Баннер 9 мая от газеты Атырау

Коронавирус дертіне қарамастан жемқорлықпен күрес те тоқтамайды

whatsapp image 2020 04 22 at 21.34.29 Жаңалықтар

Аtr.kz/22 сәуір, 2020 жыл. Бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен Атырау қаласы және аудандар әкімдерінің қатысуымен жемқорлықпен күреске қатысты селекторлық жиналыс өтті.  

Жиында мемлекеттік орган басшыларының бағынысты қызметшілері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін басшылардың отставкасы және жауапкершілігі институтын іске асыру мәселесі қаралды.  

Облыс әкімі елімізде төтенше жағдай енгізіліп, коронавирус індетімен күрес жүріп жатқанына қарамастан сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі бір сәт те тоқтамайтынын атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлық – экономика және қоғамның әр саласына тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Мемлекет басшысы жемқорлық ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін атап, оны жоюда бір адамдай жұмылуға шақырды» — деді облыс басшысы.      

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы департаменті басшысының міндетін атқарушы – Қанат Қожахметов баяндама жасады. 

«Мәселен, жыл басынан бері облыс бойынша 40-тан астам сыбайлас жемқорлық қылмыс анықталды, соның ішінде пара алу, бюджет қаражатын жымқыру, өкілеттігін теріс пайдалану. 15 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі денсаулық сақтау және мемлекеттік сатып алу салаларында байқалады»,-деді ол.

Сонымен қатар Қанат Қожахметов Төтенше жағдай режиміне қарамастан облыстық департамент қызметкерлері Antikor.Live. жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы контентті онлайн форматта таратып жатқанына тоқталды.   

Ол сондай-ақ өткен жылдың қараша айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген бірқатар түзетулерді атап өтті. Қол астындағылар арасында сыбайлас жемқорлық үшін әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және саяси қызметшілердің орнынан түсу тетігі жұмыс істейтінін айтты. 

Жиынды қорытындылған облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамға таралу жолдарын кесу, оның өршуіне жол бермеу үшін күресуіміз қажет»,-деді.

«Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз