«ҚАЗАҚТЫ ӘЛЕМГЕ ТАРИХИ ФИЛЬМДЕР АРҚЫЛЫ ТАНЫТУ КЕРЕК»

дейді белгілі актер Нұрлан Әлімжан

Өнердің өрінде өзіндік өрнек қалыптастырған қазақ жастарының ішінде Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, «Жас тұлпар» сыйлығының тұңғыш иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Нұрлан Баянғалиұлы Әлімжанның есімін көпшілік жақсы біледі. Қазақ өнерінің дамуына өз үлесін қосып жүрген Нұрлан Әлімжан – нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Өйткені, ол - әрі актер, әрі сазгер, әрі әнші, тележүргізуші және атбегі.

 

– Атырауға қош келдіңіз. Біздің өңірде бұрын болып па едіңіз? Бұл сапарыңыздың мақсаты қандай?

– Рахмет. Атырауға осыдан он екі жыл бұрын Нұрмұхан Жантөрин атындағы фестивальға қатысу үшін келгенім бар-ды. Онда студент болатынмын. Бүгінгі Атырау адам танымастай өзгерген. Сәулеті мен дәулеті жарасқан өңірдің қазіргі көрінісі мақтануға да, мақтауға да әбден лайық.

Арнайылап ат басын бұрғандағы мақсат – авторлық шығармашылық кешімді өткізіп, атыраулықтармен емен-жарқын жүздесу. Жастармен кездесіп, шығармашылық ой бөлісу.

– Атырау – жерасты мол қазынаға қаншалықты бай болса, жерүсті жыр бесікке айналып, талай өнер саңлақтары өмір кешкен қасиетті аймақ. Сондықтан, атыраулықтар Сіз туралы білуге әсте құмарлық танытары анық. Сондықтан, әңгімені өзіңізден бастасақ…

Мен1984 жылы Көкшетау өңіріндегі «Кеңащы» елді мекенінде дүниеге келгенмін.2001-2005 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алып, 2003-2009 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері болып қызмет атқардым. Марқұм Жайлау Жабағин, Амангелді Сембин, Айдос Бектеміров, Жанат Хаджиев сияқты марқасқа ағаларымнан дәріс алдым. 2003 жылы оқуымды бітірмей жатып мені Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрына «Қыз Жібек пен Төлеген» қойылымына басты рөлге – Төлегенді сомдауға шақырды. Сол театрда мен біршама жыл қызмет еттім.

Кейіннен, кино мен эстрадаға көбірек көңілім ауған соң, бағытты өзгерттім. Театрдан кеттім.

Алғашқы түскен кином «Шолпанның күнәсі» деп аталады. Мұнан басқа «Бақсы», және басқа, «Ағайындылар», «Ақсарбас», «Теміртау көктемі», «Жаужүрек мың бала», «Балалық шағымның аспаны», «Көшбасшы» фильмдерде басты рөлдерді сомдадым. 100-ге жуық әннің авторымын. Әкемнің өлеңдеріне жазылған «Ғажайып күй», «Кеңістік», «Барыңды бағала», «Сағындым ата-әжемді» атты туындымды және «Көзіңе қарай бердім», «Ақ құсым» және басқа да әндерді Қайрат Нұртас, Тамара Асар, Әйгерім Қалаубаева, «Азия тобы» орындап жүр.

– Әдетте үлкен істің бастауы бала қиялдан басталады. Бала Нұрланның арманы өнер жолы ма еді?

– Жас күнінде адамның барлығы да арманшыл болады ғой. Мен де талай арман көгінде шалықтадым. Бала кезімде анамнан: «Менен жақсы актер шыға ма?» деп сұрай береді екенмін. Бұл сұрақты қойғанда алты жас шамасында болсам керек. Шынын айтсам, ол кезде біз Митхун Чакрабортилерге еліктеп өстік. «Спрут» фильміндегі комиссар Катаниге еліктедік, Ален Делонға ұқсауға тырыстық. Сонда анам: «Сенен жақсы актер ақылды болсаң ғана шығады. Мықты актер болғың келсе, алдымен ой-өрісіңді дамыт» деп жауап қайырғаны әлі күнге есімде. Демек, аузыма құдай салып, осы сұрақтарды қойғанмын ғой деп ойлаймын.

– Сіз жас болсаңыз да қазақ өнерінің дамуына өзіндік үлесіңізді қосып келесіз. Бір басыңызда талай өнер бар. Бұл қасиеттердің барлығы да хас өнердің биіктігі саналады. Тіпті, дарындылық деуге де саяды. Бұлақ бастауы қайдан деп ойлайсыз?

– Қазақта «тәрбие – талбесіктен» деген қанатты сөз бар. Менің әкем Баянғали Әлімжанов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суырыпсалма ақын, драматург-жазушы, қазақтан шыққан жалғыз манасшы. Қысқасын айтқанда, бар өмірін өнерге арнап, соның суығына тоңып, ыстығына күйген адам. Әкемнің бір басына топтаса қалған осынау сан тарау өнер маған да «жұққан» сияқты.

Ең бірінші – раббым, одан кейінгі бұлақ бастауы, меніңше, әкемнен басталғандай. Одан кейін үнемі аузымнан тастамай айтып жүретін ұстазым,  марқұм Жайлау Ақшабайұлы Жабағин. Бұл кісінің маған берген еңбегі ұшан-теңіз. Ол – мені өзінің актерлік шеберханасына алған адам. Әншілік жағынан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, бұлбұл дауысты әнші, марқұм Амангелді Сембин ағамның орны ерекше. Италияның Ла-Скаласында опера айтқан жалғыз қазақ Амангелді Сембин – тарихтан ойып орын алатын үлкен тұлға. Ол кісіден дәріс алуды барлығы армандайтын. Бағым жанып мен сондай мүмкіндікке ие болдым. Фортепианода ойнағанда ол қара терге түсіп, музыканы жанын жеп ойнайтын. Одан кейін менің өнердегі әкем деп үнемі айтып жүретін ҚР еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектеміров ағамыз, кейін Жанат Хаджиев ағамыз. Осы төрт ұстазымды ерекше атағым келеді. Одан кейінгісі еңбекке байланысты деп ойлаймын.

– Сонда опералық шығармаларды да орындайсыз ба?

-Иә, орындаймын. Опералық-классикалық шығармаларды ғана емес, қазақтың дәстүрлі әндерін де орындаймын. Бірақ, бұларды үлкен сахнаға алып шыққан жоқпын. Менің үлкен сахнаға алып шыққаным – эстрадалық жанр, оның ішінде билеп тұрып айтатын попса. Попсаны жаңа бір деңгейге көтергім келеді.

– Сіз Қытай киносына қазақтан түскен тұңғыш актерсіз. Басқа да шетелдік фильмдерге түсіп жүрсіз. Салыстырмалы түрде қазақ киносының бүгінгі аяқ алысы, дамуы қандай деп ойлайсыз?

– Сын айтудан  аулақпын, өйткені әр еңбекті бағалаймын. Әрбір жетістіктің  өзі тамшымен жиналады ғой.  Қазақ киносының  Америка, Ресейден сапа, техника жағынан үйренері көп екенін түсінемін.  Ал, ұлттық тамырымыздан, құндылығымыздан  ажырамасақ, қателеспейміз деп ойлаймын.  Ұлт бар  жерде тіл бар, дініміз, дүниетаным, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз бар. Осы құндылықтарды елеп-ескеріп,  қазақы  идеологияны ұстанып, біздің кино өнеріміз  әлемдік деңгейге көтеріледі. Біз бұл ретте  Боливудттан үлгі алуымыз қажет. Болливуд Голливудпен неге бір деңгейде  келе жатыр?  Өйткені,  олар ұлттық құндылығын,  идеологиясын сақтап,  ұлттық  кинолар түсірумен айналысып келеді. Ұлттық киімін, әнін,  биін, дінін, ділін, тілін,  бояуларын киносының өн бойына елеп-екшеп ендіруде.

Ондай мемлекет тек дами береді. Біз Үндістанды кітап арқылы емес, кино арқылы білдік. Сондықтан да, қазақты басқа әлемге Абылайды, Бөгенбайды, Қабанбайды, Кенесарыны, Алаштың ардақтыларын, зиялыларын киноэкраннан көрсету арқылы таныта аламыз. Қазақтың жылқысы сұлу, қызы сұлу, ән-жыры, табиғаты, жері сұлу, тарихы терең.  Біз соны елеп-ескермейміз, кейде Голливудқа еліктеп, кейіпкерді ойдан ойлап табамыз. Жалған кейіпкер қашан да жалған. Біз кейіпкерді шынайы тарихымыздан, өз өмірімізден  алуымыз керек.

Арманыңыз, болашақ жоспарыңыз қандай?

-Әркімнің алға  қойған мақсаты, шығам деген биігі болады. Мені әртүрлі ойлардың мазалайтыны рас. Меніңше, бізге  тарихи киноларды мейлінше көп түсіру керек. Тарихи кинолар көп болса, соғұрлым өсіп келе жатқан ұрпақтың патриоттық сезімі де жоғары болады. Сол арқылы қазақтың  басқа елге танылуының ауқымы да  кең ашылады. Жалпы, мен актер ретінде тарихи рөлдерде ойнауды армандаймын.  Тарихи тұлғаларды сомдау – мен үшін  үлкен мәртебе, үлкен құрмет. Тарихи тұлғалардың өмір жолы шынайылығымен құнды. Оқиғасы өте қызық.

– Сіздің шығармашылығыңызды бағалайтын, талантыңызға табынатын атыраулық көрермендер мен тыңдаушыларыңызға айтар  тілегіңіз қандай?

– Мұнайлы Астана атанған Атырау – экономикасы дамыған, әлеуметтік саласы қуаттанған, рухани өмірі қалыптасқан аймақ. Бұл өңірге келіп, талғампаз көрермен көңілінен шығу маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Алла бұйыртса, 16 сәуір күні Махамбет атындағы қазақ драма театрында концерт беремін. Сол жерде өнерсүйер көпшілікпен қауышамыз деп ойлаймын.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз