Сан ұлттың басын қосқан зауыт

сан улттынjpg Жаңалықтар

Жалпы, Атырау мұнай өңдеу зауыты о баста-ақ сан ұлттың өкілдерінің күшімен бой көтерді. Кеңестік кеңістіктің әр түкпірінен жиналған озық ойлы инженерлер кәсіпорынның бірінші басшысы Гавриил Гореченковтың жетекшілігімен шаңы аспанға шығып жатқан ен далада күрделі құрылыс жүргізді. Кейбірі осы жерде тұрақтап та қалды. Бүгінде ұжымда жиырмадан аса ұлт өкілдері бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп еңбек етуде. Мұнда жергілікті мамандардан басқа орыстар, немістер, корейлер, украиндар, татарлар, болгарлар, гректер, румындар, грузиндер және басқалары жұмыс жасайды. Олардан тұтас еңбек әулеті қалыптасқан.

сан улттынjpg

Мәселен, Юрий Николаевич Кустадинчев осында ұлдарымен бірге қызмет істеді. Кезінде сталиндік зұлматқа болгар халқы да іліккен-ді. Соның салдарынан  оның әкесі сонау Қырымнан 1944 жылы басқалармен бірге Гурьев қаласына жер аударылған. Рас, кеңпейіл қазақтар басына іс түскен өзге ұлт өкілдерін кеудеден қақпады. Керісінше, бауырына тартып, барынша қамқорлығын көрсетті. Содан шығар Николай Степанович Кустадинчев осында тұрақтап қалды. Отбасын құрды, әйелі екеуі екі ұл мен бір қызын өсірді. Жүргізушілік мамандығын үйреніп, өмірінің соңына дейін соны серік етті. Кейін, яғни 1953 жылы ел алдында еш қылмысы жоқтығы дәлелденіп, толық ақталды.

Бүгінде бұдан жетпіс жыл бұрын жер аударылып келген жігіттің ұрпағы Атырауды өзінің отаны санайды. Осындағы жұртпен етене араласып, әбден бауыр басып кеткен. Юрий Кустадинчев Атырау мұнай өңдеу зауытында 1992 жылдан бері еңбек етеді.

Екі жүздің үстінде адамы бар өндірістік буынға жетекшілік ете жүріп, басшылық қызметте Сағат Түгелбаевты үлгі тұтады. Оның адам жанын түсінгіштігін, кадрларды орналастыру шеберлігін, қызметтен тыс кездегі қарапайымдылығын әлі күнге жыр етіп айтады.

Оның ұлы Юрий Юрьевич Кустадинчевті қызмет бабымен жиі көреміз. Зауытта бақылау-өлшеу жабдықтарының механигі болып жұмыс атқарады. Ол облыстық мәслихаттың депутаты, «Возрождение» болгар этно-мәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Қызметін де біледі, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ұлтаралық бірлікті бекітуге сіңірген еңбегі үшін ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Кішкене кезінен қазақ балаларымен бірге өскендіктен тұрғылықты халықтың тілін де, салт-дәстүрін де жақсы біледі. Олардың қуанышын да бөліседі, қайғысына да ортақтасады.

Юрий Константинович Шкодиннің зауытта жұмыс жасағанына жарты ғасыр толды. Еңбек жолын қатардағы жұмысшылықтан бастап, бүгінде өндіріс жетекшілігіне көтерілген. Кезінде зауыттағы ең ірі буын саналатын №3 цехты басқарды. Оған жетекшілік ету өз ісін жетік білетін, кәсіби тұрғыдан жақсы дайындалған маманның ғана қолынан келетін. Зауыт басшылығы Юрий Шкодинді таңдады. Ол қысқа уақытта цехты алдыңғы қатарға шығарды.

Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары зауыт қуатын күрт арттыру бағытында жұмыстар жүргізілді. Жаңа технологиялық жүйелер қатарға қосылды, өзгелері салынып жатты. Солардың бірі 1980 жылдың шілдесінде пайдалануға берілген №5 цех еді. Бастапқыда оның жұмысы жүрмеді, кідірістер көп болды, апатты оқиғалар орын алды. Қондырғыларды орналастыру барысында кемшіліктер кеткендігі анықталды. Енді цех қызметін қалай қалпына келтіру қажет? Демек, шебер ұйымдастырушы ізделді. Зауыт басшылығы бұл істі тағы да Юрий Шкодинге тапсырды. Ол керекті мамандарды мұқият іздестірді, оларға нақты міндет жүктеді. Бүгінде №5 цех – зауыттағы алдыңғы қатарлы өндірістік буын.

Орыс ұлтының өкілі Юрий Шкодин көп жылғы еңбегіне орай мемлекеттік марапаттармен де аталып өтті. Ол кеңестік кезде «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне қадаса, тәуелсіздік жылдары «Құрмет» орденін иеленді. Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары – өз алдына бір төбе. Сайып келгенде, оның зауытта білмейтін тетігі жоқ. Оның үстіне, АҚШ-тың Техас және Хьюстон қалаларында білігін жетілдірген маман әлемдік технологияның тілін де меңгерген.

Зауытта Юрий Константиновичтің әйелі, бауыры, қос ұлы мен келіні және немересі де еңбек етеді. Сонда бір әулеттің осындағы еңбек өтілі 147 жылды құрайды екен.

Бұдан басқа зауыттағы Шатиловтар отбасының еңбек өтілі 186 жылға жетіпті. Әулеттің үлкені Артур Михайлович осында 1971 жылдан бері жүргізуші. Бүгінде інілері, келіндері мен қыздары, немерелері мен жиендері бірге еңбек етеді.

Немесе Хасановтардың осында жұмыс жасағанына 169 жыл болыпты. Үлкен отбасының басшысы Айтқали Хасанов осындағы №7 цехта еңбек еткен. Бұлардан бөлек Гумеровтар, Белобородовтар, Зевакиндер, Ревковтар, Сапаровтар, Феклистовтар, Кабанкиндер, тағы басқалары – барлығы алпыс шақты отбасылық әулет бір ұжымға бүкіл ғұмырын арнаған.

Байқап отырсаңыздар, осылардың бәрі – әр ұлт өкілдері. Олар бір мақсат, бір мүдде жолында жұмылған.

Меңдібай Сүмесінов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз