Баннер 9 мая от газеты Атырау

Атыраулық жас спортшы жүзуден рекорд орнатты

img 20240307 wa0137 Жаңалықтар

Атыраулық 11 жастағы жас спортшы Жансейіт Жанбосын 50 метрге butterfly стилінде жүзуден жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанды.

Көкшетауда өткен «Бурабай інжу-маржаны» республикалық турнирінде атыраулық жүзуші Жансейіт Жанбосын чемпион атанып, 50 метрге butterfly стилімен 31 секунд 72 миллисекундта жүзіп өтіп, республикалық турнирдің соңғы алты жылдан бері өзгеріссіз тұрған рекордын жаңартты.

Атырау облысының жүзуден құрама командасының бас бапкері Иван Галкиннің айтуынша, Көкшетауда өткен республикалық турнирге 2013 жылғы және одан кіші жастағы 300-ге жуық спортшылардан құралған 30-дан астам команда қатысқан.

– Турнир жоғары деңгейде өтті. Жарыс нәтижелері бойынша спортшылардың жоғары дайындық деңгейін сезінуге болады. Атырау облысынан турнирге 20 спортшы қатысты. Олардың ішінде Жансейіт Жанбосын butterfly стилі бойынша 50 метрлік рекордты жаңартып қана қоймай, 50, 100, 200 метр қашықтықты кроль әдісімен жүзіп, турнирдің «Үздік спортшысы» атанды. Сонымен қатар Аяна Сали 100 метрге butterfly стилімен 1 минут 29 секунд 94 миллисекундта жүзіп, жарыстың жүлдегері атанды. Бұл нәтижелер атыраулық жас жүзушілердің мүмкіндігі жоғары екендігін көрсетеді, – деді И.Галкин.

Айта ктейік, Жансейіт Жанбосын Атырау қаласындағы №17 мектебінің 5-сыныбында оқиды. Жас спортшы алты жыл бойы кәсіби жүзумен айналысып келеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз