КӘСІПКЕРЛІК КЕҢЕЙСЕ, КӘСІП ТЕ МОЛАЯДЫ

Бейсенбіде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың төрағалығымен аймақты үдемелі индустриалды дамыту мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Онда алдымен «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде жергілікті бизнес субъектілерінің алған несиелерін субсидиялау жөнінде берген өтінімдері қаралды. Бұл бағыт бойынша «Інжу-Маржан» ЖШС-іне ауыл шаруашылығы техникасын (трактор) сатып алуға «Еуразиялық банк» АҚ арқылы 3,2 млн. теңге сомасында несие (жылдық сыйақы мөлшері 14 пайыз) берілген.

«Амандықова С.А» ЖК кеңсе жиһаздарын, тұрмыстық және ұйымдастыру техникаларын сататын сауда орнын ашу үшін «Еуразиялық банк» АҚ-ынан 30,0 млн.теңге көлемінде несие алып, соны мемлекет тарапынан субсидиялауды сұраған. Жылдық сыйақы мөлшері 12,5 пайызды, сақталған жұмыс орны үш бірлікті құрайды. Жаңадан 11 адамға жұмыс орны құрылады. Осылайша, «Бизнестің жол картасына» еніп, мұнай қалдықтарын кәдеге жаратумен шұғылданып келе жатқан «Эко-Техникс» қаржыландырушы құрылым «ЦентрКредитБанк» АҚ-нан алған несиесін кепілдендіру және субсидиялау жөніндегі өтінімін жолдаған. Атап көрсетілгеніндей, 370,0 млн.теңге сомасындағы қаражатқа серіктестік ең алдымен кәсіпорынның негізгі қорларын жаңғыртып, қажетті жабдықтар мен өндіріске керекті арнаулы техника түрлерін сатып алуды ойластырған. Банктен берілген несиенің жылдық қайтарымы 12 пайыз болса, 70 жұмыс орны сақталып және жаңадан 20 адамға жұмыс орнының ашылатындығы мәлімделген.
Кеңестің қарауына ұсынылған бизнес-жобалардың арасында жылыжай шаруашылығына бет бұрған «Жұмағалиев» ЖК-ін, «ЦВС Ескене» ЖШС-ін де атауға болар еді. Олардың бірінде шағын жылыжайға табиғи газ құбырын тартып, электр қуатын тасымалдау желісін жүргізу жұмыстарын қаржыландыруға қолдау көрсетілуі сұралған. Құжатта көрсетілгеніндей, жеке кәсіпкердің өз күшімен салынған жылыжай кешенінің жалпы сметалық құны 270,0 млн.теңгеге теңгерілсе, қаржы қажетсініп отырған жұмыстың ақшалай сомасы 29 млн.теңге шамасында екендігі жария етілді.
Ал, екіншісі алдыңғысынан гөрі күрделірек әрі маңыздырақ көрінді. Айтқанымыздай, Ескене темір жол стансасынан салынуы жоспарланған вагон-сервис орталығының құны 103 млрд.теңгені құраса, осында жоғары қысымды газ құбырын тартуға 479 823 мың теңге көлемінде қаржы керектігі мәлім болды. Және бір ескерілетін жайт, бұл жұмыс жүзеге асып, табиғи газ желісі жеткізілген жағдайда ол осындағы шағын елді мекенді де «көгілдір отынмен» қамту мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз