БАЛҒЫН ӨНЕРПАЗДАР БАЙҚАУЫ

Халықаралық балаларды қорғау күні және «Қазақстан балалары – нұрлы жолмен!» акциясы аясында Атырау облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен «Айгөлек» фестивалі өтті.

Фестивалға облыстың мектепке дейінгі ұйымдарының, балабақшалардың, жалпы білім беретін мектептер жанындағы шағын орталықтардың, мектепалды дайындық сыныптарының тәрбиеленушілері қатысты. Балдырғандарға арналған мерекелік шараны Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев ашты.

– Биылғы мереке аясында «Қазақстан балалары – нұрлы жолмен!» атты бүкілқазақстандық акциясы жарияланып отыр. Акция шеңберінде балалардың жазғы сауықтыру демалыс маусымының ашылуы, отбасылық шығармашылық фестивальдерін, балалардың әлеуметтік жобаларының қоғамдық тыңдауларын, «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқанын, «Қазақстан балалары спортты таңдайды» атты спорттық мерекені өткізу жоспарланған.

«Айгөлек» мектеп жасына дейінгі балалар шығармашылығының облыстық фестивалінің осы акция аясында өтілуі кездейсоқ емес. Бұл фестивалға биыл 10 жыл толып отыр. Мереке құтты болсын! Елбасымыздың балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен толық қамту тапсырмасын орындау – біздің міндетіміз десек, осы маңызды міндетті шешу үшін жұмысымызды алға қарай да жүргізе береміз. Балаларымызға жақсылық пен қуанышты сыйлауға біз әрқашан да дайынбыз,- деді облыстық білім беру басқармасының басшысы.

Балалардың дарынын ашып, өнерге бағыт-бағдар беретін байқау театрлық қойылым, мәнерлеп оқу, хореография, саз аспабында ойнау, вокал номинациялары бойынша бағаланды.

Фестиваль шымылдығын ашу құрметіне Атырау қаласындағы №16 балабақшаның бүлдіршін бишілер тобы ие болды. Балғын өнер иелерінің орындауындағы ән мен би, мәнерлеп оқылған көркем шығармалар мен сахналандырылған көріністер, композициялар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Вокал жанры бойынша 1-ші орынға Атырау қаласы №13 «Балапан» балабақшасының бүлдіршіні Асқар Рамазан ие болды. Сонымен қатар, төмендегі номинациялар бойынша да жас талант иелері марапатталды. Олар «Сүйкімді әнші» – Қанатова Айым, Атырау қаласы №5 балабақшасынан, «Тартымды және көрікті әнші» – Бақсиық Нұрай, Индер ауданы «Райхан» балабақшасынан, «Ең үздік балалар әні» – Аманбай Бибіфатима, Исатай ауданы «Балдырған» балабақшасынан, «Ең балғын әнші» – Қапсихова Айнара, Исатай ауданы «Қарлығаш» балабақшасынан, «Әсем ән» – Жұмабай Назерке, Жасталап Әбілмансұр, Мақат ауданы «Болашақ» балабақшасынан, «Ең үздік патриоттық ән» – Сәлімжан Алина, Махамбет ауданы «Қызғалдақ» балабақшасынан, «Жас талант» – Үмбеталиева Данеля, Атырау қаласы «Таза бұлақ» жекеменшік балабақшасынан, «Ең үздік декорация» – Таласқызы Райхан, Атырау қаласы №28 «Алмагүл» балабақшасынан.

Хореография жанры бойынша жүлделі бірінші орынды Атырау қаласындағы №43 «Арман» балабақшасының бишілер тобы, Құрманғазы ауданы «Айбөбек» балабақшасының бишілер тобы, Мақат ауданы «Болашақ» балабақшасының бишілер тобы қанжығасына байлады.

Барлық қатысушыларға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Фестиваль аясында облыстың мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің қолынан шыққан бұйымдар сатылды. Түскен қаражат денсаулығын түзеу үшін Бисенбайұлы Әділхан атты 5 жасар балаға мереке қарсаңында көмек ретінде берілді.

Сонымен қатар, «Айгөлекке – 10 жыл» атты гала-концерт өткізілді. Оған жас таланттар сайысының әр жылдардағы жеңімпаздары қатысты.

 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,

Суреттерді түсірген Ерлан Алтыбаев.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз