ТУҒАН ЖЕРДЕН ТОПЫРАҚ БҰЙЫРМАҒАН

Жаңбырша жауған жау оғының астында көмусіз қалған талай боздақтың бірі – менің бауырым Жұмадин Әлдекенов. «Қаза тапты» деген тілімдей қағаздан өзге дерек болмағандықтан, «бауырым туралы бір хабар алсам» деген ниетпен талай жылымды іздеуге арнаған едім.

Арада жетпіс жылдай уақыт өткеннен кейін  қан майдан даласынан қайтып оралмаған бауырымның Варшава қаласынан 91 шақырым қашықтықта орналасқан Седльце жеріндегі бауырластар зиратында жерленгенін білдім. Бұл деректі немерем Нұрлыбек obd-memorial.ru сайты арқылы анықтады.

Жұмадин Әлдекенов 1924 жылы қазіргі Жылыой ауданы, Құлсары қаласында дүниеге келген. 1942 жылдың тамыз айында ағам Жұмадинге әскери бөлімшеден майданға шақырту туралы қағаз келді. Бір ай өткеннен кейін Башқұрстанның орталығы Уфадан ағамнан алғашқы хат келді. Хатында Уфа қаласынан екі-үш ай оқу-жаттығудан өтіп, әрі қарай майданға аттанатынын жазыпты. Келесі бір хатында Суворов атындағы 80-ші атқыштар гвардиялық дивизиясының автоматчигі және пулеметчик жауынгері болып соғысып жүргенін жазған. 1943 жылдың 2-ші қыркүйегінде Свердлов облысын азат еткені үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

1944 жылдың мамыр айының 30-нан 31-не қараған түнінде Полесский облысының аймағындағы неміс шебіне бес адам болып  барлауға аттанады. Немістердің оқ-дәрі сақтайтын қоймасын, роталық миноментін, сонымен қатар жаудың он бес әскерінен құралған дзоттың көзін құртып, бір офицерін тұтқынға айдап әкеледі. Осы ерлігі үшін Жоғары Кеңестің бұйрығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Сол жылдың тамыз айында Витебск облысындағы Комары деревнясын азат еткені үшін II дәрежелі Ұлы Отан Соғысы орденімен марапатталғанын, қарапайым жауынгерге сержант шені берілгендігі туралы хаттарын алдық. Бұл ағамның соңғы хаты еді.

Осыдан үш жыл бұрын Польша жеріне қызым Зәмзәгүл, немерем Ақылбекпен барып, ағам Жұмадиннің рухына Құран бағыштадық. Кіндік қаны тамған туған өлкесі Жылыой ауданына қарасты Бақашы жерінің бір уыс топырағын бауырластар зиратына, сол жердің топырағын Бақашы қауымына әкеліп сеуіп, естелік ескерткіш ретінде белгі орнаттық.

Сәттіғұл ӘЛДЕКЕНОВ,

тыл ардагері,

Мұратбек Қонысқалиұлы,

немересі,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз