0 8

Алдағы 5 жылда 30-дан астам ірі фармацевтика өндірісі ашылады

Жаңалықтар Медицина


Премьер-Министр Асқар Мамин отандық фармацевтика өндірісін дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін ұсынылған Фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары бойынша 30-дан астам жаңа ірі фармацевтика өндірістері іске қосылады, бұл дәрілік заттарды өндіру көлемін 2,5 есе, экспортты 3 есе өсіруге, 2 мыңнан астам жоғары білікті мамандарды даярлауға және оларға тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Жалпы, осы қабылданып жатқан жүйелі шаралар халықтың денсаулығын сақтауға ықпал етеді», – деді Премьер-Министр бүгінгі Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы Кешенді жоспар жобасын мақұлдап, жауапты мемлекеттік органдарға оны сапалы және уақтылы іске асыруды тапсырды.

«Сонымен қатар мынадай маңызды мәселелерге назар аудару қажет. Біріншіден, барлық инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін отандық фармацевтика өндірісі үшін, әсіресе клиникалық сынау және клиникаға дейінгі сынау бөлігінде мемлекеттік қолдау шараларын ауқымды түрде кеңейту қажет. Индустрия, Денсаулық сақтау және Сыртқы істер министрліктері дәрі өндірісін елімізде оқшаулауға Big Pharma – Top 50 тізімінен әлемдік фармацевтика өндірушілерді тарту бойынша ұсыныстар енгізсін», – деді А. Мамин.

Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі ұзақ мерзімді келісімшарттарды іске асыру механизімін кеңейтіп, елдегі дәрілік заттарға қажеттіліктерді нақты жоспарлау мен айқындауы қажет.

«Медицина бұйымдары мен дәрілерді сынақтан өткізетін зертханалардың материалдық-техникалық базасын күшейту қажет. Кешенді жоспардың іске асырылуын ескере отырып, фармацевтика саласы үшін білікті кадрларды даярлау жөнінде шаралар қабылдансын. Үшінші, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері жергілікті жерлерде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алған кезде жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторларды (KPI) бекітсін», – деді Премьер-Министр.

Айта кетейік, Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» таныстырды. Биыл фармацевтика өнеркәсібінде – 34,1%, инвестицияларда 5,2% серпінді өсу байқалады.


Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған