АТЫРАУДА ЖАСӨСПІРІМ СУҒА БАТЫП КЕТТІ

9e0add53 2134 4115 9497 d632d3b90aba Қоғам

Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобының мәлімдеуінше, Судағы қауіпсіздік шараларын түсіндіру бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, қайғылы оқиғалар әлі де тіркелуде.

​Кеше, 2 тамызда Томарлы ауылында 2004 жылы туған жасөспірім суға батып кетті. Жедел-құтқару жасағының құтқарушыларына сағат 19:14 шамасында қоңырау түсті. Оқиға орнына келген құтқарушылар жедел су асты іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Сағат 21:03-те сүңгуірлер суға батып кеткен жасөспірімнің денесін су астынан шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.

​Жыл басынан бері Атырау облысының су айдындарында 21 адам қаза тапса, оның жетеуі – бала. Екі бала мен бір ересек құтқарылды. Талдау көрсеткендей, олардың көбісі тыйым салынған жерлерде шомылып, қауіпсіздік ережелерін елемеген.

​Тәулік бойы Атырау қаласында, Жылыой мен Құрманғазы аудандарында үш суда құтқару стансасы кезекшілікте тұр. Шомылу маусымы басталғаннан бері құтқарушылар 356 профилактикалық рейд өткізсе, оның 218-сі полиция қызметкерлерімен бірлескен.

​Алайда, құтқарушылардың сөздерін тыңдамайтын тұрғындар көп. Полиция қызметкерлері тәртіп бұзушыларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексіне сәйкес, 200 мың теңгеден астам айыппұлға 369 хаттама толтырды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз