Әлемге ашылған жол

zhэээ Білім

«Болашақ» бағдарламасы аясында елде жыл сайын 500 ғалым шетелдік университеттер мен зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында берілген тапсырмасына орай жүзеге асып жатыр. Бағдарлама іске асқан үш жылда республика бойынша шетелдерден білім жетілдірген 1225 ғалымның арасында Атырау университетінің 5 оқытушы-профессоры да бар.

Қолөнер бұйымдары жаңғыртылады

Батыс аймақтағы жетекші оқу орны – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің  оқытушысы, «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының магистрі Ғаділбек Әлжанов Түркия Республикасындағы Ақдениз университетінен үш айлық тағылымдамадан өткен.

– Анталия қаласындағы Ақдениз университетінде «Арт-менеджмент» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өттім. Онда өнердегі менеджменттің тиімді әдістерін, халықаралық симпозиумдарды, конференциялар мен көрмелерді, басқа да өнер саласындағы ауқымды іс-шараларды ұйымдастыру және басқаруды меңгердім, – дейді ол.

Түркия елінің 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған университеттің шеберлік сабақтарына қатысып, онда өз көрмелерін қойған атыраулық ғалым оқу орнының сәндік қолданбалы өнер кафедрасының PhD докторы, түркиялық аға оқытушы Зылиха Зордың жетекшілігімен кішігірім өнер туындыларын жасаудың техникалық аспектілерін ғана емес, бөлшектерге назар аударудың маңыздылығын да игерген. «Нұсқаушы щеткаларды, бояуларды және максималды өрнекке жету үшін жарық ойынын қолдану бойынша құнды кеңестер берді. Бұл көркемдік шеберлігімді кеңейтіп, шабыт алудың тамаша тәсілі болды», – деді тәлімгер.

Атыраулық магистр бүгінде шетелдік ғылыми журналдарда зерттеу тақырыбы аясында мақалалар жариялап, алған білімін өз әріптестерімен бөлісіп жүр. Шетелдік тағылымдаманың нәтижесінде ғалым «Заманауи этнодизайн негізінде ортағасырлық Сарайшық қаласының қолөнер бұйымдары мен мотивтерін жаңғырту» тақырыбында университетішілік ғылыми жобаға қатысып, грант ұтып алған. Осы жобаны тағылымдама барысында жоспарлап, пысықтап, дайындапты. Жоба жетекшісі университеттегі әріптестерімен бірге тағылымдамадан алған білімін, үйренген жаңашылдықтарын болашақта «Сарайшық» музей-қорығындағы археологиялық қазба жұмыстарынан табылған қолөнер бұйымдарын жаңғырту ісінде көрсетпек.

Қазақ тіл біліміндегі «Түркітану»

Бүгінде шетелдік тағылымдамадан өтіп жатқан екі ғалымның бірі – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Меруерт Аманғазиева Түркиядағы Нийде Омер Халисдемир университетінде білімін арттырып жүр.

– Ғылыми тағылымдамада екіжақты бекітілген бағдарлама негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Яғни түркітілдес халықтардың тілін, әдебиетін, тарихын, этнографиясын, мәдениеті мен басқа да құндылықтарын үйрететін ғылыми пәндердің жиынтығы – түркітану қазақ тіл білімінде Кеңес Одағы кезінде зерттелген. Ол жалпы түркі тіл білімінің теориялық-методологиялық негізін құрайды. Сондықтан, бүкілодақтық ресми тіл ретінде орыс тілінің жаппай қолданылуы салдарынан түркі халықтарының ұлттық тіл қызметінің тарылуы мен дамуын жаңа бағытта түркі тілдерінің тарихы және этникалық құрамымен қоса халық тарихымен байланыстыра зерттеуге бағытталған. Ал, біз зерттеуді қазақ тілінде және салыстырмалы тұрғыда татар, башқұрт, өзбек, қырғыз, ноғай, түрік, басқа да түркі тілдерінде жүргіздік. Тағылымдама нәтижесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі тұжырымдары университеттің оқу процесінде, білім алушыларға арнайы элективті курстар өткізуде, дипломдық, диссертациялық жұмыстарға бағыт-бағдар беруде қолданылады, – дейді түркітанушы маман.

Ғалым аталған университетте «Қазақ орталығы» кабинеті бар екенін, онда ұдайы іс-шаралар өткізіліп тұратынын да айтады. Сондай-ақ Нийде Омер Халисдемир университетінің қазіргі түркі тілдері мен әдебиеті кафедрасы мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті арасында қосдипломды білім беру бағдарламасы жасақталып, атыраулық магистранттар мен студенттер білім алып жатыр. Оқуын аяқтағанда олар екі мемлекетте де қызмет істеуге жарамды, екі университеттің дипломын алады. Бұл қазақстандық жастардың халықаралық деңгейде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Білім-ғылым менеджменті

«500 ғалым» жобасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өту үшін қазақстандықтарға 134 мамандық қарастырылған. Соның ішінде инженерлік сала ең көп таңдалған мамандық ретінде тізімде көш бастап тұр.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының профессоры, математика ғылымдарының кандидаты Шынар Ележанова Ұлыбританияның Линкольн университетінде жарты жылдық тағылымдамадан өткен. «2022 жылы Линкольн университетінен «Білім және ғылымдағы менеджмент: стратегиялық менеджмент және жоғары білім берудегі көшбасшылық, университетті басқару» мамандығы бойынша білімімді жетілдірдім. «Тағылымдама білім берудегі көшбасшылықта бәсекелестікті қалай жүргізу керек?», «Оның мақсаттарына жетуде қандай әдіс-тәсілдерді қолданған тиімді?» деген сауалдарға қажетті нақты тұжырымдаманы анықтауды үйреніп, кәсіби құзыреттілігімді арттырдым. Бұл маған әлемдік деңгейдегі оқытушылардан кәсіби тәжірибе алмасып, жаңа ғасырдың интеллектуал саласын көркейтуіме үлкен мүмкіндік берді», – дейді ғалым.

Тұманды Альбиондағы тағылымдама

Тұманды Альбион елінде тағылымдамада болған тағы бір ғалым – педагогика ғылымдарының кандидаты Элеонора Абдол. Шетел тілін оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Ұлыбританияның Лестер университетінде тағылымдамадан өткен.

«Лестер – 100 жылдық тарихы бар, жетекші, зерттеу және жеті жыл қатарынан Times Higher Education сыйлығын алған әлемдегі жалғыз университет. Тағылымдама бағдарламасына сәйкес академиялық және кәсіби мақсаттар үшін ағылшын тілін меңгеру деңгейін дамытуға бардым. Еуропалық шеңберде ағылшын тілінің B2 деңгейін меңгердік. Тілдік дағдымызды жетілдіруден бөлек Лестер қаласындағы Sir Jonathan North secondary school, Gretton Primary  school, Long Field Spencer Academy,  Long Field Spencer Academy сынды бастауыш және орта білім беретін мектептерде тәжірибе алмасып, бақылау жұмыстарын жүргіздік», – деді Элеонора. Бүгінде ғалым алған білімін университеттегі оқу үдерісінде кеңінен қолданып, шет тілді мамандар даярлауда жаңа әдіс-тәсілдерді  шеберлік сабақтарына енгізген.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен шетелде білім алған ғалымдар  өңірлік оқу орнын халықаралық деңгейде танытуға еңбек етіп жүр. Түрік тілінің маманы, PhD доктор Қарлығаш Әшірханова да солардың қатарында. Жас түрколог «500 ғалым» жобасы аясында Германияның Майнз Иоханнес Гутенберг университетінің түркология институтында тағылымдамадан өткен.

– Ғылыми жетекшім, профессор Юлиан Рентш мырзаның бағыт-бағдар беруімен және сұхбаттасу негізінде «Германия түркология мектептері, орталықтары мен ЖОО-ның ғылыми және білім беру қызметінің кейбір аспектілері» деген тақырыпта шолу мақала дайындадым. Ол болашақта Еуропада білім алғысы келетін, тағылымдамадан өтетін жас мамандарға жол сілтейді деген мақсатпен жазылды. Түрік тілінің маманы ретінде болашақта Атырау университетінде «Түркология» білім беру бағдарламасының ашылуына көмектескім келеді, – деді ол әңгіме арасында.

100-ге жуық оқу орнымен байланыс

Атырау университеті халықаралық байланыстар бөлімінің жетекшісі бүгінде әлемнің 100-ге жуық жоғары оқу орындарымен екіжақты ынтымақтастық орнатып, білім бағдарламаларын енгізу жұмыстары іске асқанын айтады. Нәтижесінде шетелдік оқу орындарымен бірлескен 5 білім беру бағдарламасы жасалып, «Қос диплом» жобасы іске қосылған.

Бүгінде Атыраудағы университет «Халықаралық Медиация орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кәсіби медиаторларымен және Болгария мемлекеті София университетімен өзара серіктестік орнатқан. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Этномедиация оқу орталығын құру керек. Онда тұрақты оқу курстарын ұйымдастырып, аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі даярлықтан өтуі тиіс», – деп арнайы тапсырма жүктеген болатын.

Осы мақсатта Атырау университеті мен болгариялық София университеті бірлесіп, магистратура деңгейінде «7М04213 – Этномедиация» инновациялық білім беру бағдарламасын әзірлеп, іске қосты. Білім беру бағдарламасы еңбек нарығының қажеттіліктері мен жұмыс берушілердің талаптарын қамтамасыз ететін мамандарды даярлаудың құзыреттілік моделі негізінде дайындалды.

Бағдарлама дайындайтын мамандар инновациялық тәсілдермен дауларды баламалы түрде шешуге, этносаралық қақтығыстарға қатысы бар оқиғалар мен іс-әрекеттерді нақтылауға, әртүрлі деңгейде туындайтын құқықтық және басқа да қатынастарды, жеке және заңды тұлғалар арасындағы құқықтық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Атырау университетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасы дайындайтын медиаторлар халыққа заңгерлік және медиативтік көмек көрсетуге, адам құқықтарын қорғау, этномедиацияны дамыту және қоғамдағы жанжал деңгейін төмендету мәселелері бойынша жобалар мен бағдарламаларды дайындап, іске асыруға елеулі үлес қосып келеді.

«Төмер: түрік тілін оқыту»

Шетелде тағылымдамадан өтетін ғалымдарға қойылатын басты талап – шет тілдерін жетік меңгеруі қажет. Алайда, көптеген оқытушылар бұл талап үдесінен шыға алмай жатыр. Осы мәселені шешу үшін Түркияның 25 оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан Атырау университеті Ержиес университетімен бірлесіп «Төмер: түрік тілін оқыту» орталығын ашты. Бұл – Қазақстандағы түрік тілін оқытып, тілді меңгеру деңгейін анықтайтын сертификаты халықаралық дәрежеде жарамды алғашқы орталық. Оның сертификаты «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы мен «Орхун» академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысып, Түркия университеттерінен оқуға мүмкіндік береді. Бүгінде орталықта оқытушы-профессорлардан құралған студенттерден екі топ жасақталса, оның бірі  түрік тілін тереңде де оқып жатыр.

«500 ғалым» жобасының тиімділігі ғалымдар шетелден оқыған мерзімде еңбек ақысын сақтай отырып, стипендия алады. Ал, оларға қойылар басты талап – шетелдік тағылымдамадан өтуге жіберген мекемеде үш жылға дейін тұрақты еңбек етуі тиіс.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары арасынан 5 ғалым тағылымдамадан өтіп келсе, қазір екеуі шетелде оқып жатыр. Ал, биыл тағы 3 ғалым білімін толықтыру үшін шетелге аттанбақ.

Жәнібек ҒАЛЫМ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылым магистрі

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз