АҚЖАЙЫҚТАҒЫ ЖАҢА ЕМХАНА

ауыл тұрғындарына есігін айқара ашты
Мемлекет саясаты қашан да әлеумет әлеуетін көтеруге бағытталып келді. Осы орайда халық саулығын арттыру мақсатында ауылдық елді мекендерде жаппай отбасылық-медициналық емханалар салына бастағаны белгілі. Кеше Махамбет ауданына қарасты Ақжайық ауылында осындай нысан есігін ашты. Медициналық орталық тұтас селолық округ халқына, ауылға жақын орналасқан шаруа қожалықтарының жұмысшыларына қызмет көрсететін болады. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін үлкен жаңалық болған медициналық нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, орталық жұмысына сәттілік тіледі.

Емхана облыс орталығынан шақыртылған жоғары санатты және мол тәжірибелі дәрігер, акушер, фельдшер, балалардың аға мейірбикесі мен мейірбикелер халыққа тегін, әрі сапалы медициналық қызмет көрсететін болады.
Ауыл халқын айтулы оқиғамен құттықтаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тұрғындар көптен күткен бұл нысанның әлеуметтік маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. «Мені облыс әкімдігі қызметіне тағайындаған алғашқы кезде осы ауылға келіп сіздерге жаңа емхана тұрғызуды, мәдениет үйімен қуантуды, автомобиль және селоішілік жолдар салуды, су құбырлары жүйесін жүргізуді уәде еткен едім. Бұл жұмыстар бүгінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Автомобиль жолдарының қажеттілігі жөнінде біраз уақыттан бері мәселе көтеріп те келемін. Бүгінде Ақжайық ауылына дейінгі автожолдың 30 шақырымы жөнделді. Жарсуат селосына дейінгі жол жөндеу жұмысына дайындық кезеңі аяқталды» деген өңір басшысы тұрғындарға басты жаңалықты хабарлады. Яғни, үстіміздегі жылы Индерге дейінгі автомобиль жолының құрылысы толықтай аяқталатын болады. Ел үшін ортақ игілік болып табылатын шара барысында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жаңа медициналық нысанға «УАЗ» автокөлігінің кілтін салтанатты жағдайда табыс ете отырып, емхана мамандарына халыққа сапалы қызмет көрсетуді жүктеді.
Ақжайық ауылының отбасылық-медициналық емхананың бас дәрігері Асылбай Сертаевтың айтуынша, шағын орталық күніге 20 емделушіге дейін қабылдайды деп күтілуде. «Округте екі мың жарымға жуық адам тұрады. Мұның сыртында біз жергілікті халықтан бөлек, «Дастан», «Арай» шаруа қожалықтарының еңбеккерлері мен ауылға жақын орналасқан кен орындарының мұнайшыларына да медициналық қызмет көрсететін боламыз. Бұған дейін елдімекенде ескі емхана жұмыс істеп келген еді. Енді жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл мекемеде сапалы қызмет атқару үшін жағдай бар» дейді ол.
Махамбет ауданына сапары барысында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сондай-ақ, бүгінгі таңда Ақжайық ауылында құрылысы жүріп жатқан екі үйдің басында болды. Бұл үйлерде көп ұзамай ауылға арнайы шақыртылған жаңа емдеу мекемесінің бас дәрігері мен болашақта есігін ашатын мәдениет үйінің басшысы тұратын болады. Ауылда қызмет қылуға тартылған мамандарға жан-жақты жағдай жасау бағытында салынып жатқан тұрғын жайлардың жалпы көлемі 200 шаршы метрді құрайды. Білгеніміздей, баспаналар құрылысына жергілікті бюджет 13 миллион теңгеден бөлген.
Әлеумет әлеуеті үшін қажет жаңа медициналық, білім, мәдениет ошақтарын тұрғызудың жыл санап маңыздылығы артып келеді. Өйткені, бүгінде инженерлік инфрақұрылымдар мәселелері шешілген, былайша айтқанда даму динамикасы жоғары ауылдарға жақын орналасқан елді мекендерді топтастыру мәселесі өткір тұр. Осылайша, болашағы жоқ ауылдардан арылып, халықты мейілінше бір жерге орталықтандыру – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық деңгейдегі атқарушы органдарға міндеттеп отырған негізгі тапсырмаларының бірі. Осы орайда Ақжайық ауылында нақты жұмыстар барын атап өткіміз келеді. Аталмыш селолық округтің әкімі Сайлау Жұмағалиевтің айтуынша, ауыл өркениетін көтеруге бағытталған жұмыстар бір мұнымен бітпейді. «Ауылымыздағы мәдениет үйінің құрылысы жаз соңына дейін толық аяқталатын болады. Бұдан басқа, денешынықтыру сауықтыру кешенін тұрғызу, спорт алаңдарын салу жоспарлануда. Халық табиғи газбен толық қамтылып отыр. Алға қарай, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында тұрғындарды таза ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету жоспарлануда» деген сөздерінен ауылдың өркениет көшіне мықтап бет бұрғанын аңғардық.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Майя ЖҰМАХАНОВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз