әкелінген үйіңкі, көктерек, жиде тәрізді ағаштар өсіп жатыр. Табиғаты ұқсас болғандықтан, олардың жерсініп кетуі де жаман емес. Сол арқылы көршілеріміз тым-тәуір табыс тауып жүр.

Сондай-ақ, индерліктер өсірген көшеттерге өзге өңірлер қызығушылық танытып отыр. Әсіресе, Қызылқоға мен Мақат аудандары көбірек сатып алады. Ал, жерлестерінің ұмтылысы нашар.

Республикада ең төмен жалақы орманшыларда екен. Неге бұлай қалыптасқанын қайдам, жылдар бойы осылай. Тоғайдың бір ағашы орынсыз оталса жауапқа тартылатын қорықшылар аз ғана айлықты қанағат тұтуға мәжбүр. Содан соң бұл істі кейінгі толқын жалғастырып кетеріне үміт бар ма? Оларды немен қызықтыруға болады? Ауыл басшылары жас мамандарды қуана қарсы алғанымен, үстіне үй, алдына мал салып бере ала ма? Сонда келешекте орманшыларға сұраныс артып, оларды күндіз шаммен іздеп таба алмайтын күйге жетерміз. Бүгінде Жайықтың Бұқар бетінен де жас көшеттер отырғызатын орын ашу керектігі жөнінде әңгіме бар. Бірақ, соған қажет мамандар табыла ма? Сырттан шақырған адамдар мұнда тұрақтай ма?

Облыстағы орманшылардың тағы бір мұңы – ара-тұра орын алатын өрт. Бұл осындағы қураған ағаштардың жаз кезінде қатты қызуынан да тұтанады. Сырт жағындағы дала оты да жайылады. Рас, төтенше жағдайлар жөніндегі департаментпен жасалған шарт бар, бірлескен әрекет келісілген. Әрине, мұның бәрі жалынмен күресте оң нәтиже беріп жүр. Дегенмен, түпкілікті ауыздықтау жайы кемшін.

Жайық жағасындағы аудандарға табиғаттың өзі тамаша сый сыйлаған. Ендеше, соны тиімді тұтынуды ойластырған жөн. Барды бағалай білмеу – ұят нәрсе. Артына тал егу – мұсылмандықтың бір парызы. Осы тұрғыдан таразылағанда игілікті істі баршамыз қолға алғанымыз да жөн-ау. 

Мәлік СҮЛЕЙМЕНОВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз