СӘБИ ЖАНЫН ТҮСІНУ ОҢАЙ ЕМЕС

немесе балабақшадағы бір күн

«Елдің есінде бір жыл қалғың келсе, ас бер, он жыл қалғың келсе, тал ек, мәңгі қалғың келсе, бала тәрбиеле» деген халық даналығы бар. Бұл тәрбиешінің бала тәрбиесіндегі маңызы мен мәнін айқындайды. Қиындығы мен қызығы мол мамандықтың қыр-сырын зерделеуде тілшіміз кәсібін өзгертіп, тәрбиеші кейпіне енген еді.

Іргетасы 1967 жылы қаланып, талай бүлдіршінді мектепке дейін тәрбиелеп, қанаттандырған Атырау қаласындағы «Балдырған» аталатын №18 балабақшасына ат басын тіредік. Балабақша директоры Салтанат Убидяновадан тәрбиешілік қызмет сұрай барғанымыз сол еді, алдымен, тәрбиеші болу кім көрінгеннің қолынан келе бермейтінін айтты. Қызметке кіріспес бұрын мамандықпен танысу үшін  «Айгөлек» атты әсем аты бар №15 ересектер тобына бағыттады. Біраз күн мамандықтың қыр-сырын меңгеруді ұсынды.

Келісілгендей, таңертең  сағат сегізде балабақшада болдық. Балабақша іші әлі тыныш күйде, асүйде таңғы асқа ботқа әзірлеп жатқан аспаздар ғана бар.

Топтың есігін ашып, жаңа қызметіме кірісіп кеттім. Балабақша іші біртіндеп жандана бастады. Балалардың шуы естіліп, күлкі-сімен қатар, жылаған дауыстары да шығып жатты. Күнделікті таңертең әрбір ата-ана баласын балабақшаға әкелген соң қолданыстағы тәртіп бойынша тізімге қол қояды. Бейтаныс тәтейді көрген балалардың ұялып қалғаны байқалады. Кішкентайлардың әдеті ғой, алғаш көрген адамға жақындай қоймайды. Бірақ, мен олардың әрқайсысының іші-бауырына кіруге тырыстым. Таңертеңгілік ас мә-зірі дайын болғанға дейін балалармен таныстым. Бүлдіршіндер отауының медбикесі Ғазиза Мұхамбетқалиевамен бірге олардың тазалығын, дене қызуын тексердік. Бұл күнделікті қадағаланып, журналға түсіріліп отыратын жұмыстар екен.

Жаттығу жасап, ойындар ойнадық. Балалық шаққа саяхат жасап, есімде қалған ойындарды ойнатуға тырыстым. Тікұшақ болып ұштық, көжек болып секірдік, балық болып суда жүзгендей болдық. Мұның бәрі қарапайым жаттығулар болғанымен, тез шаршаңқырап қалғаным рас. Мүмкін, әдеттенбегендіктен шығар.

Одан әрі балалардың беті-қолын жуып, тістерін тазалауға бет алдық. Балалар өз тіс щеткасы мен пасталарын біледі. Әрқайсысы өз құралдарын алып, жуынуға кірісті. Одан әрі балаларға таңғы ас берілді.

Таңғы астан соң алғашқы сабақ басталды. Менің еншіме математика пәні тиді. Таң қаларлығы, балалар төрт жаста болса да партада түзу отырып, қолдарын парта үстіне қойып, сабаққа дайындығын көрсетеді. Тура бірінші сыныптың оқушыларындай. Бір айта кетерлігі, өткен сабақты қайталағанда балалар өте белсенділік танытып, геометриялық пішіндерді санап, оның аты мен түсін айтып, сайрай жөнелді. Одан әрі бөлме ішінен соларға ұқсас заттарды тауып, тапсырмаға сәйкес, бояуға кірісті. Он-он бес минуттан соң балалар жаттығудан жалыға бастады. Мұны бір-бірімен ойнап, әңгіме айтып отырғанынан байқадым. Сосын балалардың шаршағандықтарын түсіндім де, сергітуге кірістім. Орындарынан тұрғызып, «Он саусақ», «Алақай, балақай» жаттығуларын жасадық. Әрі қарай сабақты жалғастырдық. Суреттерді әңгімелеп, таяқшаларды санадық. Сабақ аяқталған соң балаларды ойын бұрышына жібердім. Ұлдар машиналарға «мынау – менікі, анау – сенікі» деп таласып жатты, біреулері жылап та алды. Ал, қыздар тып-тыныш ойнайды ма десем, олар «апам маған кеше әдемі көйлек әперді, сенде ондай жо-о-оқ», «апай, Әсем өзі бастады, қоймайды» деген арыз-шағымдар көбейе бастады. Балаларды өз дегендеріне қоя беріп, отыруға болмайтынын түсіндім де,  ойдан ертегі құрастырып, олардың көңілін аулауға тырыстым.

Күн тәртібі бойынша балаларды далаға серуенге алып шықтым. Ауа райы салқын болғандықтан, олардың жылы киімдерін мұқият кигенін қадағаладым. 24 баланы бірдей далаға алып шығу оңай болмады. (Негізі бұл топта 37 бала бар). Оларды далаға қараусыз жіберіп қоюға тағы болмайды. Бәрін біріктіріп, «Ақсерек, көксерек» ойынын ойнатып, көңілдерін сергіттім. Ашық аспан астында серуендеген балалардың маған қойған сұрақтары да аз болмады. Бірі «аспанның түсі неге көк екенін сұраса, енді бірі құстар неге сөйлей алмайды?» деген сияқты қызықты да қиын сұрақтарға жауап беруге тура келді.

Түскі тамақ уақыты таяды. Балақайлардың әрқайсысының мұқият тамақтануын қадағаладым. Тынығатын уақытқа да жеттік. Әр баланы төсек орнына жатқызып, олардың ұйықтаулары үшін тағы көп күш жұмсауға тура келді. Ертегі оқып бердім. Соның өзінде біреулері төсекте домалап, сыбырлап жатты. Мен  әбден шаршадым. Ал, балалар болса осыншама энергияны қайдан алады екен деп ойладым ішімнен. Бірақ, шаршаңқы түрді балаларға көрсетуге болмайды. Бұл – тәрбиешіге жат қылық.

Сөйтіп, балалар тыныққан уақытта мен де сәл-пәл тыныға аламын десем, ол бекер екен. Өйткені, үстелдің үстінде «мен мұндалап» қағаздар толып тұр.Үстелге жайғасып, күнделікті технологиялық карта, балалардың күн тәртібі, тәрбие шараларының циклорамасы, баланың денсаулығын бақылау журналдарын толтыруға кірістім. Біт-пейтін қағазбастылық мені әбден қажытты. Жазу үстелінде тура үш сағат отырдым. Балаларды оятатын уақыт та жетті. Аяқталмаған жұмыстарды ысырып қойдым да, әдемі көңіл-күйге еніп, балақайларды ұйқыдан тұрғыздым. Бір-бір үйдің еркелері жаңа апайларына да еркелеп, ұйқыларын қимай жатты. Оларды киіндіріп, шаштарын тарап, әдемілеп бантиктерін тақтық. Сағат бестегі тамақтарын ішіп, еркін ойын түрлеріне көштік.

«Апай, сіз дүкенші болыңызшы немесе шаштараз болып менің шашымды әсемдеп беріңіз, тырнағымды бояңызшы» деп титімдей қыздар қазірден бастап әдемілікке әуес екенін білдіріп жатты. Тіпті мені де орталарына қосып алып, шашымды тарап, бояндыруға кірісті. Жан-жағымнан қоршап алған олар мені өз қиялдарынша «әдеміледі». Осылайша, балалармен бала болып, қызу араласып кеткенім соншалық, жұмыс аяғының таяп қалғанын да аңғармаппын. Ата-аналардың балаларын алып кетуге келіп жатқандарын көргенде ғана қиял әлемінен қайта оралғандай болдым. Бірақ, бір күннің ішінде шаршағаным рас. Оны да ұмытып, жұмыс аяғында ертеңгілік сабақтың жоспарын жасап, журнал толтыруға кірістім. Өйткені, ол әзірленіп, бекітіліп дайын тұруы тиіс. Әр күн сайын тәрбиешінің орнын басу қадірлі әрі қиын екенін түсініп, үйге бет алдым. Балабақшадағы әдемі бір күн аяқталды. Біз де репортажымызды осылай түйіндесек болар еді, бірақ өңірдегі тәрбиеленетін орындарға қатысты кейбір проблемаларды қозғағанды жөн көрдік.

Жарты ғасырға жуық тарихы бар бұл балабақшада талай азамат тәрбиеленіп,  бүгінде ірі-ірі лауазымды қызметтер атқаруда. Балабақшаның облыстағы озық білім ошақтарының қатарында екені анық. Бір айта кетерлігі, 280 орынға арналған балабақшада бүгін балалардың саны үш есе артық. Барлығы 16 топта 28 тәрбиеші қызмет етеді. Әр оқу жылына арналған міндеттерге орай, педагогтар балаларды ұлттық тәрбиеге баулуға назар аударып отыр. Бір мысал. Күнделікті сабақ, ойын барысында ою-өрнектердің түрлерін де кеңінен пайдаланады. Ағашты көшет кезінен күтіп-баптамасаң, оның жапырақ жаймайтыны белгілі. Бала да сол сияқты. Сондықтан, оның бойына эстетикалық, адамгершілік, патриотизмді салт-дәстүрмен, тіл өнерімен сабақтастыра жүргізгенде ғана істің нәтижелі болатынын балабақшадағы тәрбиеші қауым естеріне ұстап-ақ келеді.

Балабақша меңгерушісі Салтанат Убидиянованың айтуынша, мұндағы басты проблема – бала санының көптігі. Жоспарлы 280 баланың орнына қысылып, қымтырылып 600 жүздің үстінде бүлдіршін тәрбиеленуде. Баланың көптігі қажетті құрал-жабдықтың жетіспеушілігіне әкелетіні өз алдына, тәрбие ісінде де  қиындықтар тудыруда. Ал, жұмысқа кез-келген адамды қабылдай беруге болмайды. Бұрыннан жасап келе жатқан тәжірибелі мамандар болмаса, жастар ұзақ тұрақтамайды. Тәрбиешілердің жалақылары да мардымсыз, небәрі 30-40 мың теңгені құрайды. Ал, олардың көмекшісі 25 мың теңгені ғана місе тұтады. Бірақ, олардың атқаратын қызметтері ұшан-теңіз, жалақыларына еш сәйкес келмейді. Бала тәрбиесінен бөлек, қағазбастылық та жетіп артылады. Соған қарамастан тәрбиешілер өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарайды.

Балабақша ғимараты ескі болғанымен, қызметкерлер өз күшімен ұстап отыр. Оның сырты мен ішкі безендіруін қызметкерлер шама-шарықтарынша өздері жалақыларынан ақша жинап қалыпқа келтірген. Иә, мардымсыз жалақы алатын тәрбиешілердің бұл ісін ерлікке балауға болар.

Мұның бәрі әрине, бір ғана емес, облыстағы барлық балабақшаға тән проблема. Елбасының үш-алты жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен толық қамту жөніндегі тапсырмасы негізінде облыста атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Соңғы екі жылда мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейтін 67 орын ашылған. Биыл 12 бүлдіршіндер отауы пайдалануға берілмек, келесі жылы осындай 15 нысан салынбақшы. Десек те, бұл бағытта әлі де біраз іс тындырылуы керек. Өйткені, қазір облыста 18 мың сәби балабақша кезегінде тұр.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз