Геннадий Франк: «Мен де балалар үйінің тәрбиеленушісімін»
«Ынтымақ Атырау» үкіметтік емес ұйымы облыстағы отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне мотивациялық тренинг өткізді.
2012 жылдан бері әлеуметтік жобалар аясында әртүрлі шаралар мен жобалар өткізіп келетін ұйым өңірдегі алпауыт компаниялардың бірі «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жұмыс жасап келеді. «Ынтымақ» ұйымының еріктілері тәрбиеленушілерге ағылшын тілі курстарын ұйымдастырып, қаражат жинап, қажетті заттарын табыстап, атаулы мерекелерде құттықтап, оларды тұрақты қолдап тұрады.
Ұйым мүшелері еріктіліктің бірнеше бағыты бойынша жұмыс жасайды. Атап айтқанда, қайырымдылық, білім беру, әлеуметтік және экологиялық жобалар. Ағаштар отырғызып, мұқтаждарға көмек қолын созып, қоршаған ортаның тазалығына да атсалысады. Осыдан бірнеше жыл бұрын топ еріктілері қайраңға шығып қалған он мыңдай балық шабағын құтқарған болатын.
Жуырда «Ынтымақ» ұйымы тәрбиеленушілерге Орал қаласынан әлеуметтік кәсіпкер шақыртып, кездесу ұйымдастырған болатын.
Мен де балалар үйінің тәрбиеленушісімін. Әлеуметтік жобалармен айналысамын. Біздің кәсіпорын әлеуметтік мақсаттағы жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған. Жоба балалар үйінің түлектерін кәсіпкерлікке баулуды көздейді. Өйткені, біздің балаларымыздың ертеңгі күні қандай да бір кәсіппен айналысуы үшін кәсіптік бағдар беруде жобаның маңызы зор. Бізде әрине, өзекті мәселенің бірі – осы. Соған қоғамның назарын аударуымыз керек. Сондықтан, қазір оларды бір кәсіпке баулысақ қана олар өмірлік бағдарын анықтайды. Балаларымыз да еңбек дағдысына үлкен қызығушылықпен қатысады. «Ынтымақ» секілді үкіметтік емес ұйымдар біздің өңірде де қолға алынса жақсы болар еді. Мұндай игілікті іске бастамашы болып жүретін ұйымның Атырауда бары қуантады»-дейді «Шаңырақ» ЖШС Әлеуметтік кәсіпорны, «Нұр» балалар үйі мен мектеп-интернаттары түлектерінің Батыс Қазақстан Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Геннадий Франк.
Балалар үйінің тәрбиеленушілері модераторға көкейдегі сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Балалардың да сұрақтары, кәсіпкерлікке, осы жолдағы түрлі қиындықтарға қалай төтеп беру туралы болды.
Көп нәрсе мотивацияға байланысты. Сіздер бір нәрсеге қол жеткізгілеріңіз келсе, тоқтап қалмау керек. Бұл жолы жолыңыз болмады ма, келесі жолы көріңіз. Айталық, өзім де жоғары оқу орнына 26 жасымда түстім. Онда тұрған ештеңе жоқ. Сосын бір ғана мамандықпен шектеліп қалмау керек,-дейді Геннадий Франк.
«Ынтымақ Атырау» ҮЕҰ-ның директоры Майя Шаменованың айтуынша, ұйым балаларға қайырымдылық көмек қана көрсетпей, оларға өздерінің жолдарын тауып, өмірлеріне пайдалы болар дүниелерге машықтандыратындығын айтады.
Университеттер мен колледжердің, мектептердің мұғалімдеріне ТШО-ның еріктілерімен бірлесіп ағылшын тілін үйретеміз. Бұрын офлайн болып жүрді. Үш тілде сөйлейтін компанияның еріктілері оқу орындарына арнайы шақырылып дәрістер жүргізеді. Студенттерге толғантқан сұрақтарын қоюға толықтай мүмкіндіктері бар. Сенбіліктерге шығып тұрамыз. Мемлекеттік бөлімдермен бірлесіп, былтыр да биыл да бірнеше гектар жерге ағаш отырғыздық. Құлағы естімейтін балаларға арналған аппараттар сатып әпердік. Карантиндік жағдайға байланысты былтыр мұқтаж отбасыларға азық-түлік сертификаттарын табыстадық,-дейді Майя Мақсотқызы.
Тренинг екі күнге созылып, модератор жасөспірімдерге өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, нақты мүмкіндіктер мен келешекті жоспарлау туралы мотивациялық талқылаулар өткізді.
Алмас ҚАБДОЛОВ