Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай облыстық форум өтті

WhatsApp Image 2018 12 07 at 15.06.24 Жаңалықтар

Атырауда xалықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай облыстық форум өтті, деп xабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

WhatsApp Image 2018-12-07 at 15.06.24

Іс-шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті жылма-жыл ұйымдастырып келеді. Аталған форумға барлық мемлекеттік орган басшылары, қала және аудан әкімдер, саяси партиялар мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сала қызметкерлеріне тілегін білдірді.

-Елбасының Қазақстанның бәсекеге қабілетті болуы туралы тапсырмаларында кез-келген мемлекеттік қызметкерге заңда көрсетілген талаптарды іс жүзінде жүзеге асыру міндеттелген. Жемқорлыққа қарсы күрес шаралары тек агенттікпен шектелмеуі қажет. Әрбір мемлекеттік қызметкер өз лауазымына тағайындалған күннен бастап өз ұстанымдарына берік болуы керек. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, агенттік қызметкерлері де қабылдаған шешімдеріне әділ, лауазымдық міндеті мен азаматтық ұстанымына адал болғаны ләзім, – деді Нұрлан Ноғаев.

Шара барысында өңір басшысы xалық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып жүрген үздік журналистік жұмыстар байқауының жеңімпаздарын «Үздік арнайы сюжет», «Үздік шеф редактор», «Үздік журналист» номинациялары бойынша марапаттады.

WhatsApp Image 2018-12-07 at 15.06.23

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Тоқтамыс Жұмағұловтың мәлімдеуінше, облыста жыл басынан 1500-ден аса алдын-алу шаралары өткізілген.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру маңызды рөл атқарады. Облыста азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жемқорлыққа қарсы мәдениетін және қылмыстың алдын-алу деңгейін көтеруге бағытталған жобалар жалғасын таба бермек, – деді Тоқтамыс Жұмағұлов.

Баяндамадан кейін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарына өзіндік үлесін қосқан ҮЕҰ өкілдері Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының алғыс xаттарымен марапатталды. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз