Мың шақырым жол жүріп…

8ef649e3 a9ac 413f 866f da9ff350028c Қоғам

«Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» бағытында «Бабалардың ізімен…» жаяу жорығына шыққан қостанайлық екі жігіт сенбі күні түстен кейін Ақтөбе облысының Ойыл ауылына келіп маңдай тіреді.

Осы жерге дейінгі 980 шақырым жолды жаяу жүріп өткен олардың бұл ісіне жолшыбай кездескен жұрт таңданысын жасырмайды.

Шұбарқұдықтан шыққанына да бірнеше күн өткен жорықшылар 140 километрдей жүріпті. Себебі, кей жерде жолдағы өзен-көлдердің басын айналып өтуге тура келген.

f6ca8da6 0edc 49cc a3c2 b3fad6f7877d

– Темір ауданының Алтықарасу ауылынан Ойылға дейін 90 шақырым екен. Ауылдық округ әкімі Мақсат Әшімов деген азамат бізді күтіп алып, хал-жағдайымызды сұрап, өз елінің жағдайынан хабардар етті. Өз дастарханынан дәм ұсынып, қол қусырып күтті. Әлі бізбен хабарласып отыр. Шұбарқұдықтан шыққан соң Кенжалы өзенінің бойында шаруашылық ұстап отырған Мейрамбек деген азамат та бізді құдайы қонақ етіп, ақжол тілеп шығарып салған еді. Алтықарасудан шығып, 51 шақырым жүргенде Ойыл ауылының шекарасына келдік. Жолдағы Қайыңды ауылының сыртымен 74 шақырымды 16 сағат тоқтамастан жүріп бағындырдық та Құмжарған ауылына да кірмей, Ерлан екеуміз ауылдың оң жағындағы ағаштың арасына қондық, – дейді кикбоксинг шебері Сәттібек Ысмайылов.

d5848814 bbcd 497d 821e a1d3af71b4cd

Күзгі суық бойды тоңазытып, денені біраз тітіркендіреді. Қанша дегенмен, қарашаның қарасуығы. Бірақ оған қарамастан, жігіттер 6 қараша күні ерте тұрып, Құмжарған тұрғындарынан Ойылға баратын төте жолды сұрап алып, жолға шығады. Құмды-қамысты жолмен біраз жүрген соң Ойыл өзеніне тіреліп, соның басын айналуға тура келіпті. Арнада аттың толарсағынан келетін ғана су болғанымен, Ақтөбе облысының аумағында жердің реңі жақсы екен.

Алдан өзенді жағалап, ауыз су құбырын жүргізіп жатқан бригадаға жолығып, жөн сұрайды.

– Жігіттер біздің сапарымыздан хабардар екен. «Қостанайдан жаяу келе жатқан Сіздер екен ғой» деп, құрақ ұшып жатыр. Алыс сапардан келе жатқанда, мұның өзі адамға едәуір күш береді екен. Сол жерде сәлем алысып біраз тұрдық. Ойыл ауданындағы Қаратал ауылына газ желісін тартып жатқан бригаданың басшысы Асылхан Өмірбаев үлкен азаматтық танытты. «Менің қонағым боласыздар, қазан көтеремін» деп, жата жабысты. Соның алдында ғана Ойыл ауылдық округінің әкімі Сәндібек деген азамат хабарласып, арнайы жатын орынға орналастырып еді. Қол жүгімізді сонда қалдырып, шақыртуды қабыл алдық. Ыстық моншаға түсіп шыққанша, Асылхан бауырымыздың ас мәзірі де дайын болған екен. Сол өңірдің тарихынан сыр шертіп, жігіттер көп әңгімелер айтты. Өзіміз де мақсат-мүддемізді түсіндіріп, бауырласып кеттік. Ертемен тұрып, Қаратал ауылындағы атақты сынықшы Сүлеймен атаның басына зиярат еттік, құран бағыштадық. Аяғымның жарақатына әруақтан медет тіледім, – дейді Сәттібек.

db2aba39 f181 4f48 ac21 e068c8063543

Сол жерде бұларды Қаратал ауылдық округінің әкімі Әділбек Ізбасов арнайы іздеп келіп, үйінен дәм татуға, үйінде әкесі де күтіп отырғанын айтып шақырады. Біраз әңгімелесіп, ақсақалдың батасынан соң, Ойылдағы қонақ үйге жеткізіп тастаған.

Жорықшылар бұл өңірдегі елді мекендерге көлік жолы, табиғи газ, су, жарық желілерінің жүріп жатқанына қуанулы. Елдің әл-ауқаты жақсы екенін көріп, ахуалдың тым нашар еместігіне көз жеткізіп келеді екен.

Алдағы меже – 7 қараша күні кешкісін Ойыл ауылының Шұбарши ауылына бас тіреу. Одан әрі Атырау облысының Қызылқоға ауданынан арнайы топ жаяу жорықшыларды күтіп алады.

Қуат ҚОСЫМБАЕВ

Суреттерді түсірген Ерлан Хұсайынов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз