1579159068

КАРАНТИН: Оқу жылы қалай қорытындыланады?

Білім Жаңалықтар

Atr.kz/15 мамыр, 2020 жыл. Төртінші тоқсан өз уақытында аяқталатын болады. Бұл туралы мектеп оқушыларының IV тоқсанда қашықтан оқу жүйесіне арналған баспасөз мәжілісінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтқан болатын. Министрдің сөзінше, соңғы тоқсан 25 мамырда аяқталады.

«Ешқандай мәселе туындамаса, 4 тоқсан өз уақытында аяқталады. Жылдағы дәстүр бойынша 25 мамырда төртінші тоқсан бітеді. Біз көктемгі демалыс уақытын создық, бұрын оқушылар екі апта демалса, биыл тағы бір апта қосылды. Мұндай жағдайлар болып тұрады. Мұғалімдер кейбір сабақтарды біріктіріп оқытады. Оған мүмкіндіктер бар. Қазір біз бейне-сабақтарды да осындай тәсілмен дайындадық. Сол себепті бағдарламаның бәрі қамтылады» деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, ол қашықтан оқыту жүйесінде кемшіліктер болуы мүмкін екендігін айтып, ата-аналарды түсіністікпен қарауға шақырды.

«Мектеп оқушылары қашықтан оқу форматына көшті. «Көш жүре түзеледі» дейді. Сол себепті ата-аналардың қолдауын сұраймын. Бұл жаңа нәрсе болғандықтан, ұстаздарымыз үшін де, балалар үшін де, ата-аналар үшін де оның өзіндік қиындығы бар. Сіздердің, ұстаздарымыздың көмегі арқылы қиын кезеңнен абыроймен шыға аламыз», – деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Білім және ғылым министрі қашықтан оқыту төрт бағыт бойынша жүзеге асырылатынын айтқан болатын. Бірінші бағыты – теледидар арқылы тиісті сабақтарды беру, екіншісі – радио арқылы өткізу. Ал, үшінші – пошта арқылы болған болса, төртінші бағыт – интернет жүйесі арқылы іске асырылуда. Министрдің сөзінше, қысқа уақыт ішінде бірнеше интернет платформалары дайындалған.

Қалыптасқан жағдайға байланысты 2019-2020 оқу жылында жалпы білім беретін мектеп оқушылары емтиханнан босатылмақ. Мектеп оқушыларының бөлімді жинақтап бағалау, тоқсандық жинақтап бағалау кезінде алған бағалары емтиханға есептелетін болады. Бұл туралы да еліміздің Бас педагогы қадап айтты.

-ҰБТ-дағы өзгерістер – ҰБТ мерзімі, өздеріңіз білесіздер, маусым айының соңында. Сондықтан бүгінгі күні оны әрі қарай ауыстыру туралы мәселе жоқ. Әзірге ешқандай өзгеріс жоқ. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты нақты шешім қабылдаймыз, – деді Аймағамбетов онлайн брифингте.

Министр қазір оқушыларға ҰБТ бойынша сынама тестерін ақысыз тапсыруға мүмкіндік берілгенін атап өтті. Ал, 11 сыныптың төртінші тоқсанда өтетін материалдары бойынша сұрақтар биылғы ҰБТ сұрақтарына енгізілмейді. Тестердің жетпіс нұсқасы ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының сайтында жарияланған. Карантин жағдайында қашықтан оқыту «Ел арна», «Балапан» телеарналары, «Qazaq radiosy», интернет ресурстар мен пошта арқылы жүргізілуде.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

*Айтпақшы…

Мектеп бітіру шарасы – АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА

«ҚазАқпараттың» мәліметі бойынша Қазақстан мектептерінде мектеп бітіру шарасы онлайн емес, ашық аспан астында өтеді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов онлайн брифингте мәлімдеді:

«Мектептерде аттестат табыстау шарасы 3-4 маусым күндері ашық аспан астында өтеді. Онда адам саны шектеліп, санитарлық нормалар қатаң сақталуы тиіс. 3,3 млн. оқушы және колледждер мен ЖОО-лардың 1 млн. студенті үшін оқу жылының соңына дейін қашықтан оқыту режимі сақталады».

Премьер-Министр орынбасарының айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеу жоспарлы түрде өтеді. Бұдан бөлек, жұмыс істейтін ата-аналар үшін балабақшаларда кезекшілік топтары ашылады. Бірақ, барлық санитарлық қауіпсіздік талаптары сақталуы шарт.

«Қазіргі кезде ірі сауда орталықтарына қатысты сұрақтар көптеп түсуде. Әзірше, ондай нысандар ашылмайды. Бұл мәселе әрбір аймақтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына қарай бөлек-бөлек қарастырылады. Көпшілік шараларға тыйым салынған» деп атап көрсетті Ералы Тоғжанов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған