«CЕРПІН – 2050»: МАМАНДЫҚТЫ ДҰРЫС ТАҢДАУ – ТАБЫСТЫ ӨМІРДІҢ КІЛТІ

Мектеп бітіріп, жаңа өмірге енді қадам басқан жастар үшін болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Серпін – 2050» жобасы туралы ғаламторды «ақтарып» отырып білдік. Сөйтсек, бұл ел экономикасында, жалпы қоғамда сұранысқа ие еңбекші мамандарды дайындап шығаруға арналған жоба екен. Еліміздің Солтүстік, Оңтүстік, Алматы және Батыс өңірлерінде маман даярлап шығаратын жобаға қатысушылар білім алған өлкеде тұрақтап қалатын болса, жұмыспен де, үй-жаймен де қамтамасыз етіледі.

 

Анық-қанығын білу үшін «Серпін-2050» республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбеновтің өзіне қоңырау шалдық. «Бұл жоба экономикалық және әлеуметтік тұрғыда үлкен маңызға ие» деп бастады әңгімесін пікірлесіміз. «Қазіргі таңда еліміздің 9 өңірінде бала туу деңгейі төмен және сыртқы жаққа көші-қоны басым болғандықтан, кадр тапшылығы сезіле бастады. Алдағы жылдарда индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерде жұмыс күшінің тапшылығы айрықша байқалады. Сондықтан, жергілікті оқу орындарында қажет мамандықтар бойынша білім беріп, сол жерде жұмысқа қалдыру арқылы кадр мәселесін шешуді, бала туу деңгейі жоғары өңірлердегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуді көздеп отырмыз» деді ол.

Және бір айта кетерлігі, «Серпін-2050» жобасы бойынша оқытылатын мамандықтар еңбек нарығындағы, экономикадағы ерекшеліктерді ескере отырып ұсынылғандықтан, еш қиналмастан жұмыс табуға мүмкіндік береді. Тағы бір жаңалық, өткен жылы жоба бойынша 2050 жас оқуға түссе, биыл «Серпінге» бөлінген грант үш есеге өсіп, 6200-ге жетіпті. Өкінішке орай, жобаға қатыса алатын облыстар саны шектеулі. Аталмыш жоба кеңесінің төрағасынан білгеніміздей, оған Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары ғана қатыса алады екен. Атырау өңірінің жобадан тыс қалу себебін Мұрат Әбенов біздің облысымызда кадр тапшылығы мәселесінің салыстырмалы түрде сезілмейтіндігімен, даму динамикасының жоғарылығымен түсіндірді.

Бірақ, жобаның Атырау өңірі үшін де тиімді тұсы бар. Мәселен, мұнай-газ секторы үшін қажетті мамандар Атырау мұнай және газ институтында оқытылады. «Біздің жобамыз арқылы жастардың Атырау институтында сапалы білім алып шығуының өзі, аталмыш оқу орнының республикадағы ең үздік, маңдайалды білім ордаларының рейтингісіне ілігуіне, бәсекелестіктің артуына жол ашады» дейді пікірлесіміз.

Сөз соңында Мұрат Әбеновтен «жастардың қандай мамандықты таңдағаны дұрыс?» деген тақырыптағы ойын сұрадық. «Романтиктердің дәуірі өтті, ендігі жерде прагматиктердің заманы келді» деп жауап берді ол. «Ең үлкен қате түсінік – мамандықты бұрынғы қалыптасқан көзқараспен таңдау. Қазіргі кезде әлемде мыңнан астам мамандық бар. Біздің жастарымыз, ата-аналары оның жүзге жуығын ғана біледі екен. Сол арқылы өз таңдауын шектейді. Сондықтан, жастарымыз мемлекеттің алдағы он жылда қай саланы дамытуға күш салатынына қарауы керек. Екіншіден, қай салаға көбірек инвестиция салынуда, сол мәселеге де көбірек көңіл бөлулері керек» дейді ол. Мұрат Әбеновтің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде ауыл шаруашылығы, техника, инфрақұрылым, тау-кен өндірісі саласының мамандары өте тапшы. Заң, экономика, мұнай саласының мамандары алдағы бірнеше жылға қамтылып қойған.

Мамандық таңдау – өмірдегі ең маңызды, шешуші қадамдардың бірі. Өйткені, адамның бүкіл өмірі, болашағы сол мамандықпен тікелей өріледі. Қос-қостан диплом алғанымен, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарымыздың күн санап көбеюінің астарында да мамандық таңдаудағы қателік мәселесі жатқан сияқты. Демек, жастарымыз да өз армандарын мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік саясатымен байланыстырып, жұмыссыздық деңгейінің азаюына ықпал етулері керек-ақ. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз