ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП…

Бүгінгі таңда облыс бойынша 99580 мектеп оқушысы болса, оның ішінде 4827-сі – түлектер. Жаз мезгілінде 1-10 сынып аралығындағы  94753 баланың демалысын ұйымдастыру, бос уақытын тиімді өткізу – облыстық білім басқармасының тікелей назарында.

 

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев Атырау коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен брифингте облыс бойынша әлеуметтік осал топ санатындағы 10189 бала бар екенін айтты. Бұлар – жетімдер, аз қамтылған және көп балалы отбасылары, төтенше жағдайларға тап болған жанұялардың балалары. Сондай-ақ, ауған соғысы, Чернобыл ардагерлерінің балаларын да жазғы демалыспен 100 пайыз қамту жоспарланып отыр.

– Ресей Федерациясының Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» емдеу пансионаты, облыстық «Тұлпар», аудандық «Жас өркен», «Арай» лагерьлері жылдағыдай жұмыстарын жалғастырады. Онда 3920 бала тегін демалады. Бұл барлық әлеуметтік осал топ санатындағы балалардың 38,4 пайызын қамтиды. Бұдан басқа «Қазақстан геологы» емдеу пансионаты жаз мезгілінде қосымша 200 балаға ақылы жолдама арқылы демалысты ұйымдастырады, – деді басқарма басшысы Берікқали Жоланұлы.

«Аджип» компаниясы 40 балаға Италияның Адриатико теңізінің жағасында орналасқан Чезанатико қаласында демалуға демеушілік танытып отыр. Сонымен қатар, басқарма басшысының мәлімдеуінше, осы санаттағы балалар үшін мектеп жанындағы тамақпен қамтитын  121, шипажай үлгісіндегі 17 лагерь жұмыс жасайды. Оған 7781 бала тартылмақ.

– Бұл санатқа жатпайтын 84 564 бала бар, – дейді басқарма басшысы Б.Сәрсенғалиев. – Оларды да мүмкіндігінше назардан тыс қалдырмауға тырысудамыз. Сондықтан, мектептер жанындағы 160 тамақтандырусыз, 135 бейіндік, 80 дебаттық лагерьлермен 25441 бала қамтылады. Сонымен қатар, 322 оқушы үшін 24 шатырлық лагерь ашу жоспарымызда бар.

Брифингке қатысқан Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрсәуле Сайлауова облыс орталығындағы 23 мектеп жанынан екі ауысымда аз қамтылған, жетім және жартылай жетім балаларға арналған жазғы демалыс лагерлері ашылатынын хабарлады. Оған 1268 бала тартылады. Ал, манту екпесі оң көрсеткіш көрсеткен балалар үшін төрт мектеп жанынан екі ауысымда сауықтыру лагері ашылып, 250 оқушы қамтылады деп жоспарлануда.

Айгүл Социалқызы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз