Ұлттық гимназияның 30 жылдығы аталып өтті

56d6c8f7 cee6 45fe ba40 35ab3db897c6 Білім

Егемендіктің алғашқы жылдары елімізде нәтижелі білім-ғылымға бет бұрған оқу ордалары ашылды. Соның бірі   – Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық  гимназиясы. Отыз жылдық тарихы бар білім ордасында өткен шараға ардагер ұстаздар мен алғашқы түлектер қатысты.

64efffa8 50b9 408e 81cd 6a06e7df8695

Ұлттық  гимназия директоры Нұрлыбек Даумов шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде тек жоғары талап деңгейінен ғана көрінуді мақсат тұтқанын айтады.

 Талғамы биік дарынды шәкірттерді баптап, қанаттарын қомдап, республикаға танылған талай таланттардың бағын жандырған біздің білім шаңырағының отыз жылдық тарихы елеулі естеліктерге толы. 1990-1991 оқу жылында алғаш білім қоңырауы соғылып, облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған дарынды, қабілетті балаларды табу да, таңдау да оңай болған жоқ. «Дарын – жанып тұрған жалын» демекші, мектеп партасына отырып, көздері нарттай жанып, білімнің кәусар бұлағынан нәр алғысы келген әр шәкірттің жүрегіндегі тулаған сенімді лаулату үшін қаншама игілікті істер жасалды, – деген Нұрлыбек Ғилажұлы мерейтой құрметіне ашылған музеймен таныстырды.

77fa11bb 04a2 4290 825c 34fd43ae8d9c

Мектеп тарихынан сыр шертетін музей цифрлық Kiosk info ақпараттық бағдарламасымен қамтылған. Шараға қатысушылар VR-көзілдірігін киіп, Led-экраннан 5D форматындағы мектепке саяхат жасауға мүмкіндік алды. «Виртуалды кеңістікте бұрынғы мектеп ғимаратын араладым, өзім оқыған сыныпта ұстазымның сабақ бергенін көріп балалық шаққа сапар шегіп келгендеймін…» деген әсерімен бөлісті алғашқы түлектің бірі Ғизатолла Отарұлы.

Мектептің мәдени азық ошағында алғашқы жылдардағы шәкірттердің дәптері, сынып журналы, басқа да қолжазбалар жәдігер ретінде қойылған. Сондай-ақ, тарихи фотосуреттер, мектеп формасы мен макеттері сол кездің шынайы болмысын бейнелеп тұр.

Бұл күні Атырау облыстық ұлттық гимназия ұжымы тағы бір рухани ісімен тарих шежіресіне енді. Себебі, осы гимназияның өткені мен бүгіні қағазға хатталып, «Тәуелсіздік тарту еткен ұлттық білім ордасы» кітабы оқырманға жол тартты. Кітаптың тұсауын кескен облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова және Атырау облыстық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының басшысы Қылышбай Сүндетұлы «Алда талай бағындырар белестері, атқарылар істері бар болашағы баянды, келешегі кемел білім ордасының жетістіктері алдағы уақытта да  еселене берсін» деген лебіздерін білдірді.

3728ac59 ed6f 4b40 9f86 793c22b3bd86

Шара соңында білімді қару, тәрбиені қалқан еткен ұлағатты ұстаздарға арнайы марапаттар табысталды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз