ҚУАНЫШКЕРЕЙ СӘМЕШҰЛЫ: «СОҒЫС КЕЗІНДЕ ДЕ НАУРЫЗДЫ ҰМЫТПАДЫҚ»

Ырыс пен берекенің, молшылықтың, бейбітшіліктің мерекесі Наурыз ерекше қасиетке ие. Ұлтымыздың ұлық мерекесі наурызды халқымыз кеше-бүгін ғана ойдан шығарған жоқ, ежелден бабаларымыз төл мерекесін атап өткен. Басқа уақыт өз алдына, баласынан, бауырынан айырылып, қайғы жұтып, қиналған Ұлы Отан соғысы жылдары да  Қазақ елі Наурызды естен шығармады.

Ол кезді өз көзімен көріп, басқа түскен ауыртпалықты көтере білген ата-әжелеріміздің көпшілігі өткенін ойға түсіріп, айтқысы келмейді. Себебі, ол сұрықсыз уақыт жұрттың тіршілігі жадау, көңіл-күйі жоқ, әрі соғыс, әрі жоқшылық қысқан, қолында билігі болмай, өзгеге қарап елеңдеген қазақ елін көз алдына әкелер еді. Десек те, буыны беки қоймаған балалық шағында еңбекке ерте араласқан бүгінгі тыл еңбеккері, еңбек ардагері, Атырау қаласының Құрметті азаматы  Қуанышкерей Сәмешұлы бізбен пікірлесуден бас тартпады.

– «Соғысқа әкеммен бірге екі ағам да аттанды. Ат ұстайтын жігіттерден үйде өзім ғана қалдым. Арқа сүйер анам мен әжемнен өзге адам жоқ. Ауылда қару ұстауға жарамды азаматтардың барлығы майданға алынды. Төртінші сыныпта оқып жүріп жұмыс жасадым, – деп әңгімесін бастаған ол үш ай демалыс кезінде қысқы мал азығын жинап, егін егіп, майдан даласына азық әзірлеуге қатысқанын айтты.

Сұм соғыс ауыл тұрғындарына ауыртпалық әкелді. Бірақ, бірлігі мықты қазақ халқы қиындықтарға төтеп бере білді. Қуанышкерей Сәмешұлы өзі туып-өскен Индер ауданындағы қазіргі Елтай ауылдық округінің тұрғындары да бір кісідей жұмыла еңбек етіп, майдан даласындағы азаматтарына азық-түлік, қажетті киім-кешектер жіберіп, ала таңнан қара кешке дейін еңбек еткен. Халыққа әкелген қасіреті көп соғыс кезінде де қазақ ауылдары Наурыз мерекесін есте ұстаған.

– Әлі есімде, күн жылынып, жер аяғы кеңіген шақта әжем, анам, ауылдың әйел азаматтары бас қосып шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құратын. Қыстай сақтаған сүр еттері мен көжелерін сапырып, үй-үйді аралайтын. Көрші-қолаң бір-біріне дәм ауыз тигізіп көңілдерінің қошы болмаса да, жақсылықтан үміттенетін. Үлкендер бас қосқанда соғыстың жеңіспен, бейбітшілікпен аяқталуын тілейтін. Бүгінгідей дүркіреген ән-күймен атай алмаса да, өздерінше ырымын жасап құшақтасып, қол алысып жыл басы Наурыздан жақсылық күтетін еді, – дейді ардагер.

Амандық-саулық тілесіп, ат арбаларына отырған ауыл халқының бір-бірімен көрісіп, ескі реніш, өкпе-наздары болса оны ұмытып, арқа-жарқа болуы – Наурыздың нағыз сәні іспетті. Бұл дәстүр сол соғыс кезінде де ұмыт қалмаған. Бүгінгі күнге дейін түр-тұрпаты сақталып келген ұлттық мерекенің еліміз үшін мән-маңызының жоғары тұру себебі де осында болса керек.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз