Атырауда 3000 литр шұбат 2 млн. 400 мың теңгеге сатылған

ШҰБАТ Жаңалықтар

Құрманғазы өндірістік кооперативі бұған дейін аудан өңірін былай қойғанда әр жақтан сұраныс берушілерге сапалы қой етін ұсынып келді. Соңғы жылдары түйе сауынын ұйымдастырып, шұбат дайындап беруді тәжірибеге айналдырды.

ШҰБАТ

Биыл бұл шаруаны далалық шөбі бұрқырай көтерілген мамыр айынан бастап қолға алды. Қыркүйектің 10-ына дейін «Бурабай көлі» аталатын құнарлы өңірде аналық інгендер сауын үшін арнайы бағылса, онымен Сұңғат Аманғалиев деген кооператив мүшесі айналысты. Ал, оның жұбайы Лена Ризуанова түйе бағумен және шұбат дайындаумен шұғылданды. Шаруаға бұл отбасының қазір 10-ы сыныпқа келген Бекзат, 6-ы оқитын Нұрсат ұлдары да еңбек-тынығу лагері есебінен араласып, ата-ана қолын ұзартты. Ал, құртқашашпен ысталған күбіде дайындалған сапалы қымызды өткізу кооператив төрағасының орынбасары Алтын Абуеваның еншісінде болды. Құрманғазы өндірістік кооперативінің ішсең-сусын, дертіңе-дауа бұл өніміне сұраныс өте жоғары екендігін айта кеткен ләзім. Қысқасы халыққа сол айтылған мамырдан-қыркүйектің 10-ына дейін 3 мың литр шұбат өткізіліп, кооператив есебіне 2 миллион 400 теңге қаржы кірістелді.

Ұйымдастыра білгенге пайда көзі аз ба, төраға, облыстық Мәслихаттың белгілі депутаты Сабыржан Сұлтанов келер жылы сауын інгендер санын көбейту арқылы бал шұбатты молынан өндіруге бел байлап отыр. Ол уәде етсе, орындаларына әбден сенуге болады. Өйткені, Сабыржан Сұлтанов сылтау айтатыннан емес, істі жетік меңгеріп, жете ұйымдастыра алатыннан.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз