ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН БАҚЫТ

Байжан Өмірбаевтың өнегелі өмір жолы – кейінгі буынға үлгі боларлық үлкен өмір мектебі. Себебі, ол жеткен жетістіктеріне тек өз күші, өз мүмкіндігі мен адал еңбегі арқылы қол жеткізді.

Жер қойнауының байлығын зерттеп, топограф болуды қалаған жасөспірімнің бала күнгі арманын ел шетіне тиген жау аяқасты қалдырып, қолына қару ұстатып, майданға аттандырды. Ленинградтағы байланысшылар дайындайтын училищені бітіріп, аға радист ретінде инженер-саперлер батальонында әскери міндетін атқарды. Бұл бөлімнің қызметі ауыр, жұмысы аса жауапты болатын. Жау тылына жарылғыш миналар қою, жау әскерлерінің жеке құрамдары және қару-жарақтарының шоғырланған нүктелерін барлап, әскери штабқа мәліметтерді жеткізу – негізгі жұмыстары-тын. Қандай болмасын жауапты тапсырманы өз деңгейінде тиянақты орындағанының куәсі ретінде «За отвагу», «За боевые заслуги» медальдарын өңіріне тақты.

Бірінші армияның қолбасшы генералы Баграмянның өзі Байжан Өмірбаевқа Коростено қаласын неміс-фашистерден азат етуде көрсеткен ерлігі үшін алғысын білдірген. Сонымен қатар, ол Жоғарғы Бас қолбасшының атынан Корсунь-Шевченковск бағытындағы майданда жаудың қарулы күштерін талқандауда көрсеткен және Могилев қаласын азат етумен, Днепр өзенінен өтудегі көрсеткен ерлігі үшін екінші рет «За отвагу» медалінің иегері атанды. Сұм соғыс тәмамдалып, басқыншылар талқандалған тұста Б.Өмірбаев әскери қызметін одан әрі жалғастырып, елге екі жылдан соң, 1947 жылы оралады.

Соғыстан кейін өзі қалаған мамандығына қайтадан бет бұрып, топограф ретінде Солтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясына қарасты геологиялық іздестіру кеңсесінде ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарды. Ол бейбіт шақта да өзін ізденімпаз, еңбекқор маман екенін көрсете білді. «Жерасты байлығын іздеудегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы – соның айғағындай.

Бұл күнде торқалы тоқсан жасқа толып отырған Байжан аға – немере-шөбере ортасында мерейі тасыған ардақты ата, үлкен әулеттің алтын діңгегі. Жеңісті жақындатқан жауынгердің ерлігі мен өмір жолы – кейінгілерге үлгі. Келер жылы кең көлемде атап өтілетін Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын бірге тойлауға жазғай!

Әліпқали БЕКЕШ,
Атырау қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз