Нар идірген

ajgul Мәдениет

(Алақандай эссе)

Айгүлді жас шағымыздан білемін. Бір думанды басқосуда танысқанымыз есімде. Дәлірек айтқанда, Әділ Қойтанов таныстырды. Кәдімгі Қойтанов… Бұрынғы «Жас алаштың» бұрынғы жаухатшысының бұрынғы орынбасары… Кітап палатасының қазіргі дүрдей директоры. Айгүл ол кездің өзінде сиқырлы саусағымен қос ішекті қалағанынша бебеулетіп жүрген жас күйші еді. Сол тұста «Айгүлмен араласқың келсе, алдымен Әділмен таныс» деген мәтел бар-ды.

Өйткені Әділ – Айгүлдің кластасы. Бірақ екеуінің мінезі мен іс-әрекеті екі түрлі. Айгүл домбыраны шебер тартады. Ал Әділ домбыра тұрмақ, темекіні де дұрыстап тарта алмайды. Оның есесіне «Жас алаштың» сол заманда дүркіреп тұрған «Ырғақ» музыкалық қосымшасын басқарады. Сол себепті оның төңірегінде сазгер-күйші, әнші-биші дегендерің толып жүреді. Солардың қай-қайсысы да от көрген көбелектей болып, «Ырғақтың» мойны ырғайдай басшысының маңайынан шықпайды. Айгүл де жүретін осылардың арасында. Әйтеуір Айгүлің де, қай гүлің де қазақ әуендерін ертерек әлдилей бастаған Қойтановтың аузына қарайтын ол заманда.

Осылайша Айгүл Үлкенбаева көз алдымызда өсіп-жетіліп, өнерін шыңдаған үстіне шыңдай түсті. Ол Дина Нұрпейісова, Бақыт Қарабалина сынды әйел затынан шығып, қазақтың күй өнеріндегі ғаламат құбылысқа айналған майталман шеберлерден кейін өз мәнерін тауып, соны соқпақ салды. Менің қадірлі құрдасым, сыйлас досым Айгүл қыз «бас бармақты маймаң қақтырып, перне бастырып», «толқынтып, тоқсан күйді дүрілдетті». Арынды ақын, ағынды ақын Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасын оқыған сайын Айгүлдің де қара домбыраны қолына алып, бақсыдай ойнап отырған сәті көз алдымызға елестейді. Әркімнің өз күйшісі бар. Ілекеңнің де, біздің де…

Екі ішек жүрек жарып көңіл ашып,

Бірде ойнақ, бірде баяу сыбырласып,

Зарлы күй, ащы күйдің, тәтті күйдің –

Бәрін де лақылдатып төгіп-шашып.

Күңіренген бір мұңды күй даланы алды,

Табиғат та тып-тыныш бола қалды.

Қырдағы қоян, құлан құлақ тігіп,

Қамыстан жолбарыс та ыңыранды…

Ілияс көкем осылайша қаламымен ғажайып күй шертіпті. Анығырақ айтқанда, күйшінің өлмес өнерінің құдірет-құрметін қапысыз жеткізіпті. Күйдің күмбіріне елтіп, қамыстан шыға келіп, ыңыранатын жолбарысты көре қойғанымыз жоқ, әрине. Бірақ артық-ауыс айтсақ, күй абыздарының рухы кешірсін, біздің Айгүл де қос ішекті сүйріктей саусағымен іліп тартқанда, Қыр қояндары мен Сыр қояндары құлақтарын тігіп, тұра қалады. Сол тұрғаннан мол тұрады… Ол анық енді…

Әйгілі ақын Фариза Оңғарсынованың Дина Нұрпейісоваға арналған «Күй» деген диптих-толғауы бар. Әйел күйшінің терең де тылсым табиғаты жеріне жеткізе суреттелген онда. Әрине, бұл – дегдар Динаның дүрбелеңге толы зарлы заманын сипаттаған туынды. Соған қарамастан біз бұл толғаудан да өз дәуіріміздің Динасын іздейміз. Іздейміз де табамыз. Жиырмасыншы ғасырда қайта туып, жиырма бірінші ғасырда жаңарып-жасанған, жаңғырып-жетілген заманауи Динаны көреміз. Сондықтан Фариза апамның шеберлікпен өрілген:

Естігенде елтіп күнбе-күн,

жанымда толқыр жыр менің

табына бермес жүректің

табындыратын үндерін –

саусақтан шыққан сыңғырлап

сиқыр саздардың дүрмегін.

Сазды ырғақ қандай, үн қандай!

Жаныңда мұнар мұң қалмай,

бойыңды билеп бір екпін

құйынмен көшкен құмдардай, –

 деген өлең жолдары кейде біздің күйші құрбымызға арналғандай көрініп кететіні бар. Жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров Хан Кене заманындағы Сарыүйсіннің күйші жігітіне, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова күй анасы Динаға өлең арнаса, ұлт руханиятының ардакүреңі Ғалым Жайлыбай Айгүлдің нақ өзін кейіпкер етіп, сара сөзден маржан терді. Күйшіге, күй өнеріне бағышталған тағы бір керемет жырды кестелеп берді:

Елсізде еңіресе, Елім-ай жыр,

Қозғаған шеменімді шерім ай бұл!

Ағылған халық көрдім ақтабанда –

Жаныңнан жарық көрдім сенің, Айгүл!

Сен күй тартсаң тамылжыр таңға асығам,

Дина апамның көз жазбай жалғасынан.

Егілдір де төгілдір, Айгүл шырақ –

Ақ Жайықты асырып арнасынан…

Міне, Ғалекең айтқандай, сол Ақ Жайық кешеден бері шынымен де арнасынан асып-төгіліп жатыр. Айгүл Үлкенбаева Қазақстанның халық артисі атанды. Халықтың қызы еді. Енді халықтың артисі болды! Халықтық дейгейдегі рәсім. Мемлекеттік маңызы бар шешім. Айгүл, алға! Ал домбыраңды қолға!

Айтпақшы, Ғалым ағамыздың осы өлеңінде:

Егіліп жан-жүрек пен жүйке бірден,

Сергідім жалыққанда күйкі өмірден.

Егіз ішек, құдіретің нар идірген,

Айналдым саусағыңнан күй төгілген, –

деген жолдар бар еді. «Нар идірген» күйі – күйшілік өнердің бас айналдырар биігі. Нар идіру – күйшілік шеберліктің шыңы. Аңызға қаныққан сайын ақиқаттың ауылын бетке аласың. «Нар идіргеннің» де шынайы сипатын бір білсе, дәулескер домбырашылар біледі.

Бірте-бірте күйдің ханшасына айналып келе жатқан біздің Айгүл де бардың бағасы, нардың сапасы бар кезеңге тап болса, өрелі өнерімен басы бардың бәрін, нағыздардың нарын идіріп берер-ау… Демек, нар идіру – оның ғаламат күйшілігінің де өлшемі болмақ.

Бірақ оны білетін нар бар ма, бүгінде…

* * *

Биік белеске шыққаның құтты болсын, Айгүл!

Бауыржан Омарұлы,

Астана қаласы

Суретті түсірген Шүкір Шахай

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз