Ең тату отбасы

entaty1Құрманғазы ауданында тұрады

Бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен «Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз» тақырыбында республикалық конкурстың жарияланғаны белгілі.

entaty2Конкурстың алға қойған басты мақсаты – қоғамымыздағы мүмкіндіктері шектеулі жандардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және өзін-өзі танытуға жәрдемдесу, оларды қоғам өміріне араластырудың оңтайлы да тиімді әдіс-тәсілдеріне үйретіп, ұнамды тәжірибесін қалыптастыру. Ал, мойнына алған басты міндеті – мүмкіндігі шектеулі немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларының әлеуеті жайлы жұртшылықты ақпараттандыру және қоғамның осы әлеуметтік топтағылардың проблемаларына көзқарасын, қарым-қатынасын жақсарту.
Кеше Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде аталған республикалық конкурстың облыстық туры өткізілді. «Ең тату отбасы» номинациясы бойынша ұйымдастырылған аймақтық конкурстың шымылдығын Атырау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы, әділ қазылар алқасының төрағасы Шыңғыс Мұқан кіріспе сөзбен ашты.
Сонымен, көптен күткен сайыс та басталды. Оған облыс орталығы-Атырау қаласы мен аудандардан іріктелінген жеті отбасы қатысып, бағын сынады. Сайыскерлердің қатарында Тасбаевтар (Атырау), Құлекеновтер (Жылыой), Төреғалиевтер (Исатай), Мұрзақұловтар (Қызылқоға), Шамбозовтар (Құрманғазы), Жанғалиевтар (Мақат) және Қияқбаевтар (Махамбет) отбасылары болды.
entaty3Конкурстың шартына сәйкес, алдымен олар сахнаға шығып, өздерін таныстырды. «Қатар жүріп келеміз, болашаққа сенеміз» деп аталған екінші бөлімінде сайысқа қатысушылар отбасылық тәрбиенің қоғамның іргетасын қалыптастыруда алатын орны мен рөлі, балаларының оқудағы, өнердегі, тіпті өмірдегі жетістіктері жайлы (фотосуреттерді пайдалана отырып) әсерлі әңгімелеп берді. Келесі кезекте олар үй тапсырмасын орындады. Мұнда негізінен өз өнерлерін көрсетіп, бір нәрсені жасауға деген бейімі мен машығын, өмірге талпыныстары мен құштарлықтарын танытты.
Үкілеген үміттерін арқаланып конкурсқа қатыса келген отбасыларының осындай ерекшеліктерін ескерген әділ қазылар алқасы олардың барлығының да еңбегін лайықты бағалап, үздігін анықтауға тырысты. Атырау қаласы мен облыстың алты ауданынан қатынасқан, татулығы жарасқан отбасыларының бәріне де облыстық комиссияның атынан даярланған дипломдар мен Алғыс хаттар тапсырылды. Қала мен аудан әкімдіктері өздері әзірлеген сый-сияпаттары мен марапаттарын, бағалы байрақтарын ұсынды.
Айрықшалап айтарымыз, әділ қазылар алқасының ұйғарымымен қатысушылар арасынан үш кезеңнен тұратын сайыс сынынан сүрінбей өткен, өздерін жан-жағынан көрсетіп, таныта білген, көрерменнің де көңілінен шыққан Шамбозовтар отбасы (Құрманғазы ауданы) «Ең тату отбасы» деп танылды. Сол үшін де арнайы дипломмен және 200 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды. Жеңімпаз отбасына алдағы уақытта өтетін республикалық конкурсқа қатысу құқығын беретін жолдама табыс етілмек.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз