ЭССЕ: Батыр рухымен сырласу

Айбын Жаңалықтар Тұлға

Atr.kz/15 мамыр, 2020 жыл. Қазақстанның мөлдір аспанында бір сурет жарқырай көрініп, әлем эфирінде бір есім дүние жүзі халықтарының жүректерін дір еткізе, бастарын игізіп, табындыруда. Бұл кім? Соншама жұмбақ есім бе?

Иә, жұмбақ есім. Жұмбақ есім болатын себебі, бір кездері ондаған жылдар бойына бұл адам туралы ешбір баспасөз, ешбір эфир үн қатқан жоқ. Мүлде ұмыт болған. Фашистік Германиямен қантөгіс жылдар туралы әңгіме болса, не Жеңістің мерейлі онжылдықтарында аталса, бір аталады, аталмаса о да жоқ. Өйткені, жылдардың толассыз соққан дауылы әкеп іргеге үйіп тастаған құмнан көрінбейтіні сияқты, Жеңіс ғимаратының іргетасының тасасындағыдай сана шаңының астында қалып қойған.

Ой, аруағыңнан айналайын, апатайым, Хиуаз апа, қанша ерлік жасасаң да, жалғанға жар салып, мақтанның құлы болмай, замандастарыңа – тірі майдандастарыңа өзіңіздің биік ерлік даңқыңды шығару деген ойыңызға кіріп шықпай, Алланың жазмышы осылай деп, соны ғана мүсе тұтып жүре берген таптаза, мөлдір жүрегіңізден а й н а л д ы м ! Қ а з а қ қыздарының ибалылығы, ерлерден аса алмай үнемі бет моншақтары үзіліп жүретін биязылық жаныңызда берік орныққандығы Сіздің құдіреттілігіңіз екенін білсеңіз етті!

Сіз майданда басқа орыс қыздарымен Отан алдындағы міндетті борышымды өтедім деп қана тынышталып, «мен майдангермін», «мен қазақтың тұңғыш ұшқыш қызымын» деп ешқашан кеудеңізді қақпадыңыз. Бұл Отан алдындағы борыш деп жүрегіңізде сақталды да, Сіз «мен сөйткенмін» деп ешкімге міндет арқалатқан жоқсыз. Соғыс бітіп, бейбіт еңбекке араластыңыз, адал жүректі коммунист болдыңыз, елдің басқару органдарында белсене қызмет атқардыңыз. Осындай ортада жүріп, өзіңіздің ерліктеріңіз жөнінде біреуге бірдеңе айтуды ар санадыңыз.

Сіз үкімет жұмысын мінсіз атқардыңыз, майданда қандай ерлік көрсетсеңіз, партиялық жұмыста да сондай ерлік көрсеттіңіз. Иіліпбүгілу, жағымпаздық Сізге жат еді. Сіз үкімет жұмысын мүлтіксіз атқарумен қатар, өзгеден де сондай жұмыс талап еттіңіз. Сіз іске салғырт қарауды, жалқаулықты, ж а ғ ы м п а з д ы қ т ы , салбөкселікті, жершілдікті, р у ш ы л д ы қ т ы ж а н жүрегіңізбен жек көріп, партиялық принципті биік сақтадыңыз.

Сіздің өткірлігіңіз, ешкімнен тайсалмай, кім болса да, кемшілігін бетке айтып тастайтын батылдығыңыз, айтқанынан қайтпайтын қайсарлығыңыз, алдыңызға қойған міндетті қалайда орындауға тырысатын табандылығыңыз, талай үлкен жиналыстарда ешкімнен ығыспастан жұмыстағы келеңсіздіктерді баттита жария айта білетіндігіңіз – Сізге табиғат берген мінез еді. Сол мінезіңіз Сізді адалдық шыңына шығарды, сол мінез Сізді мәңгілік Адам етті.

Сол мінез Сізді халықтың сүйіспеншілігіне бөледі. Бірақ, қаншама халық құрметіне, ел сүйіспеншілігіне бөленсеңіз де, кейбір кереғар, адам іспеттілер мен пендесымақтардың ризашылығынан «жүлде» ала алмағандықтан да, дәл отыз жеті жасыңызда, қайратжігеріңіз «елім», «халқым» деп тасқындап тұрған шағыңызда мүгедектікке байланысты зейнеткерлікке шығып кеттіңіз. Себебі, Коммунистік партияның ұраны ш ы н д ы қ , т а з а л ы қ , принциптілік, іскерлік деп тұрса да, бұл тек жалған ұран екенін Сіз жақсы түсіндіңіз. Бұл ұрандатқан сөздерде адалдық пен әділеттілік жоқ екенін білдіңіз.

Мұндай жалған дүниеден бойыңызды аулақ салуды мақсат тұттыңыз. Жалғандықтың туын ұстағандар Сіздің мөлдір бұлақтай тазалығыңызды қаламады. Ал, мөлдір бұлақ лай-батпақты көлге емес, мөлдір теңізге ғана құюы керектігін қаладыңыз. Аруағыңнан айналайын, апатай! Сіздің ерлігіңіз хақында Сағынғали Сейітов, Қанапия Ахметов, Әбу Сәрсенбаев, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов және тағы басқалар секілді іңкәр дүниеден жаралғандар өзіңізді пір тұтты. Ұлылық пен тазалықты, ақтық пен пәктікті тек қана өздері де ақ та пәк адамдар тани біледі.

Сіз осы кісілер арқылы халық махаббатына бөлендіңіз. Әттең, бұлардың бәрі Сізді тастап, бақиға аттанып кетті-ау! Бірақ, олар Сізді жырларында тербетті, жүректерінде тербетті. Сіздің дүрілдеген сол кездегі даңқыңыз солармен бірге кетті-ау, шіркін! Иә, содан соң, еліміз егемендігін алып, «адам басына бір Алла» болып өздері мен өздері, өз пұшақтарын өздері илеп, ақын-жазушылар өздерінің кітаптарын өздері көшеде тұрып сатуға шыққан тұста Сіз де ұмытыла бердіңіз.

Пай-пай, жалған дүние-ай! Сол замандарда Сіз туралы тарихтың жабылып бара жатқан шағында, өткір пышақ қап түбінде жата ма, тарихтың төрінде, Жеңіс төрінде алтын тақтың үстінде жарқырап отырғаныңызды бүкіл қазақ халқы ұмытқан жоқ. Сіз халықтың жүрегінде жатқан өзіңізге деген ғажайып құрмет төрінде болғаныңызды білмедіңіз. Екі мыңыншы ғасыр тоғысында халық осы өтіп бара жатқан жиырмасыншы ғасырда кімнің атын атай аламыз дегенде, Сіз ең алғаш аталғандардың бірі болғансыз.

Міне, сол кезде Сізге маңдайыңызға түскен күн шуағы халық жүрегінің шуағы, халық махаббатының шуағы болып көзіңізді ұялтты. Сол шақта Сіз: «Иә, мен қарапайым майдангерлердің бірімін» деумен ғана болдыңыз. Майдандағы алған ордендеріңізді мыңдаған әжім басқан, аздап діріл қаққан қолыңызбен көрсеттіңіз. «Мұнда не тұр, майданда мұндай ордендерді кім алған жоқ» – деп немкетті жауап бердіңіз.

Жоқ, апа, Сіз Советтер Одағын, Планетаны, қазақстандық әрбір көзі мөлдіреген сәбиді, әрбір қаракөз өз бауырларыңызды, әрбір өзіңіздің әкешешеңіздей ата-аналарды, гүлді, болашақ жастардың махаббатын, туған жердің әрбір сүйемін, туған даланың бұтасы мен бұйырғыны өскен төбесін, өзіңіз шомылып өскен Ақ Жайығыңыздың кәусар суының әр тамшысын, әлі дүниеге келіп үлгермеген сәбилердің ғұмырын қорғадыңыз! Сіз бүкіл әлем таңғалғандай, бір континентті қайта жасағаныңызды білесіз бе? Сіз мұны өзіңіздің қарапайымдылығыңызбен еш мойындағыңыз да, сенгіңіз де келмейді. Сіз неткен ғажайып кіршіксіз дүниеден жаралған адамсыз!

Мейлі, Сіз өзіңіздің ұ л ы л ы ғ ы ң ы з д ы сезінбесеңіз – сезінбеңіз. О л ұ л ы л ы қ т ы т у ғ а н халқың, қазағың өздерінің жүректерінің қанымен қазақ даласының әр жазығы мен тауына, жұлдыздар шоғырымен аспанына жазып қойды. Ол шежірені ешбір күш өшіре алмайды. Бұл Сіздің «Халқым үшін» және «Под командованием Расковой» деген еңбектеріңізді, 1963 жылы 41 жасыңызда жазған естелігіңізді жариялаған, Астана қаласында 2016 жылы Тұрсын Қалимованың құрастыруымен басылып шыққан «Хиуаз» атты кітапты жүрегімізбен аялап, дүрсілдете соқтырып отырып оқыдық.

Қолжазбаларыңыз бұрын басылған да шығар. Бірақ, оны айтқымыз келмейді. Осынау «Хиуаз» атты кітапта Сіз туралы көп нәрсе жазылған. Сіздің әлгі аталған естелік еңбегіңізбен қатар, бұл кітапта Сіз туралы көптеген мағлұматтар жетерлік. Айналайын Ақ апа, өз қолыңызбен сиямен жазған қолтаңбаңыз қандай еді. Сіз жазған әрбір әріпті әспеттеп оқыдық. Бұл әріптерді қандай жүрек жазған деп, Сіздің кітаптағы мөлдір жастық кезіңіз бейнеленген суретіңізді көріп отырып оқығанда, көзімізден осы кітап бетіне тамған мөлдір жастың табын көрсеңіз-ау, шіркін!

Сіздің әке-шешеңіздің, бауырларыңыздың, сүйген жарыңыздың, ұлыңыз Ерболаттың суреттеріне қызыға қарадық. Бұл кітаптан өз қолыңызбен толтырған жеке ісқағазыңыз, өз қолыңызбен жазған өмірбаяныңыз, Әбу Сәрсенбаевтың құттықтау хаты, әртүрлі басқа да құттықтаулардың көшірмесі, ең бастысы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолыңызды қысып тұрып ұсынған «Халық қаһарманы» атағының алтын медалі мен құжаты, Елбасының өзіңізге арналған құттықтауы, биік атағыңыз осы кітаптың сәнін келтіріп, айшығын аша түскен.

Сонымен қатар, бұл кітапта Атырау облысы мұражайының директоры аяулы Нариман Үлкенбайұлының тапсырмасымен барып амандығыңызды білген мұражай қызметкерлерінің Сізбен түскен суреттері мен олардың Сіз туралы жазған жүрекжарды мақалалары да орналасқан. Бұл кітапта өзіңіздің «Хиуаз» деген атыңыз жазылған «Эйр Астана» әуе компаниясының «Атырау-Мәскеу» бағытында ұшатын «Embzaz -190» ұшағының суреті жарқырап көрінеді. Бұл реактивті ұшақтың ұшқышы, өзіңіздің қаракөз сіңлілеріңіздің бірі – Тоты Әмірованың да суреті бар.

Хиуаз апа! 2010 жылы өзіңіздің туған жеріңіздің астанасы – Атырау қаласында Сіздің әдемі ескерткіш бейнеңіз қойылды. Сізге деген халық махаббаты шексіз, Хиуаз апа! Сіз Исатай-Махамбеттің тұлпарларының тұяғынан ұ ш қ а н т о п ы р а қ т а н жаратылғансыз. Сіздің қаныңызда да, жаныңызда да исатайлық, махамбеттік жігер-қайрат бар екендігін ерлігіңіз көрсетті. Енді С і з е л і м і з д і ң е р л і к символдарының біріне айналдыңыз.

Қазір Сіздің атыңыз аталса, Қазақ аспаны дүбірлей жөнеледі. Зиялы қауым өкілдерінің қолдауымен өзіңіздің туған өлкеңіз – Атырау әуежайына Сіздің атыңыз беріліп, әуежайдың үлкен алаңында өзіңіздің қоладан құйған, түрегеліп тұрған бейнеңіз орнатылды. Осы сәулетті алаңға қарай бергіміз келеді. Өйткені, сізді тіріліп келгендей сезінеміз.

Қадыр ЖҮСІП,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған