Зағип болса да мемлекетке масыл емес «Мөлдір көз» бірлестігі – осының дәлелі

20160816 123452 Жаңалықтар

«Мүмкіндігі шектеулі  азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс. Бізде ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуі тиіс, бұл – қоғам алдындағы парызымыз»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Мұндай тұжырымды «Мөлдір көз» қоғамдық бірлестігінің жұмысымен танысқан соң жасадым. Бұдан үш жыл бұрын өмірге келген құрылым содан бері өз күшімен көп іс тындырып үлгеріпті. Мұнда 67 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Солардың 56-сы – бірінші топ мүгедегі.

20160816_123452

Бірлестік жанынан ашылған тамақ өнімдерін дайындайтын шағын цех бүгінде бірнеше адамды тұрақты қызметпен қамтамасыз етіп отыр. Жетекшісі – бірінші топ мүгедегі Жолдас Ғұмаров. Оның грек-рим күресінен КСРО және Қазақстан спорт шебері екендігін, талай дүбірлі сайыста оза шауып бәйге алғанын бүгінде жас ұрпақ білмейтін де шығар.

– Бұдан бес жыл бұрын көзім көрмей қалды, – дейді ол, – сонда да қол қусырып қарап отыра алмадым. Өзім секілді тағдырлас жандармен бірігіп, осы бірлес-тікті құрдық. Үкіметтен айлық та төленбейді. Өзіміз демеуші тауып, өнімдерімізді тұтынушыға ұсынып, жұмысымызды жалғастырып жатырмыз.

Бүгінде, жасыратыны жоқ, қол-аяғы балғадай жігіттердің ішінде жұмыс жоқтығын сылтауратып, әке-шешесіне салмақ салып отырғандары қаншама. Нарық талаптары өз тәртібін алға тартады. Жұмыс істейсің бе, әлде жоқ па – әркімнің өз еркі. Бірақ, енді бір нәрсе анық. Үкімет тек зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және қамқорлыққа зәру адамдарға ғана көмектеседі.

Міне, осындай қолдауға жататын топқа енгенімен, «Мөлдір көз» бірлестігінің мүшелері мемлекеттен жәрдем сұрамай, өздері тірлігін кешуде. Тіпті, кейбір мұқтаж кісілерге тегін азық-түлік те береді. Үйлеріне де жеткізеді. Арасында жалғызбасты аналар да бар. Солардың да көңілін табуда. Жағдайы төмен отбасыларының балаларына мектепке керекті нәрселерін де ұсынады. Расын айтқанда, мұндай көмекті сау адамдар да жасай алмайды.

20160816_1158060

Сексеннен асқан Бөкенбай Шамкенов – бірлестік мүшесі, бірінші топ мүгедегі. Қырық жылдан аса уақыт білім саласында еңбек еткен.

– Жанарымды қара түнек басқанына жиырма жылдан асты, – дейді ол, – соңғы уақытта осы бірлестіктің көмегін үнемі көріп келемін. Тамақ алып тұрамын. Арамызда әр ұлттың өкілдері бар. Көзіміз көрмесе де, көңіліміз сау. Мәдени орындарға кезекпен барамыз. Бұл біздің де басқалардан кем еместігімізді сезінуге септігін тигізеді. Өмір деген сынақ қой. Кейбір әйелдер мүгедек күйеулерін бағып отыр. Зағип зайыптарын бала-шағасымен тастап кеткен еркектер де бар. Міне, бірлестік соларға да көмектеседі.

Цех мамандарының айтуынша, мұнда тағамның он екі түрі дайындалады. Оларды тапсырыспен даярлап, түрлі сауда нүктелеріне таратады. Жалпы, «Дина» сауда орталығынан бір орынды пайдаланады екен. Алайда, ешқандай жеңілдік қарастырылмаған, орын ақысын жұртпен бірге төлейді.

Оның үстіне, цех алдағы уақытта өнімдерін көбейтуді көздейді. Тағам түрлерін де арттырмақ ойы бар. Демек, қосымша жабдық алғысы келеді. Бірақ, соған қаржы қайда? Отырған орындары да құстың ұясындай. Кеңірек кеңсеге көшуге тағы да қаражат қажет.

Рас, «Мөлдір көз» бірлестігіне демеушілік көмек көрсетіп жүрген азаматтар да жоқ емес. Оларға, әрине, мың рахмет. Әйтсе де, әлі қамқорлық қажет екендігін айтқымыз келеді.

Нұрислам Ғұмар

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз