МЕРЕЙДІ ӨСІРГЕН МАРАПАТ

Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев елдің экономикалық және әлеуметтік-мәдени саласына елеулі үлес қосып, ірі кәсіпорындарда, бизнесте, ауыл шаруашылығы мен білім, денсаулық салаларында халыққа сапалы қызмет көрсетіп жүрген азаматшаларды қабылдап,  мерекелерімен құттықтады.  

– Көктемнің жаймашуақ  күні – әдемілік пен мейірімділіктің мерекесінде біз сіздердей ақ жаулықты аналарымыз бен ақылшы апаларымызды, іскер әріптестеріміз бен зерек замандастарымызды  төл мейрамдарымен құттықтап, салтанатты қабылдаулар өткізуді дәстүрге айналдырдық. Мақсатымыз – өміріміздің өзегіне айналған әйелдер қауымына лайықты құрмет көрсету. Өйткені, әйел өзін сенімді сезінген жерде – отбасы да берік, балаларымыздың болашағы да жарқын. Қоғамымыздың даму барысын сіздер сияқты нәзік те көңілді, істе мығым әйелдер  қауымынсыз елестету мүмкін емес. Көктеммен бірге келетін әйелдер мерекесі қашан да мерейлі де ұлықты бола берсін – деген шаһар басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы. Алғыс хатпен қоса, естелік сыйлықтар,  гүл шоқтарын табыстап, ыстық ықыласын білдірді.

 – Қашан да үлкенді құрметтеуді азаматтық парызы санаған қазақ халқында ананы сыйлау – тәрбиенің өзегі. Мен 40 жылдың үстінде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасадым. Тоғыз баладан 11 немере, 13 жиеншар көріп отырған ақ жаулықты әжемін.  Ескерусіз қалдырмай, құрметтеп, орталарыңызға шақырып отырсыздар, алғысым шексіз. Ел тізгінін қолына алған басшыларымыз, жұртым аман, егемендігіміз мәңгі болсын, – деді «Алтын алқа» иегері Самиға Баритова.

Атырау қалалық мәслихатының депутаты, Атырау политехникалық колледжінің директоры Бағыт Шеркешбаева да ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.                     

Құрметті ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар!

Аяулы арулар мен қадірлі қарындастар!

Сіздерді жылдың ең ғажап кезеңі, көгілдір көктемнің шуақты күні 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Шығыс халықтарының арасында нәзікжандылар қауымын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі – біздің қазақ. Себебі, әйел – өміріміздің тірегі ғана емес, әйел — өмірдің өзі.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым аналарға үндеу арнап, мемлекет үшін ананы қорғау басты назарда болуы тиістігін нықтап айтқан болатын. Өйткені, қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде  биік, ал, істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес.

Әйел – ошағымыздың ұйытқысы, Отанымыздың сақтаушысы, береке, бірлігіміздің алтын діңгегі, қоғамымыздың келешегі. Әйел өзін сенімді сезінген жерде ғана – отбасы да берік, ұлттың болашағы да жарқын.

Елімізде сән-салтанатпен атап өтілетін әртүрлі мейрамдардың ішінде 8 наурыз  мерекесінің орны ерекше. Әйелдер қауымын әдемі әсерге бөлейтін осы мереке қарсаңында баршаңызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, баянды бақыт, шаңырақ шаттығын тілеймін!

Ізгі ниетпен,

Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз